Әдебиет

Атлах ақиқаты ашылуға таяу

Тарихын тереңнен тарқататын Тараз талайғы тағдыршешті оқиғалардың куәсі болған. Соның бірі – 751 жылы Тараз іргесіндегі Атлах шаһары маңында өткен Атлах шайқасы. Аббасидтер мен Таң империясы арасындағы бес күнге созылған осынау қиянкескі ұрыс кейіннен қарлұқтар мен түргештердің ғана емес, бүкіл Орта Азияның тағдырын айқындап берген еді. Ал, осы оқиғадан соң Тараз ел аумағындағы алғашқы Ислам дінін қабылдаған аймақ ретінде саудагерлер мен қолөнершілердің қаласы атанып, айбыны асқақтай түсті.

Ортағасырлық Атлах қаласы туралы алғашқы деректер араб тарихшысы әл-Макдисидің еңбектерінде кездеседі. Ол 985 жылы: «Атлах үлкен қала, көлемі жағынан орталық қалаға жақын, айналасы биік дуалмен қоршалған. Бау-бақшасы көп, жүзім мол өседі. Мешіті орталығында, базары – рабатта (қала шетінде) болған» деп жазады. Махмұд Қашқари болса: «Атлұқ-Отлық» мұндағы «Отлық» дегеніміз қазақ тіліндегі отты, шалғын шөпті, көгалды жер деген мағынаны білдіреді. Талас (Тираз) маңындағы бір қаланың аты» деп қысқа қайырады. Ал, кейіннен орыс тарихшысы А.Бернштам өзі ашқан археологиялық айғақтарға сүйене отырып: «Атлах қаласының орны Тараз қаласына таяу жердегі Жуантөбеде, оның үйіндісінің айналасы 280/140 метр аумақты алып жатыр» деп нақтылай түседі. Бүгінде бұл тарихи аймақ Жамбыл ауданы Бесағаш ауылының маңын алып жатыр. Міне, осы мекенде Таң империясы мен арабтар арасындағы қақтығыстың тағдыры шешілген еді.

Алдымен сол кезеңдегі саяси оқиғаларға тоқталып өтсек. 738 жылы Түркі қағанатының заңды мұрагерлері саналған түргештердің үшінші билеушісі, арабтар ерекше батырлығы үшін «Сүзеген қаған» деп атап кеткен Сұлу қаған қастандықпен өлтіріледі. Бұл қытайлар мен арабтардың осы аймақ үшін бәсекелестігін арттыра түсті. Тиісінше, Таң империясы осы тұста тағы бір түркі тайпасы – қарлұқтарға қолдау көрсету арқылы түркілерді өз ішінен ыдыратуға тырысты. Ол ісі ойдағыдай іске асты да. Шешуші шайқасқа бір жыл қалғанда-ақ, қытай әскерінің қалың қолы Жетісу-Талас жеріне дендей кіріп, түргештер орталығы Суяб (Тоқмақ) пен Шашты (Ташкент) талқандап, билеушілерін қытай астанасына аттандырады. Осылайша, басып алынған аймақтарға қарлұқ яғбуын тағайындап, өздері оның үстінен билік жүргізеді. Бұл тұста талай жыл Сұлу қағанның табанды қарсылығына тап болған арабтар өз ішіндегі тақ үшін тартысты ауыздықтап, билік басына келген аббасидтер Орта Азиядағы иеліктерін қайта қалпына келтіре бастайды. Екі империя арасындағы шешуші шайқасқа қытайлар жағынан Гау Шиянжы бастаған әскер мен қарлұқ-ферғаналық одақтастар ұзын саны 70 мыңға жуық әскер аттанады. Арабтар жағында Зияд ибн Салих бастаған хорасан, парсы армиясын негіз еткен қалың қол және ортаазиялық Соғды бірлестігіне жататын елдер әскерлері болды. Бұл өңірдегі халықтар көптен бері-ақ арабтарға бағынып, Ислам дінін қабылдаған болатын. Сонымен шешуші шайқас 751 жылы шілде айында Атлах қаласы маңында өтеді. Бес күнге созылған ұрыс жайында қытай деректерінде: «Екі жақ бес күн бойы шайқасты, қарлұқтар жаппай бет бұрып кетті де, арабтарға болысып, екі жақтап Таң армиясын қыспаққа алды. Шиянжыны ойсырата жеңді» дейді. Жеңілген қытай әскері осыдан соң Жетісу жеріне тек араға мың жыл салып, Жоңғар мемлекеті талқандалғанда ғана аяқ басқан еді...

Ал, Атлах шайқасы Орта Азия өміріне қалай әсер етті? Тарихи оқиғадан соң түркі халықтары Ислам дініне мәжбүрліксіз өтуге мүмкіндік алды. Мұны біз Исламның тек 961 жылы қараханидтер тұсында мемлекеттік дін ретінде жарияланғанынан аңғаруымызға болады. Ислам дінінің келуі еліміздің оңтүстік аймақтарындағы қалаларды дамытты. Мәселен, Тараз да осы тұста ел астанасы ретінде сауда-қолөнері дамыған, бау-бақшасы жайқалған, моншалары мен мешіт-медреселері жаңа сәулет құрылымы есебінен жаңа деңгейге көтерілген шаһар ретінде дамуының шырқау биігіне көтерілді.

Бүгінде осы тарихи аумаққа болжамды зерттеулер жүргізу үшін зерделеу жұмыстары қолға алынған. Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиевтің айтуынша, болжамды зерттеулер өз нәтижесін берсе, кешенді зерттеу жұмыстары қолға алынбақ. Біз де өз кезегімізде тарихшыдан ел тарихының маңызды бөлшегіне айналған тарихи оқиға жайы неге кешеуілдеп қолға алынып жатқанын сұрап-білдік.

Маманның айтуынша, бүгінгі күннің өзінде аталған аумақтан түрлі жебе ұштары, керамика бөліктері секілді заттай деректер табылуда. Сондай-ақ, тарихшы Атлах шайқасы ең үлкен шайқастардың бірі ретінде тарихта қалған ұрыс екендігін алға тартып, «Әлемдік ашық дереккөздер неге көбіне шайқасты қырғыз жерінде өткен деп көрсетеді?» деген сауалымызға да жауап берді.

Қалай десек те, маңызды тарихи оқиғаның бір ұшы қазақ жеріне де тиесілі. Мұны әу бастан ортағасырлық ғалымдар Атлах-Талас шайқасының Тараз маңында өткендігін тайға таңба басқандай етіп айшықтап жазып кеткен. Ендеше тарихтан заңды сыбағамызды алу бүгінгі қазақ ғылымының еншісінде. Алғадай істе отандық ғалымдарға тек жемісті жұмыстар тілейміз.

 

Нұрболат АМАНБЕК