Жолаушылар көлігі пайдалануға берілді
Тараз қаласында қоғамдық көліктердің паркін жаңарту бойынша үш жылдық жоспар түзіліп, 210 жаңа автобус алу жоспарланған. Ол жоспар екі жыл көлемінде артығымен орындалып отыр. Өткен жылы 73 автобус алынса, биыл 70 автобус алу жоспарланғанымен, бүгінге дейін алынған автобус саны 155 жолаушылар көлігін құрады. Соңғы автобустар төрт бағытқа беріліп, ол бағыттардың жүру жиілігі төмендетілді.
Жаңа әкелінген 20 автобустың 15-і «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі болса, 5-і «RashLau» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еншісіне тиген. Жалпы, Тараз қаласында қоғамдық көліктердің қызметін жақсарту мақсатында берілген 12 миллиард теңге субсидия жолаушылар көлігін алып қана қоймай, жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға, жылы бастырмалармен қамтуға, қызметкер жалақысын арттыруға бағытталған. Өзбекстан Республикасынан жеткізілген автобустар уақыт талабына сай жолаушылар тасымалына қажетті барлық құрал-жабдықпен жабдықталып, барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
«ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты Алтай Мақсатұлының айтуынша, шаһарға жеткізілген «SAMAUTO LE-60» маркалы су жаңа қоғамдық көліктер көршілес Өзбекстан Республикасында шығарылған. Олардың ұзындығы 9 метрді, орын саны 25, ал жалпы сыйымдылығы 70 адамды құрайды. Автобустар төмен еденді, пандуспен және 6 бейнебақылау құрылғысымен жабдықталған.
Ал, «RashLau» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан алынған 5 жаңа автобус №13 және №18 бағыттарға шығарылады. Атап айтсақ, №13 бағытқа 3 автобус қосылып, бұған дейінгі қатынау жиілігі 11 минут болса, ол 8 минутқа түсті. Ал, №18 бағытқа екі автобус беріліп, ондағы қатынау жиілігі 15 минуттан 12 минутқа төмендеген.
Марат ҚҰЛИБАЕВ