Әдебиет

Тауға өрлеп, тасты жарған Берікқара терегі

Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Жуалы өңірінің тауы мен тасы да талай сыр бүгіп жатқаны анық. Жан-жағын биік таулар қоршаған бұл аймаққа жолы түскен адамның ондағы батыр халықтың мінезі мен сыйластығын мәңгілік есінде сақтайтыны айтпаса да түсінікті. Өйткені, табиғаты қатал осынау өлкенің жергілікті тұрғындары әркез досына адал, жауына қатал екені әлімсақтан аян. Жері де, суы да дуалы қасиетті өңірде әйгілі Шарын шатқалынан кем түспейтін Берікқара шатқалы бар. Ал, ондағы Берікқара терегі ғылыми әдебиеттерде кездесетін Орталық Азиядағы ақ теректің эндемиялық бір түрі.

Жалпы, 1970 жылдан бастап Берікқара терегі ботаникалық кіші қорықта қорғалады. Ал, оның өсетін жерлері – теңіз деңгейінен 1000-1200 метр биіктікте таулы шоқылары бар шатқалдың солтүстік жартасты беткейлері болып келеді. Бұл теректің биологиялық ерекшеліктерінің бірі – ол әртүрлі гүлдері бар екіжақты өсімдік саналады. Терек тұқымымен және вегетативтік тәсілмен жас бұтақтарымен көбейіп, ерте көктемде жапырақтары жайыла басталғанда гүлдейді. Ондағы шоқ гүлдердің ұзындығы бір сантиметрге дейін болады. Берікқара өңірінің төл тумасы, белгілі ғалым, ұстаз әрі тарихшы Әбдіқадір Жүргенов өзінің «Жел өтінде өскен бір ұлыңмын» атты төл туындысында сол төңіректің тамылжыған табиғаты мен өр мінезін өзінше сипаттай келе, ата-бабалары өткен ғасырдың 20-30 жылдары әр сайдың бойын қоныс етіп, аң-құсын қорғап, тал-дарағын аялап өсіріп, күн кешкендігін шебер суреттейді. Ал, ата-бабасы Берікқара шатқалының маңайын оның ішінде, төртінші атасы Ақсақал мекен еткен сайдың бүгінгі иесі Рүстембек Назарбеков осынау шатқалда сан түрлі ағаш пен аң-құсты кездестіруге болатынын жеткізді.

Сондай-ақ, шатқалда сирек кездесетін Семенов үйеңкісі, Сиверс алмасы мен Согдиана шағаны сынды өсімдіктер де өседі. Дейтұрғанмен, қорықшылар Берікқара терегіне ерекше көңіл бөледі. Өйткені, қазір бұл терек тек Қазақстанда ғана сақталып қалған. Осы себепті, реликт түр саналатын Берікқара терегіне Канада елінің ботаниктері қызығушылық танытуда. Канадалықтар төрт жыл сайын осында келіп, теректің өсу ерекшелігін зерттеуді әдетке айналдырған. Ендеше, қазақстандық табиғат жанашырлары Берікқара сайындағы тасты жарып өсетін таптырмас теректі көздің қарашығындай сақтаса игі.

 

Есен ӨТЕУЛІ