Сауаттылықты арттыру – заман талабы
«Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына», –деп Жүсіпбек Аймауытов жазғандай, жерін, елін сүйген әрбір азаматтың өз тіліне деген мақтаныш сезімі болуы керек. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл».
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл Агенттігінің облыс бойынша департаментінің қызметкерлерінен құралған топ мемлекеттік тілді меңгеру бойынша оқу курсынан өтті. Оқу курсы барысында фразеологиялық сөз орамдары мен аңыз адамдардың өсиеттері, мақал-мәтелдер көрініс тапты. Жазу сауаттылығын арттыру мақсатында қызметкерлерден диктант алу жүзеге асты.
Айталық, мемлекеттік тілді іске асыру саясатының 2024 жылға арналған жоспарына сәйкес, «Қазақ халқы тілдері күні және Ұлт ұстазы, тіл білімінің атасы, Алаш қайраткері А. Байтұрсынұлының туған күнін атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспарын» әзірлеп, іс-шаралар апталығы өтті. «Ұшқыр ой» атты тілдер мерекесіне арналған сұрақтар мен ойындар сабағы ұйымдастырылды.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі болып табылады. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының ана тілі, шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты, көркем, рухани бай, Абай әрлеген, Жамбыл жырлаған, Мәңгілік елдің мәңгілік тілі!
Индира ТҰРЛЫҒҰЛ,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Жамбыл облысы бойынша департаментінің аударма редакторы.