Ұлтына ұлы қуаныш сыйлаған ұл
Осыдан тұп-тура жиырма жыл бұрын Ежелгі Элла елінде Олимпия ойындары өтті. Афинаға беймәлім боксшы санатында аттанған жерлесіміз Бақтияр Артаевтың айы оңынан туды. Біздің жігіт ақтық кездесуде кубалық Лоренцо Арагонға бас көтертпеді. Бостандық аралының ұланы, керемет боксшы Теофилио Стивенсонның ізбасары қанша жерден екіленіп алға ұмтылғанымен, біздің жігіт мықтылығын дәлелдеді. Артаевтың асығы алшысынан түсті. Нағыз жеңімпаз. Алтын тұғырға көтерілген Бақтияр сынды Алаштың айбынды ұлына өзге жұрт қол соқты. Алтын медаль Қазақстан қоржынына түсті. Оған қоса Олимпиаданың ең үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогы да бізге бұйырды.
Жалпы, Бақтиярдың бағы жанған айтулы додада оның бабы да келіскен еді. Ол Олег Сайтовты Олимпиаданың үш дүркін чемпионы болу мүмкіндігінен айырды. Жекпе-жекті көгілдір экран арқылы тамашалаған ел-жұрт ресейлік комментатордың қазақ баласынан гөрі жерлесіне бұра тартқанын әлі ұмыта қойған жоқ. Десе де, Артаев өзінің бұл спортқа кездейсоқ келмегенін дәлелдеді. Қазақ Әнұраны көкте қалықтады.
Рас, әлемде «қазақтың салмағы» аталып кеткен 69 келіде жеңімпаздар дәстүрі одан кейін де жалғасын тапты. Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев кубалық Карлос Бантеурді төрт раунд бойы әбден діңкелетті. Жылдар бойы шегіне жеткен төзім тиегі ағытылған тұста қазақ боксшысы қарсыласын соққының астына алды. Аяғымен еркін қимылдап, рингтің ортасында ойқастаған Сәрсекбаев жеңімпаз атанды. 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев ағылшын боксшысы Фредди Эванстан айласын асырса, Риода жеңіс Данияр Елеусіновтің еншісіне тиді. Ол өзбектердің «ақ үміті» Шахрам Гиясовтың сілікпесін шығарып, шапшаң қимылдады. Сөйтіп, жеңісті жұлып алды.
Десе де, Афина Олимпиадасында жалғыз алтын алған Бақтиярдай ердің ерлігі ерен. Жартылай финалда екі дүркін Олимпиада чемпионы, бүкіл Ресей елі тілеуін тілеген Олег Сайтовтың аптығын басқан да осы саңлақ. Бұл жөнінде белгілі қаламгер, спорт журналисі Қыдырбек Рысбек өзінің фейсбук парақшасында «Ер мойнында қыл арқан шірімейді» деген тақырыпта жазба қалдырды. Төрт жылдықтың басты додасын көзбен көрген ол Бақтиярдың бір алтыны қазақ боксшыларының абыройын асқақтатқанын айтады.
Жалпы, Бақтияр Артаевтың Олимпиада чемпионы болатынына күмәнсіз сенген, сол жолда небір тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерген екі адам болса, соның бірі, бір адам болса, соның нақ өзі Нұрлан Ақүрпеков. Нұрлан бапкер Бақтиярмен бір тумаса да, туғанынан кем емес. Артаев Афина Олимпиадасының алтын тұғырына табан тіреген сәтте дуылдасқан жерлестерінің арасында екі көзінен ыстық жасы парлап бір қазақ тұрды. Сол қазақ Бақтиярды он жасынан боксқа баулыған Нұрлан бапкер еді. Алайда, бүгінде елге белгілі бапкер мен шәкіртінің жүріп өткен жолы оңай болған жоқ.
Тәуелсіздік алғалы бері төрт Олимпиадада төрт алтын алған біздің жігіттер Токио мен Парижде білгенінен жаңылды. Дәлірек айтсақ, бокстан Қазақстан құрамасы Токиода алғаш рет алтынсыз қайтты. Команда фавориттері алғашқы айналымнан әрі аса алмады. 69 келі дәрежесінде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіповке үлкен үміт артылған еді. Себебі, біздің ел дәл осы салмақта 2004 жылдан бері алтын алып келген. Бірақ, Жүсіпов алғашқы жекпе-жекте ұтылды. Ал, жарыс жолын жақсы бастаған жерлесіміз Әбілхан Аманқұл 75 келіде бірінші сайыста өзбек боксшысын жеңгенімен, екінші айналымда бразилиялық Эберт Соусаға есе жіберді. Осылайша, төрт жылдықтың басты додасында кем дегенде бір алтын алып келген қазақ боксшылары чемпионсыз оралды. Ал, осы жылдың жаз айында түндігі түрілген Олимпиада ойындарында Нұрбек Оралбай ғана күміспен күптелді. Бұған да шүкір дестік. Олимпиада ойындарында 2004 жылдан кейін медаль алуын тоқтатқан «Жамбыл боксы» мектебінің даңқын енді кім қайтарары әзірге белгісіз...
Есен ӨТЕУЛІ