Аймақ

Аймақта жоғары экономикалық өсім қалыптасып отыр

Жыл санап облыстың экономикалық көрсеткіші жақсарып келеді. Оған облысқа тартылып жатқан инвестициялық жобалардың да қосып отырған үлесі зор. Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың өңір экономикасына тигізіп жатқан тиімді тұстары да жетерлік. Жуырда Астана қаласында Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің экономикалық көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталған болатын.

Аймақ басшысының айтуынша, жыл басынан бері қысқамерзімді экономикалық өсім 104,5 пайыз деңгейінде қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 0,8, құрылыс жұмыстары – 22,6, тұрғын үй – 3,5, сауда – 2,5, көлік – 13,6, байланыс – 8,8 пайызға артқан.

Президентіміз Жолдауында назар аударған химия және құрылыс индустриясында да даму қарқыны байқалады. Мәселен, аймақ басшысының айтуынша, облыста Қазақстанның жалпы химия саласы өнімінің шамамен 24 пайызы өндіріледі. Химия кәсіпорындары республика бойынша 100 пайыз фосфор, 81 пайыз минералды тыңайтқыштар шығарады. Жалпы, аймақта 13 миллиард тонна қоры бар 48 фосфорит кен орны шоғырланған. Жыл басынан бері бұл салада 212 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Ал, экспортқа шығарылған өнім облыстағы экспорт көлемінің 77 пайызын құрап отыр.

Өңірдегі келесі перспективалық даму бағыты–құрылыс индустриясына тиесілі. Мұндағы өнім көлемі 48 миллиард теңгеге жетті. Облыстағы кәсіпорындар республика бойынша 87 пайыз гипс және 13 пайыз портландцемент өндіреді. Сондай-ақ, өңірде қуаты 50 миллион тоннадан асатын «Үлкен-Бұрылтау» гипсінің ірі кен орны бар. Онда жылдық қуаты 1,5 миллион тоннаны құрайтын «KORCEM» клинкер өндіру зауытын іске қосып, алдағы жылы жалпы цемент көлемін 3 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін зауыт жобасы қолға алынбақ.

Өңір экономикасын арттыруға бағытталған жобалар осымен тоқтап қалмайды. Басқа салаларда да жүзеге асырылып жатқан жобалар көп. Бастысы – барлығы да облыс экономикасын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болуда.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ