Әдебиет

Ақынын ардақтаған аудан

Ақын сезімтал қасиетімен айналасындағылардың халін айтқызбай ұғып, қарапайым жұрттың мұң-зарын билікке өткір де көркем сөзбен жеткізетіндігімен де қадірлі. Оның серігі – қалам мен қағаз, ал байлығы – тіл. Түпкі көздегені – елдің қамы. Тумысынан көркем тілге бай, көкірек көзі көреген ақын-жазушының жеке басының күйі көпке көріне бермейді. Дәл осындай ақын Шырын Мамасерікова да 24 жыл бұрын жалғыз ұлынан айырылғалы бері баспанасының күйі келмей жүрген еді. Жақында ғана аудан әкімі Жорабек Баубеков осы жайды қолға алып, ауданның азаматтарын демеушілікке тартып, ақынның үйін заманауи үлгіде жөндеп, қайта жаңартып берді.

«Жыл құстары», «Гәкку», «Назерке», «Нәзік нақыш», «Асылдың сынықтары», «Арман гүлі» «Фатима», «Бақыт», «Тәуелсіздік тартулары», «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян», «Елге деген махаббат» кітаптарының авторы Шырын Мамасерікова келер жылы 80 жасқа келеді. Мерейтойының қарсаңында еңбегін елеген елі баспанасын жаңартып бергеніне ана жүрек шын қуанды. Жүрекжарды лебізін өлеңмен жеткізіп, аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы бастаған аудан халқына алғысын ақтаруда.

«Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Шырын Мамасерікова 2001 жылы Президенттің Алғыс хатымен де марапатталған болатын. Ал, бұл жолы баспанасының жаңартылғанын ол туған елінің еңбегін елеп, көрсеткен құрметіне балады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Меркі ауданы