Мың құбылған доллар бағамы

Ұлттық валютамыз теңге үшін өткен қараша айы жайлы болмағанын бәріміз көрдік. Тіпті, желтоқсан айының басында бұғауға басы сыймаған АҚШ доллары баяғы әдетіне салып мың құбылды. Мәселен, Ұлттық банктің 2 желтоқсанда бір доллар үшін бекіткен ресми бағамы 511,22 теңгені құрады. Ал, Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сауда қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 524,58 теңгеге теңестірілген. Kurs.kz мәліметінше, алып шаһар Алматыдағы ақша айырбастау пункттерінде бір доллар 526,66 теңгеден, ал елордамыз Астанадағы ақша айырбастау пункттерінде бір доллар 535,83 теңгеден сатылған. Айта кетейік, осы күні экономика министрі теңге бағасының әлсіреуіне сыртқы негізгі үш фактор: доллардың жаһандық нығаюы, мұнай бағасының арзандауы және рубльдің әлсірегені әсер еткенін айтқан еді.
Естеріңізде болса, осы жылдың ақпан айында да доллар қымбаттап, мұнай арзандаған еді. Дәл сол сәтте Қытай юанінің орташа сараланған бағамы да көтеріліп, 62,59 теңгені (+0,42) құрады. Тиісінше, Ұлттық банк еуро бағамын 487,09 теңгеге, рубльді 4,89 теңгеге белгіледі. Сол кезеңде ақша айырбастау орындарында доллар 450,9-452,7 теңгеге, еуро 488- 491 теңгеге, Ресей рублі 4,81-4,89 теңгеге сатылды. Бұдан бөлек, аукционда мұнайдың әлемдік бағасы төмендегені байқалды. Айталық, ICE Futures электрондық саудасында мамыр айындағы Brent фьючерстерінің құны 0,80 пайызға арзандап, барреліне 82 долларды құрады. Ал, NYMEX электрондық саудасында WTI мұнайының сәуірдегі фьючерстері 0,81 пайызға төмендеп, барреліне 78,23 долларды құрады. Атап өтерлігі, нақ осы жағдай өткен қараша айында да қайталанды. Ол тұста Brent маркалы мұнай фьючерстері 0,4 пайызға өсіп, барреліне 87,19 доллар болды. Ал, WTI мұнай фьючерстері 0,5 пайызға өсіп, барреліне 82,87 доллар болды.
Доллардың тағдыр-талайы
Ұлттық банк валюта нарығында қалыптасқан ахуалға қатысты түсініктеме берді. Тимур Сүлейменов бастаған команданың дерегінше, барлық шешім инфляция мен елдің экономикалық дамуына қатысты болжамдарды, нақты деректер мен тәуекелдерді ескере отырып қабылданған екен. Өткен аптада бас банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25 пайыздық деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. 2024 жылы біртіндеп төмендеп келе жатқан базалық мөлшерлемеге бірден 1 пайыз қосылған соң, 15,25 пайызға дейін өсіп кетті.
Бұл ретте Ұлттық банк төрағасы:
Ол өз сөзінде баға бірден көтерілмейді деп сендірді. Оның айтуынша, еліміз азық-түліктің барлық санаты бойынша қамтамасыз етілген. Ал, қазан айында инфляция ырықтан шығып кетіпті. Әзірге болжам тұрақсыз. Сыртқы факторлардан әлемдік нарықта азық-түлік бағасының қымбаттауы, негізгі сауда- экономикалық әріптесіміз Ресей еліндегі инфляция мен рубль бағамының құбылуы әсер еткен. Төраға ішкі факторларға қатысты тұрғын үй-коммуналдық саладағы реформалар, ұсыныстан асып түскен ішкі тұтыну сұранысы, теңгенің құнсыздануы мен жоғары инфляциялық ахуалды атады. Сонымен қатар, ол қазынада қаржы тапшы кезде салық аз түсіп жатқандықтан, инфляцияның төмендеуіне мүмкіндік бермейтінін атап өтті.
Жалпы, Ұлттық банк 16 қарашадан бастап интервенция жүргізген. Осы уақыт аралығында бас банк нарықта 1 миллиард доллардан аса валюта сатты. Нәтижесінде Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 44,5 доллардан 43,5 миллиард долларға дейін азайған. Алайда, бас банкир соңғы екі күн өте маңызды болғанымен, бұл күндері резервтен нақты қанша доллар сатылғанын ашып айтқан жоқ. Оның мәлімдеуінше, Ұлттық банк интервенцияны тоқтатты, валюта бағамы қазіргі уақытта таза нарықтық факторлардың әсерінен қалыптасып отыр.
Сарапшылар не дейді?
Сарапшылар теңгенің құнсыздануына рубльдің құлдырауы ғана себеп болмағанын айтады. Демек, жанама әсер етіп отырған факторлар жетеді. Соңғы уақытқа дейін «Газпромбанк» Ресейдің мұнай мен газ үшін түсім алуының басты арнасы болатын. Ол санкциялардан тыс болған, бірақ бірнеше күн бұрын АҚШ оны да санкциялық тізімге енгізді. Теңгенің әлсіреуіне бұл да әсер еткен секілді. Тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, қазір бізге екі мәселе, «теңгемен депозит ұстап отырғандар ұтты ма, әлде ұтылды ма?» деген сұраққа жауап алу маңызды.
Ал, экономист Вячеслав Додоновтың сөзінше, квазимемлекеттік сектордың валюта түсімінің 50 пайызын сатуы теңгені қолдауға көмектеседі.
Қысқасы, 2024 жылға арналған инфляция болжамы 8-9 пайызға дейін нақтыланды. 2025 жылға арналған болжам 6,5-8,5 пайызға дейін, 2026 жылға – 5,5- 7,5 пайызға дейін арттыру жағына қайта қаралды. Базалық сценарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орташа алғанда барреліне 70 долларға дейін төмендеу жағына қайта қаралды. Ел экономикасының 2024 жылға арналған өсімі бойынша болжам 4-4,5 пайыз деңгейінде нақтыланған. 2025–2026 жылдарға арналған болжамдар 4,5-5,5 пайыз және 4,6–5,6 пайызға дейін қайта қаралды.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Рубльдің құнсыздануы ресейлік өнімдердің бағасына әсер етіп жатыр. Бұл біздің тауарлар үшін тиімсіз. Ұлттық банк теңге бағамының қалыптасуына кедергі жасамайтынын хабарлаудан жалыққан емес. Десе де, тұрақтылыққа қауіп рубльден екені белгілі болып қалды. Қазақстан мен оның валютасын Ресей экономикасының жағдайына тәуелді ететін фактор тағы да Еуразиялық экономикалық одақпен тікелей байланысты. Тиісінше, Еуроодақ пен АҚШ-тың Ресейге санкциялары маңыздырақ фактор болды. Екі жыл бұрын сарапшылар санкциялар логистикалық тізбекке әсер етіп, Ресей өнеркәсібінің өндіріс көлемін күрт қысқартатынын, оның ықпалы араға жыл өтіп байқалатынын айтқан. Ресейді Қазақстанмен байланыстыратын жолдар да бұзылды. Ресейде өндірілген өнімдер отандық сөрелерге біраз уақыт жетпеді. Бірақ, соған қарамастан Қазақстан мен Ресей энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салада бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Осыған дейін жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба іске қосылды. Қазір де болашағы зор 49 жоба жүзеге асырылып жатыр. Демек, теңге мен рубль байланысы құпиясының өзегі де осы болса керек.
Есен ӨТЕУЛІ