Буллингке қарсы жобалар талқыланды
Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында облыстық ведомствоаралық өзара іс-қимылға бағытталған буллингке қарсы форум өтті. Білім беру мекемелерінің өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшылары, ұстаздар мен ата-аналар қатысқан жиын «Кел, дос болайық!» акциясы шеңберінде ұйымдастырылды.
Жиынды Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил ашып, өзекті мәселеге өткір ұсыныс айтуға шақырды. Іс-шарада облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Әзімбай буллингтің бүгінгі қатеріне тоқталса, облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Бақыт Жақсылықова әр баланың тағдыры – ел тағдыры екеніне басымдық берді. Сонымен қатар, Тараз қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Нұрлыбек Абдешов, Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова бұзықшылықтың алдын алу және тәртіп мәселесіне ерекше мән берді. Ал, шаһардағы ата-аналар комитетінің төрайымы Ғалия Рысбаева ата-аналардың жұмысбастылығына, мектеппен байланысы аздығына алаңдаушылық білдірді.
Форум барысында қоғамның өзекті мәселесі – буллингке қарсы тұру бойынша атқарылатын және ұсынылатын жұмыстар мен жобалар талқыланып, іс-шара өзара түсіністік пен қолдаудың, бірлік пен мейірімділіктің алаңына айналды.
Бүгінгі таңда осы бағытта атқарылған маңызды шаралардың бірі – Тараз қаласы білім бөлімінің республикалық «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюы болып отыр.
Іс-шара барысында Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының оқушылары Балжан Асхатқызы мен Анар Жұмахан өздері ойлап тапқан буллингке қарсы «Қалқан» жобасына таныстырылым жасап, көпшіліктің қолдауына ие болды. Оқушылық өзін-өзі басқару ұйымдары атынан қалалық «ЖасҰлан» ұйымының Ұланбасы бір тараптан, білім бөлімінің басшысы екінші тараптан буллингке қарсы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Д.Карбышев атындағы №16 орта мектеп оқушысы Дина Маербек «Ең жақын досым» арнайы челленджін бастап, қатарластарына жолдады. Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия Ұланбасы Абдуан Елнұр қала мектептеріне буллингке қарсы бірлесе әрекет ету Үндеуін жариялады.
Форум соңында акция шеңберінде өткізілген «Ең үздік тәрбие сағаты», «Ең үздік идея», «Достық туралы үздік фотосуреттер, бейнероликтер», «Біз буллингке қарсымыз!» үздік жобалар байқауының жеңімпаздары мен жетекші ұстаздары арнайы дипломдармен марапатталды.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы