Денсаулық

Ерте жүктілік ертеңімізді күмәнді етеді

Қазіргі уақытта жасөспірімдер арасында ең өзекті мәселелердің бірі – ерте жүктілік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша ерте босану бала өлімінің негізгі себептерінің бірі ретінде қарастырылған. Сорақысы сол, облысымыз былтырдан бері бұл көрсеткіште көш бастағандардың қатарына еніп, үштікке тұрақтаған.

Медициналық көрсеткіштер бойынша 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте деп саналады. Ал, жасөспірімдер арасында жүктіліктің ең көп таралған кезеңі – 15-17 жас аралығы. Биологиялық тұрғыдан өсіп жетілмегендіктен бұл жаста ерте жүктіліктің салдарынан жасөспірімдердің 70 пайызы жасанды түсік жасап, 15 пайызы түсік тастайды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыс бойынша әйелдердің жалпы саны 592 049 адамды немесе облыстың жалпы халқының 50,05 пайызын құрайды. Оның ішінде туу жасындағы әйелдер 261 830 немесе 44 пайыз шамасында. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың 6 айының қорытындысы бойынша жүкті әйелдер арасында 18 жасқа дейінгі босану саны 66-ға жеткен. Бұдан бөлек, дәл осы уақыт аралығында 113 жүкті жасөспірім есепте тұрған. Ал, психолог мамандар бұл мәселеде жанына дауа іздеп келгендердің басым көпшілігі алдап-арбаусыз, саналы түрде жүктілікке ұшырайтынын айтуда.

Иә, бала қауіпсіздігі үшін қашанда ең алдымен ата-ана жауапты екендігін ұмытып, қаракөздерімізге қатер төнсе, бірінші ұстаздарға шүйлігетініміз жасырын емес. Мұндайда қазанды теңселтпей ұстаған үшаяқты ошақтай болған мұғалім – оқушы – ата-ана үштігі бірлесіп жұмыс жасағанда ғана нәтиже беретінін естен шығармау керек. Ал, бүгінде бұл үштіктің соңғысында біршама мәселенің жүгі топтасқан. Облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасы да бұл сөзімізді қуаттайды.

Шынында, өзекті мәселенің шешімі түрлі тараптар мен тораптарға барып тіреледі. Өйткені, ерте жүктіліктің арғы жағында зорлық-зомбылық пен бала өлімі, ұлт саулығы секілді ұрпақ тағдырына қатысты сүйекті де салмақты сұрақтар бар. Осы тұста Оралхан Бөкейдің «Ардақ» әңгімесі ойға оралады. Қазақы күреңтөбел тіршілік кешкен отбасында ата-ана қателігінен жалғыз қызы дүние дидарының оң-солын танып үлгермей, періште күйінде күнәлі іске бой алдырады. Ал, сондағы қыз баласының «Тегі, қателік – өмір өрлеріндегі сүрініс үлкендерден басталады- ау деймін. Кейінгі ұрпақ сол ағалар ағаттығын не қайталайды, не жаңсақ істі сол қалпында үйренер. Қателіктер әсте өздігінен, әмбе төтеден пайда болып көрген емес», деген сөзі көпке ой салары анық. Бүгінгі қоғамда да қателік тосыннан пайда болған емес. Ал, оны кейінгі жұрт қайталамас үшін бәрін бүгіннен бастау керек...

 

Нұрболат АМАНБЕК