Әдебиет

Тек жапондық емес, жаһандық сипаттағы Мураками феномені

Харуки Мураками феномені – бұл тек жазушының әдеби шығармашылығымен ғана емес, оның әлемдік мәдениетке, оқырмандар санасына және қазіргі заманғы әдебиеттің дамуына ықпалымен байланысты ерекше құбылыс. Ол өзіне тән жазу стилімен және шығармаларының мазмұнымен миллиондаған оқырмандарды баурап, әдебиет әлемінде бірегей тұлғаға айналды.

Ол ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы әлем әдебиетінің ең танымал жазушыларының бірі. Жапондық жазушы өзінің ерекше стилімен, философиялық терең ойларымен және күрделі сюжеттерімен танымал. Оның шығармалары әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған оқырмандардың жүрегін жаулап алды.

Мураками 1949 жылы Жапонияның Киото қаласында дүниеге келген. Ол Кобе қаласында өсті және оның батыстық әдебиетке деген қызығушылығы ерте жастан байқалды. Жазушы Токио университетінде оқыған кезде музыка мен әдебиетке ерекше мән берген. Ол өзінің әйелімен бірге Токио қаласында джаз клубын ашып, бірнеше жыл бойы оны басқарып, музыка әлемінде де тәжірибе жинақтаған. Мураками әдебиет әлеміне кеш қадам басты. Оның алғашқы романы «Желдің ысқырығы» (1979) оны Жапониядағы әдеби ортада бірден танымал етті. Бірақ ол әлемдік деңгейдегі атаққа 1987 жылы шыққан «Норвег орманы» романы арқылы жетті.

Мураками шығармашылығында келесі негізгі ерекшеліктерді атап өтуге болады. Ең алдымен жалғыздық пен өзін-өзі іздеу тақырыбы. Оның кейіпкерлері қоғамнан жиі оқшауланған, өздерін және әлемдегі орындарын табуға тырысады. Метафизикалық элементтер: Мураками романдары шынайы өмір мен қиял арасындағы шекараны бұзып, оқырманды терең философиялық ойларға жетелейді. Музыка мен әдебиетке сілтемелер: жазушының шығармаларында джаз, классикалық музыка және батыстық әдебиетке сілтемелер жиі кездеседі. Символизм: метафоралар мен символдар оның шығармаларында ерекше рөл атқарады, бұл оның стилін одан әрі күрделендіре түседі.

Харуки Мураками тек жапон әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінде де ерекше құбылыс. Оның шығармалары 50-ден астам тілге аударылған, ал оның оқырмандары алуан мәдениет пен түрлі жастағы адамдарды қамтиды. Жазушының заманауи әлемді қабылдау тәсілі, өмір мен өлім, махаббат пен жалғыздық туралы ойлары көптеген оқырманға жақын. Оның шығармашылығы өзінің терең философиялық мазмұнымен және кейіпкерлерінің өмірге деген ерекше көзқарасымен ерекшеленеді. Оның кітаптарында жалғыздық, жоғалту, үмітсіздік пен шынайы өмірдің күрделі қырлары басты тақырыптардың бірі ретінде көрініс табады. Бұл тұрғыда пессимизм – Мураками шығармаларындағы басты эмоционалдық реңктердің бірі. Муракамидің пессимизмі көбінесе жалғыздық пен адам болмысының оқшаулануы сынды құбылыстарда жиі байқалады. Муракамидің кейіпкерлері қоғамнан бөлектенген, түсініксіз әрі өмірдің мағынасын іздеуде үлкен қиындықтарға тап болады. Мысалы, «Норвег орманы» романындағы Торудың жалғыздығы мен сүйікті адамдарынан айырылу трагедиясы оқырманға өмірдің нәзік әрі қысқалылығын көрсетеді. «Кафка теңіз жағасында» романындағы Кафка Тамура мен Накада сияқты кейіпкерлер өздерін жалғыз сезініп, шынайы байланысқа қол жеткізе алмайды. Мураками кейіпкерлері көбінесе өмірдің мағынасын түсінуге тырысып, бос кеңістікте адасып жүргендей көрінеді. Олардың тәжірибелері шынайы өмір мен қиялдың арасындағы шекараны жояды, бұл әлемді одан әрі түсініксіз етеді. «1Q84» трилогиясында параллель әлемдерде өмір сүретін кейіпкерлер өз орындарын таба алмай, тағдыр мен өмірге қатысты сұрақтарға жауап іздейді. Кейіпкерлердің көпшілігі өткен шақтағы жарақаттармен өмір сүреді, бұл олардың қазіргі және болашақ өміріне әсер етеді.

МУРАКАМИГЕ НОБЕЛЬ НЕГЕ БЕРІЛМЕЙ КЕЛЕДІ?

Мураками – Нобель сыйлығына үміткерлердің тізімінде жиі аталып жүрсе де, әлі күнге дейін бұл беделді марапатқа ие болмаған жазушы. Бұл мәселе әдебиет әлемінде және оқырмандар арасында қызу талқыланып келеді. Оның Нобель сыйлығын алмау себептері бірнеше факторларға байланысты болуы мүмкін. Олар:

ӘДЕБИ СТИЛЬ

Мураками шығармашылығы әлемдік деңгейде үлкен танымалдылыққа ие болғанымен, оның әдеби стилі Нобель сыйлығын беретін Швед академиясының дәстүрлі талаптарына сәйкес келмеуі мүмкін. Ең алдымен, кең танымалдылық. Мураками – коммерциялық тұрғыдан сәтті жазушы. Оның кітаптары миллиондаған тиражбен таралады. Бірақ Нобель сыйлығы көбінесе танымалдықтан гөрі әдеби жаңашылдық пен тереңдікке бағытталған жазушыларға беріледі. Батыс әдебиетіне еліктеу: Кейбір сыншылар Муракамидің жазу мәнері батыстық әдебиетке тым жақын екенін және жапондық дәстүрлі стильден алшақ екенін атап өтеді. Бұл оның әдебиетінің жаһандық, бірақ «жапондық емес» сипатын сынаушыларға себеп болуы мүмкін.

НОБЕЛЬ КОМИТЕТІНІҢ САЯСАТЫ

Нобель сыйлығын беру процесі әдебиет әлемінің таза эстетикалық аспектілерімен шектелмейді, ол белгілі бір саяси және мәдени шешімдермен де байланысты.

АЙМАҚТЫҚ ӘРТҮРЛІЛІК

Нобель комитеті әдебиетте әртүрлілікті сақтау үшін әр елден жаңа жазушыларға назар аударуға тырысады. Жапондық жазушыларға бұған дейін Нобель сыйлығы екі рет берілді (Ясунари Кавабата – 1968 жылы, Кэндзабуро Оэ – 1994 жылы). Сондықтан комитет басқа елдерден жазушыларды марапаттауға басымдық беруі мүмкін. Нобель комитеті көбінесе қоғамдық-саяси мәселелерді қозғайтын, терең әлеуметтік философияны қамтитын жазушыларды таңдауға бейім. Ал Мураками шығармалары жеке тұлғаның ішкі әлеміне бағытталған және қоғамдық-саяси мәселелерді сирек қозғайды.

СЫНШЫЛАРДЫҢ ПІКІРІ

Муракамидің әдеби мұрасы туралы пікірлер екіге бөлінеді. Жақтаушылар оның ерекше стилі, адам болмысының күрделілігін жеткізе білуі, жалғыздық пен рухани ізденіс тақырыптарын терең зерттеуін алға тартса, сыншылар оның романдарының қарапайым құрылымын, қайталанатын мотивтерін және кейде «жеңіл оқылатын» сипаттамасын сынға алады. Бұл Муракамиді әдеби элита үшін жеткілікті «терең» емес деп санауға негіз бола алады.

МУРАКАМИДІҢ ӨЗІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Харуки Мураками Нобель сыйлығын алу мәселесіне сабырмен қарайды және оны өмірлік мақсат ретінде санамайды. Ол сұхбаттарында әдебиетке берілетін марапаттардың маңызын жоққа шығармайтынын, бірақ оларды өз шығармашылығының негізгі өлшемі ретінде қабылдамайтынын атап өткен. Мураками қазіргі заман әдебиетінің ең ықпалды жазушыларының бірі екені сөзсіз. Бірақ оның Нобель сыйлығын алмауы әдебиет әлеміндегі әртүрлі эстетикалық және саяси себептерге байланысты болуы мүмкін. Оның шығармаларына деген сүйіспеншілік Нобель сыйлығына тәуелді емес. Оқырмандар оны әдебиет әлеміндегі ерекше құбылыс ретінде бағалауды жалғастыруда. Нобельді алу-алмауы оның жазушылық мұрасына еш әсер етпейді.

МУРАКАМИДІҢ БҮГІНГІ ӘДЕБИ ҮДЕРІСТЕР ЖАЙЛЫ ПІКІРІ

Мураками әдебиеттің жаһандануын, жаңа технологиялардың ықпалын және оқырмандардың өзгермелі талғамын үнемі назарға алып отырады. Мәселен, оның әдебиеттің жаһандануы туралы ойы айрықша мән беруге тұрарлық. Ол қазіргі әдебиетте ұлттық ерекшеліктердің жойылып, жаһандық мәдениетке сіңісу үрдісін байқағанын айтады. Яғни, бүгінгі жаһандық оқырмандарға түсінікті болу үшін әдебиеттің көпір ретінде қызмет етуі керектігін қолдайды. Оның өзі жапондық болмысын сақтай отырып, жазушылық стилінде Батыс мәдениетінің элементтерін пайдаланады. Оның пікірінше, әдебиет ұлттық шеңберден шығып, адамдар арасындағы жалпы адамдық құндылықтарды көрсетуге тиіс. Бұл қазіргі әдеби үрдістердің негізгі бағыттарының бірі. Сонымен қатар, ол заманауи технологиялардың әдебиетке әсерін мойындайды, бірақ бұл өзгерістерге консервативті көзқараспен қарайды. Оның айтуынша, интернет пен әлеуметтік желілер әдебиетке назар аударуды төмендетуі мүмкін, себебі адамдардың уақыты мен назары қысқа мәтіндерге бөлініп жатыр. Ол баспа кітаптарын жоғары бағалап, электрондық форматтың әдебиеттің тереңдігіне әсер етуі мүмкін екенін жиі атап өтеді. Мураками үшін әдебиет – бұл оқырманды терең ойлануға мәжбүрлейтін процесс, ал қысқа форматтағы мазмұн мұны қамтамасыз ете алмайды. Тағы бір оқшау пікір, Мураками әдебиетке сәнді немесе трендке айналған бағыттарды ұстанбайды. Ол әрқашан өзінің ішкі әлеміне сенім артып, өзіне қызықты тақырыптарды зерттеуді дұрыс санайды.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ