Экономика

Тариф саясаты тұрақты бақылауда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында тариф саясатын ретке келтіруді тапсырған болатын. «Мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керек. Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда, тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды», – деді Президент. Бүгінгі күні бұл талап республикамыздағы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің бақылауына алынған.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Алмат Абдрайханның айтуынша, департаменттің негізгі қызметі табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін реттеуге, заңнаманың сақталуын бақылауға бағытталған. Сонымен қатар, департаменттің негізгі мақсаттары – тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізу, реттеліп көрсетілетін қызметтердің тұтынушылар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету, қызметті мемлекеттік реттеу рәсімдерінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды және оларға сұранысты қанағаттандыруды ынталандыру, тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектiлерiнің мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Ал департаменттің тарифтік саясатының бір бағыты – қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің тарифтерімен бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу.

Жоғарыда айтылғандай, департамент қызметінің басты бағыттарының бірі – табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуын бақылау. Бұл бағытта 2024 жылдың 10 айында департамент тарапынан 1 табиғи монополия субъектісіне қатысты 2 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған. Басқарма басшысының айтуынша, тұтынушыларға техникалық шарттар беру мерзімдерін бұзғаны және газ тарату желілеріне қосуға заңсыз ақы талап еткені үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ЖӨФ-на 2 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Сондай-ақ, облыстық жергілікті мемлекеттік тіркеліміне енгізілген 5 табиғи монополия субъектісіне қатысты тексеру жүргізіліп, 4 заң бұзушылық анықталған. Табиғи монополиялар туралы заңнаманың бұзылуын қалпына келтіру жөнінде 4 нұсқама енгізіліп, оның 3-уі толығымен орындалды, 1-уі орындалу барысында.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ