Сұхбат

«Бір күндік той үшін мың жылдық дәстүрді бұзып алмайық»

Кешегілерден қалған нақыл сөздің бірі «Той – халықтың қазынасы» дейді. Ол бұрынғылардың ел болып жабылып біреуінің қуанышын бірге бөліскен шынайы ниетпен жасалған тойға айтылса керек. Ал, қазіргі бір- бірімен бәсекелесіп, несие алса да «басқадан асырмасам, кем түспеймін» деп тыраштанып жасалатын той қазынадан гөрі қарызданатын жағдайға жеткізді. Шектен шығып бара жатқан бұл жағдайды әр жерде есті кісілер байқап, ойлылар пікірін ортаға салып, баспасөзге, әлеуметтік желілерде жазып та жүр. Қоғамдық ой туғызған осы жайтты реттеу үшін Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының ішінен «Әдет-Ғұрып, Салт-Дәстүр» бөлімін ашу жоспарланғанын кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев баспасөз брифингінде айтқан болатын. Аталған орталықтың директоры Жасұлан Әбдіхалық та той мәдениетін қалыптастыру туралы ойын Facebook желісіндегі парақшасында кеңінен қозғап жазған еді. Аталған мәселеге қатысты мән-жайды анығырақ білу үшін Жасұлан Лесбекұлымен сұхбаттастық.

– Біздің қоғамда той мәдениетін қалыптастыру деген ой неден туды? Осыған байланысты өзіңіз басқаратын орталықтан бөлім ашу жоспарланыпты, онда нендей жұмыстар атқарылмақшы?

– Бәріне белгілі, бүгінгі тойда емен-жарқын отырып, арқа-жарқа қуанғаннан гөрі ұялып қалатын жағдайлар көбейіп барады. Тойдың берекесі кеткенін бәріміз көріп отырмыз. Қазақтың шапанын қойға жауып, мейрамхананың ішіне түйе кіргізіп, алпыстан асқан әйелді жалаңаш еркектер тақпен көтеріп шыққанды да көрдік. Тіпті, батыс жақта ит пен мысықты үйлендіру де басталды. Бізде осындайларға қалай шектеу қоямыз деген сұрақ бұған дейін де айтылып жүрген. Ақсақалдар арасында және басқа да бас қосылған жиындарда айтылады, қалады. Енді соны облысымыздың жергілікті билігі қолға алып, қозғалған мәселе құр сөзбен қалмасын, әрекет етіп, нәтижесі шықсын деп, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығынан «Әдет-Ғұрып, Салт-Дәстүр» бөлімін ашу тапсырылды. Бұл бөлім үш бағыттан тұрады. Олар – ақсақалдар институтын қалыптастыру, әжелер әлемі, асабалар одағымен жұмыс істеу бағыттары. Асаба дегеніңіз жеке адамдар, оларға «қой» дей алмайсыз. Мейрамхана да жеке кәсіпкердің бизнесі, оған да ешқандай тойды өткізу тәртібін міндеттей алмайсың. Сондықтан, біздікі – методикалық нұсқаулық ретінде әдебін айтып, ұсыныс жасау. Яғни, Жамбыл облысының асабалар одағын құрамыз, оған осы іспен шұғылданып жүргендер ерікті түрде өздері кіреді. Одақ құрамындағы аузы дуалы, сөзі өтімді, сыйлы асабалар тойда шоу жасаймын деп шектен шығатындарды өздері тәртіпке салады. Сол одақтың жұмысын біздің орталықтың «Әдет-Ғұрып, Салт-Дәстүр» бөлімі үйлестіреді. Әдет-ғұрып саласын зерттеп жүрген ғалымдармен ақылдаса отырып, халықтық салтты сақтап, қазіргі уақыттың талабына лайық тойдың өтілу тәртібін жасап, нұсқаулығын асабаларға береміз. Бірақ, «Дәл осылай жасасын» деген ешкімге міндеттеме жоқ. Бұл – «Сіздің бір күндік тойыңыз үшін халықтың мың жылдық дәстүрін бұзып алмайықшы» деген ұсыныс. Үлкен кісілерді бір-бірін қуалатып, басқаның әйелімен бөтен еркекті билетіп, өрескел ойын ойнатпайық. Келін мен күйеубалаға бір-бірінің аузына торт тықпалатпайық. Осындай ұсыныстарымызды сынамалап алып келіп, астарында мәнді тәрбиесі бар ұлттық ойындарымызды ұйымдастыруды енгізсек дейміз.

– Күлдірген деген осы екен деп дүйім жұрттың ортасында бейәдеп қалжың айтатын асабалар да, біреудің әрекетін бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялайтындар да бар. Мұндайларға заңмен шектеу қоюға болмайды ма?

– Иә, рас, ондай олқылықтар да көп. Әлеуметтік желілерде жарияланған көп бейнетүсірілімдер қазақтың тойынан алынған сәттер. Біреуді әжуалағаннан қаралым жинап, танымалдылыққа ұмтылатындардың арзан атағы кімге керек? Ал, бір адамның жеке шекарасына кіріп, абыройына нұқсан келтіру заңмен шектелсе, жақсы. Бірақ, әлі ешкім ондайға шағым түсіре қойған жоқ. Ал, асабалардың орынсыз қалжыңын әлгінде айтқанымдай бөлім ішінен құрылатын асабалар одағы қолға алар. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» дегендей, мәнсіз сөйлеп кеткендерін ойлы асабалар өздері жөнге салар. Әйтпесе, орынсыз әзіл айтып, оның арты төбелеске жалғасып кетіп жатқан жайттар да бар.

– Қазіргі бәсеке қуалап той берудің тағы бір жөнсіздігі – ысырапшылдық. Орталықтан жаңадан ашылатын бөлімде той мен ас берудегі мәзір үлгісі де көрсетіле ме?

– Бұл мәселе де назарға алынған. Тойханасы бар кәсіпкерлерді жинап, қалтаға да ауыр соқпайтын әрі ас та төк ысырапқа жеткізбейтін ас мәзірі дайындалып, ұсынылады. Дастарханды ықтияттап, үш ыстық тамақ емес, біреуін берсе де болады дегенді айтқымыз келеді. Әдетте тойға кешкі сағат 18:00-ге шақырады, бірақ қонақтар кешігіп, той 21:00-де басталады. Ешкім де кешкі сағат 21:00-ден кейін үш тамақ ішпейді ғой. Тойханадағы тамақ та солай бекерге қалады. Ал, ол үшін той иесі қаншама ақша жұмсайды. Осындайдың салдарынан той жасау үшін қалтасында барын жеткізе алмай несие алады. Қарызға құрылған отбасының халі нешік? Жас жұбайлар тойдан соң тапқан табыстарын не күнкөріске, не несиесін төлеуге жеткізе алмай жүргенде, арада араздық туындайды. Сондай-ақ, бір тойда үш ыстық тамақ беріп, дастарханды түрлі тағамдармен толтырғандықтан біздің елде азық-түліктің бағасы ешқашан түспейді, керісінше уақыт өткен сайын қымбаттап жатыр. Себебі, мейрамханалар тонналап сатып алады, ол тойдан соң тонналап қоқысқа төгіледі. Бұдан кімге не пайда, құр берекені қашырғаннан басқа?

– Ал, тойға шақырылатын өнерпаздарға қандай талап қойылмақ?

– Әрине, алдымен әнші-бишілерге киім үлгісіне мән беру ескертіледі. Үлкен-кіші жиналған жұрттың алдында ашық-шашық киіммен билеуге жол берілмегені жөн. Сосын, әр тойдың мағынасына қарай ән таңдалғаны дұрыс. Мысалы, 60-70 жасқа толған мерейтойға айқай-шулы ән мүлдем жараспайды.

Тойға кей кісілер кішкентай баламен келеді. Себебі, үйіне қалдырып кететін ересек адамның болмағандығынан, амалсыздықтан ертеді. Өсіп келе жатқан бүлдіршіндер тойда әкесінің ішіп, мас болған әрекетімен қоса, жартылай жалаңаш қыздардың неше түрлі биін де, асабаның орынсыз қалжыңын да, сорақы ойын ойнап тым ерсі қимылға барғандарды да, тіпті кейде бір-бірімен ерегісіп, төбелескендерді де көреді. Жаңадан қалыптасып келе жатқан баланың санасында «той осындай болады екен» деген түсінік пайда болады. Осындай болмас үшін әр мейрамханада тойға келгендердің балаларын ойнатып, сол жерде тамағын беріп, қарап отыратын күтушісі қамтылған балалар алаңы болса құба-құп.

– Той берудегі мақсат пен мағына қандай? Өзіңіз отбасыңызда үлкен қуаныш болса, оны қалай атап өтер едіңіз?

– Той – жақын-жуықпен қуанышты бөлісу. Ол жерде кеткен шығынды тойға келгендердің әкелгенімен жабамын деген бақай есептің болмағаны жақсы. Қазақ «Тапқаның тойға шашылсын» дейді. Осы сөздің мағынасына үңілсеңіз, «Қуанышыңды бөлісуге келгендердің сыйлығынан пайда көр» деген жоқ. Яғни, мен қуанышымды бөліссем, келгендерден ештеңе күтпеймін. Тек шынайы түрде маған ниеттес жақындарымның ізгі тілегін тыңдап, солармен бірге қуанышымды еселеймін деген ойда боламын. Екі жылдан бері жақындарымның тойына ештеңе бермей барып жүрмін. Ертең олар менің де тойыма дәл солай тек шынайы тілеулес болып келеді деп күтемін. Тойхана беру дегенді де тоқтатсақ дегім келеді. Себебі, тойға бару үшін де қарызданып-қауғаланып жүргендер көп. Біз тойға жақын-жуықтарымызды шақырып, оларды қинап жүрміз. Шынын айтайықшы, сөз сөйлегенде «Қазақтың тойы бітпесін!» дейміз де сыртқа шығып «Ой, той көбейіп кетті, ақша жеткізе алмай жүрмін» деп кейиміз ғой.

Сондықтан, той жасаймын деп бір-бірімізді қинамайық!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА.