Әдебиет

«Айбоз» тұғырында - Маралтай ақын

Елдегі қазіргі шығармашылық байқаулардың ең ауқымдысы – «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы. Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып жатқан жобаның жалпы жүлде қоры 35 миллион теңгені құрайды. Ал, биылғы бәйгеде қазақ поэзиясының Кентавры, жерлесіміз Маралтай Райымбекұлы «Үздік поэзия» аталымында оқ бойы озық шығып, жеңімпаз атанды.

Әдеби сыйлықтың марапаттау рәсімі Алматыда өтті. Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, биыл байқауға жеті аталым бойынша 176 шығарма келіп түскен. Жасырын дауыс беру нәтижесі бойынша, тәуелсіз қазылар алқасының шешімімен «Махамбеттің өлім жазасы» романының авторы Бекет Қарашин «Үздік проза» номинациясының жеңімпазы атанды.

«Үздік драматургия» номинациясында ең көп дауыс Думан Рамазанның «Әзірет Сұлтан» пьесасына берілді. «Үздік әдеби аударма» номинациясы бойынша Рауза Мұсабаева «Таң жұлдызы» жұмысымен жеңімпаз атанды. «Үздік балалар әдебиеті» номинациясында Төкен Әлжантегінің «Қызықтың бәрі ауылда» шығармасы үздік деп танылды. Ал, «Үздік әдеби сын» номинациясында Жүсіпбек Қорғасбектің «Сайтанның ойыны» еңбегі марапатқа ие болды. «Үздік комикс» авторы болып Жақсылық Сабитов «Жошы хан» жұмысымен танылды. Ал, жерлесіміз Маралтай Райымбекұлы «Үздік поэзия» аталымының 5 000 000 теңге жүлдесін «Айкөркем» балладасы үшін еншіледі.

Барша лауреаттарды ұлттық байқаудағы жаңа белестерімен құттықтаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қаламгерлерге әдебиетке деген жанашырлықтары мен ізденістері үшін алғыс білдірді.

Айта кету керек, биыл елімізде әдебиет пен қаламгерлерді қолдау бойынша көптеген ілкімді істер атқарылуда. Мәселен, жас қаламгерлерге арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға арналған әдебиет саласындағы сыйлық, «Дарын» секілді бірқатар сыйлықтар мен байқаулар ұйымдастырылып келеді. Одан бөлек, биыл Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан жас жазушыларға арналған «Алқа» әдеби клубы құрылды. Жас жазушылар Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығы және Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған әдеби тур өткізді.

Өз кезегінде біздер әдебиетте кесек дүниелерді өндірте жазып жүрген Маралтай Райымбекұлын аталған ұлттық сыйлықтың жүлделі тұғырынан көрінуімен шын жүректен құттықтаймыз. «Túrkistan» халықаралық саяси апталығының бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы ақын туралы өз парақшасында: «Маралтайдың қазір дер шағы. Тұяғымен жер тарпып, арқырап, азынап тұр. Кесек дүниелерге бет бұрды. «Аруанасы» Алашты дүр сілкіндіріп еді. Жошы хан туралы жазылған «Оң қолы» да санамызды сілкіп алды» деп жазды. Біздер де жамбылдық шайырдың шығармашылығындағы бүгінгі бұлқынысына тәнті болып, қаламының арыны тоқтамасын деп тілек білдіреміз.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ