Экологиялық ахуалды жақсарту – басты талап

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында еліміздің экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда өңірлерде қалдықтарды басқару бағдарламалары толық бекітілмеген. Жалпы, ел бойынша 11 қала мен ауданның тек 3-еуінде ғана бағдарлама қолға алынған. Ал, Жамбыл облысында Тараз қаласы мен өңірге қарасты 7 ауданға басқару бағдарламасын әзірлеу үшін қаражат қаралуда. Сондай-ақ, осы жылдың бірінші жартыжылдығында облысымызда пайда болған қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі 31,3 мың тоннаны құраса, оның 6,4 мың тоннасы қайта өңделген. Ол бар болғаны жиналған қалдықтардың 20 пайызын ғана құрайды. Жалпы, өңірде экологиялық және санитарлық талаптар мен нормаларға сәйкес келетін 159 қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін нысан бар.
Сондай-ақ, министрдің орынбасары облыс тұрғындарын алаңдатып отырған бірқатар мәселелерге де тоқталып, табиғаттың ластануының негізгі көздері өнеркәсіптік шығарындылар екенін айтты. «Өңірде қауіптіліктің 1 санатына жататын 44 оператор жұмыс істейді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кешенді экологиялық рұқсат шеңберінде 1-ші санаттағы ірі кәсіпорындар ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуге міндетті болады. Біздің климаттық және экономикалық жағдайларымызға бейімделген мұндай тәсілдер қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға және әлемдік экологиялық стандарттарға жақындауға мүмкіндік береді. Өңірде «Қазфосфат» ЖШС белгіленген мерзімде ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуге тиіс», – деп атап өтті.
Баспасөз мәслихаты соңында Мансұр Тұрсынұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ