Спорт және туризм

Бес жерлесіміз Тайландта жұдырықтасады

Еліміз бокс спортынан әлем бойынша көш басындағы мемлекеттердің бірі екені белгілі. Оның ішінде Жамбыл боксының тарихы да толағай жетістіктерге толы. Сол жарқын жол жалғасын тауып жатыр.

Тайландтың Чиангмей қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионаты қазақстандықтар үшін сәтті басталды. Жарыстың алғашқы күндерінде 57 килограмда Оразбек Асылқұлов, 60 килограмм салмақта Бейбарыс Жексен, 67 килограмда Дулат Бекбауов алғашқы жекпе-жектерін жеңіспен бастап, ширек финалға өтті. Жарыстың бірінші күні Дулат Бекбауов тайбейлік боксшыны оңай жеңіп, ширек финал жолдамасын иеленген еді. Оразбек Асылқұлов алғашқы жекпе-жегінде малайзиялық Зулхейлейн Мохамадпен жұдырықтасқан болатын. Қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсеткен отандасымыз екінші раундта Мохамадты нокдаунға да жіберді. Бейбарыс Жексен Азияның екі дүркін чемпионы, өзбек боксшысы Дилшод Абдумуродовты жеңді. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер Бейбарысты мықты деп таныды. Енді ол ширек финалда тәжік боксшысы Акмал Убайдовпен жұдырықтасады.

Жалпы, осы Азия чемпионатында еліміздің құрамасында ерлер арасында 48 килограмда Санжар Тәшкенбай, 51 килограмм салмақта Сәкен Бибосынов, 54 килограмда Махмұд Сабырханұлы, 67 килограмм салмақта Диас Молжігітов те бар.

Тағы бір айта кетерлігі, бұл Азия чемпионатына жамбылдық 5 былғары қолғап шебері қатысып жатыр. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Атап айтқанда, ерлер арасында Бейбарыс Жексен, Дулат Бекбауов, Диас Молжігіт, қыздар арасында 48 килограмда Әйгерім Сәттібаева, 54 килограмда Сымбат Әлиасқарова – жамбылдықтар. Осы орайда ерлер құрамасынан Ғани Әшкеев, Нұрлан Ақүрпеков, Нұржан Қоңдыбаев, қыздар арасында Ермек Ертаев, Мейірбек Шеңгелбаев секілді жаттықтырушылардың ерен еңбектерін айта кеткен жөн. Біз Тайландта жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековпен хабарласқанымызда:

Сайдың тасындай іріктелген бокс құрамасына біз де жеңіс тілейміз.

 

Есет ДОСАЛЫ