Өңірде Кіші Қаратау геопаркі құрылады
Жамбыл өңірі тарихымен ғана емес, бай флорасы мен фаунасы арқылы да танылған. Әсіресе, мұнда белгілі бір мекенде ғана кездесетін эндемик өсімдіктер де кездеседі. Елімізде өсімдіктердің 730-дан астам түрі эндемик саналса, соның ішінде 170-ке тарта табиғи түр оңтүстік өңірлерде ғана өседі. Ал, облыс аумағында Қаратау қауы, Қаратау маралтамыры, Алатау бөдене шөбі, Бетпақдала сылдыр шөбі сынды өсімдіктер тек осы аймақта таралған ерекшелігіміз саналады.
Бұдан бөлек, Талас даласында өсетін қызғалдақ түрлері де өңірдің әсемдігін айшықтай түсетін табиғи байлығымыз болып есептеледі. Соңғы жылдары қатқа айналған қазынамызды сақтау мақсатында геопарк құру мәселесі бірнеше мәрте көтерілген болатын. Осы мақсатта М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің қабырғасында Қаратау жотасының бірегей өңірінде ЮНЕСКО-ның жаһандық геопаркін құруға арналған семинар өтті.
Арнайы семинарға Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарк жөніндегі ұлттық комитеті, ЮНЕСКО-ның геоғылымдар және геопарктер жөніндегі халықаралық бағдарламасының Ресей Комитеті, Башқұртстан Республикасындағы ЮНЕСКО-ның жаһандық Янгантау Геопаркі, Қырғызстандағы Тянь-Шань геологиялық қоғамының, Ұлыбритания, Иран мемлекеттері халықаралық сарапшылары, Өзбекстандағы Китаб геологиялық ұлттық табиғи паркі өкілдері, Мәскеу мемлекеттік университетінің Душанбе филиалының ғалымдары, «Ұлы тағзым» қоғамдық қорының Геопарк Ұлытау медиа тобы және Қ.И.Сәтбаев атындағы геология ғылымдары институты ғалымдары, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесі өкілдері мен облыс әкімдігінің жауапты бірқатар басқарма басшылары қатысты.
Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Қалымбекқызы модераторлық еткен жиында геопаркті құру мен дамытудың негізгі аспектілерін, оның табиғи, тарихи-мәдени мұраны қорғау, экотуризмнің және өңірдің тұрақты дамуы үшін маңыздылығы және осы жобаны іске асыру бойынша тәжірибе алмасу мәселелері талқыға салынды. Жиында Геология-минерология ғылымдарының докторы, ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер жөніндегі ұлттық комитетінің төрағасы Саида Арапқызы облыста геопарк құру әлеуеті және Дулати университетінің рөлін атап өтті.
Бұдан бөлек, семинарда Геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қ.И.Сәтпаев атындағы геология ғылымдары институтының аға ғылыми қызметкері Татьяна Евгеньевна, «Кіші Қаратаудың геологиялық мұрасы»; ЮНЕСКО-ның жаһандық Янгантау Геопаркінің директоры Айрат Ғалиев «ЮНЕСКО-ның геопарктері аумақтың тұрақты дамуының прогрессивті тренді ретінде», ProGEO халықаралық сарапшысы Доктор Джек Мэтьюз «Кіші Қаратау геомұрасын білім беру бағдарламаларымен интеграциялау», «АРК» ғылыми ұйымы» ЖШС басшысы Ескендір Торбеков «Геопарк құру арқылы геомұраны және табиғи мұраны, тарихи-мәдени құндылықтарды пайдалану және сақтау» тақырыптарында баяндама жасады.
Нұрболат АМАНБЕК