Қоғам

Жылдамдықты бақылайтын жаңа жүйе іске қосылды

Бұл күнде темір тұлпардың түрі мен саны артқан сайын жол-көлік оқиғасы көбейе түсті. Тіпті, шетелден әкеліп, әлі мемлекеттік тіркеуге қойылмаған автокөліктердің жүйткігенін көргенде жаның түршігеді. Қала мен дала жолдарында сапырылысып жатқан көліктер мазаңды қашыратыны тағы бар. Әсіресе, «час пиктің» кезіндегі көлік кептелісі, жолға таласқан жүргізушілер, асыққан такси мен қоғамдық көліктер күнделікті көз үйренген көрініске айналды.

Десе де, дәл осындай қым-қуыт тіршіліктің салдарынан әрі қиылысы мен қалтарысы көп қара жолдағы асығыстықтан қанша адам көз жұмды десеңізші. Мәселен, биыл жыл басынан бері 22 мыңнан аса жол апаты орын алған. Ал, өткен жылы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті республика жолдарында 15 886 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 1 984 адам қайтыс болғанын мәлімдеді.

Оның ішінде, жол-көлік апатынан 2 мың адам қаза тауып, 25 мыңнан астамы түрлі дене жарақатын алған. Демек, бұл статистика еліміздің күре жолдарында күн сайын жол-көлік апаты болатынын көрсетеді. Статистиканың күрт өсуіне әдеттегідей жолдардың сапасыздығы мен жүргізушілердің ережені елең қылмайтыны себеп болатыны да жасырын еме с. Айталық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жол апатынан қаза тапқандардың тең жартысы – жылдамдықты шамадан тыс асырғандар мен мас күйінде көлік тізгіндегендер. Тасжолдағы тәртіпті бақылауға алуға арналған камера саны жыл сайын көбейіп жатқанымен, жол тәртібіне жүрдім-бардым қарап, ережені елең қылмайтын жүргізушілер көп. Жыл басынан бері масаң күйде көлік тізгіндеген 21 мыңға жуық азамат анықталып, 25 мың темір тұлпардың иесі жүргізуші куәлігінен айырылған.

Қазір құқық қорғау қызметкерлері желмен жарысатын жүргізушілерге бақылауды күшейте түсті. Жуырда Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев елді мекендерден бастап республикалық маңызы бар жолдардағы жылдамдық режимін бақылаудағы тиімді шешімнің бірі – автоматты камераларды қолдану екенін айтты. Сөзінше, бүгінде мұндай камералардың саны шамамен – 25 мың. Аталған құрылғылардың көмегімен жалпы жол ережелерін бұзушылықтың 70 пайызы анықталған екен. Бұдан бөлек, нақ осындай цифрлы технологияның көмегімен шамамен 7 миллион бұзушылық белгілі болыпты. Алайда, мұндай жүйелер негізінен қала ішінде орналастырылған. Ал, қала сыртындағы тәртіпті бақылау – патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысы. Комитет төрағасы патрульдеу полкінің көліктері жол ережелерін бұзуды тіркейтін борттық жүйелермен жабдықталғанын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазір осындай 250- ден аса патрульдік автокөлік бар. Бұған қосымша тәртіп сақшылары жасырын патрульдеу жобасын да енгізіп жатыр.

Айта кетейік, бұл – кейінгі жылдары заманауи магистралдарды жабдықтау белсенді жүріп жатқанын көрсетеді. Ішкі істер министрлігі осынау әдіс жол қауіпсіздігіне оң әсер етеді деп есептейді. Айтпақшы, бұған дейін Мәжілістегі жиындардың бірінде Көлік министрі Марат Қарабаев тасжолда орташа жылдамдықты асырған жүргізушілерге желтоқсан айының ортасынан бастап айыппұл салынатынын айтты. Оның айтуынша, қазір камералар Бас прокуратураның жүйесімен интеграцияланып жатыр. Осы айдың ортасына қарай жылдамдықты асырған жүргізушілерге жаңа айыппұл салына бастайды.

«Астана-Бурабай» трассасын мысалға келтірген министр:

Сонымен, елімізде желтоқсан айының басталуымен бірге жол қозғалысы ережелеріне жаңа өзгерістер енді. Атап айтқанда, жүргізуші куәлігінсіз мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапкершілік күшейтіліп, жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл мөлшері өсті. Қазан айында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске және жол қозғалысы ережелеріне елеулі өзгерістер енгізетін заңнамалық актілерге қол қойылғаны белгілі. Заң нормаларының кейбіреулері 4 желтоқсанда күшіне ене бастады. Сөйтіп, 4 желтоқсаннан бастап халықаралық және республикалық тасжолдарда орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салынатын жаңа ереже күшіне енді. Жаңашылдықтарға сәйкес, жолдардың түзу учаскелерінде жылдамдықты шектен тыс асырған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл мөлшері жылдамдықты арттыру дәрежесіне қарай 18 460 теңгеден басталып 147 680 теңгеге дейін артады. Атап айтқанда, орташа жылдамдықты сағатына 10-нан 20 шақырымға дейін асырғандарға – 18 460, 20-дан 40 шақырымға дейін – 36 920, ал сағатына 40 және одан да көп километрде жүйткігендер 73 840 теңге айыппұл арқалайды. Жыл ішінде жылдамдықты бірнеше рет асырған жағдайда 110 760 теңге, сағатына 60-тан асырғандар 147 680 теңге айыппұл төлеуге міндеттелмек.

Ішкі істер министрлігінің  Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранованың айтуынша, жүгенсіз жүргізушілерді жөнге салуға түзу сызықты учаскелерде халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардағы орташа жылдамдықты анықтайтын ZEREK-2 құрылғысы көмектеседі. Мәселен, көлік иесі бірінші аркадан екінші аркаға белгіленген уақыттан бұрын жеткен болса, оның осы екі аралықтағы жүріп өткен жолының ұзақтығы мен уақыты рұқсат етілген жылдамдыққа бөлінеді. Айталық, екі арканың арасындағы рұқсат етілген жылдамдық сағатына 50 шақырым болып, көлік иесі көрсетілген уақыттан ерте келген жағдайда құрылғының өзі жүргізушінің арақашықтығын есептеп береді. Соған сәйкес, айыппұл салынады. Ал, жүргізушінің әрекеті бір күнде бірнеше рет қайталанса, айыппұл мөлшері өсе түседі. Яғни, бірінші аркадан екінші аркаға дейін қарастырылған айыппұл екінші аркадан үшінші аркаға дейін тағы қайталанса, қайта салынады.

Атап өтерлігі, осы заңнамалық актілерге сәйкес, желтоқсан айынан бастап жүк көліктеріне артық жүк тиегені үшін айыппұл туралы хабарламалар «Сергек» жүйесінің жұмыс қағидаты негізінде автоматты режимге ауысты. Айыппұл мөлшері 147 680 теңгеден 3,6 миллион теңгеге дейін барады. Артық жүк тиегені үшін айыппұлдар қолмен салынса, яғни камера бұзушылықты түсіргеннен кейін көлікті бақылау қызметкері тәртіп бұзушыға айыппұл салады. Бұл орайда Көлік министрлігі «адам факторы жұмысты бәсеңдетеді» деп отыр. Бұған қоса жылдағы науқан 1 желтоқсанға дейін автомобиль дөңгелегін қысқы дөңгелекке ауыстырмағандарға да айыппұл салынады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, М1 және N1 санаттағы автомобильдер жазда қарға қарсы дөңгелекпен жабдықталған болса, ал қыс мезгілінде қысқы дөңгелек орнатылмаған болса, көлікті пайдалануға тыйым салынады. Бұл шектеулер сәйкесінше Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентімен реттеледі. Ережені бұзғандарға биыл 18 460 теңге айыппұл мөлшері қарастырылып отыр.

 

Есен ӨТЕУЛІ