Жаңалықтар

Шалғай ауылдан жаңа мектеп пайдалануға берілді

The final spritzer

Ертеңін ойлаған ел жасөспірімдердің сапалы білім, саналы тәрбие алғанына баса көңіл бөледі. Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы да, егемен еліміздің өркениет биігіне жетуі де білімді, тәрбиелі жастармен жүзеге асатыны ақиқат. Халқымыз үшін қасиетті мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында Мойынқұм ауданындағы Мыңарал ауылында 120 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Жобалық құны 1 736 930 мың теңгені құраған бұл мектептің құрылысы өткен жылдың қараша айында басталған. Құрылыс жұмыстарын «Quality Desingn Technology Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Облыстың ең шалғай ауылынан бой көтерген жаңа мектептің ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтаған аудан әкімі Ермек Карентаев бұл қуаныш облысымыздың 85 жылдық мерейтойының аясында іске асып отырғанын айтты.

Ұстаздар мен оқушыларына есігін ашқан жаңа білім нысанының қуанышына орай Мыңарал ауылының ардагер ұстазы Мамыр Бейсембаев бата беріп, аудан әкімі Ермек Карентаевпен бірге ғимараттың лентасын қиды. Жаңадан тұрғызылған мектептің кілті аталған мектеп директоры Төлеукүл Карибаеваға табыс етілді. Жақсы жаңалыққа жиналғандар мектептің ішін аралап, оның заманауи инфрақұрылымымен танысты.

Ауыл тұрғындарының жүрекжарды лебізін қоғамдық кеңес төрағасы Ерлан Байжомартов жеткізді. Балалардың алаңсыз оқып, мәдени, спорттық іс-шараларға қатысып, ізгі істермен шұғылданып өсуіне барлық жағдай жасалған, заманауи үлгіде жабдықталған мектептен үлгілі тұлғалардың түлеп шығарына сенеміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Мойынқұм ауданы