Жаңалықтар

Тапсырма талапқа сай орындалуы тиіс

Президент тапсырған жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі – халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі – халықты таза ауыз сумен, көгілдір отынмен, жайлы инфрақұрылыммен, жарықпен қамту. Бұл бағыттағы жұмыстар облысымызда жоспарлы түрде кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Дегенмен, осы бағытта әлі де болса шешімін таппаған мәселелер бар. Алдымызға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдімекендерді 2025 жылдың соңына дейін таза ауыз сумен қамту туралы тапсырма қойғанын ескерсек, кейбір аудандарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының баяулығына қарап, бұл қалай болар екен деген ой келеді.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте бұл мәселе жан-жақты қаралып, талқыланды. Жалпы, облысымызда халық санына шаққанда тұрғындарды таза ауыз сумен қамту көрсеткіші қалалық жерде 97,5 пайызға жетсе, ауылдық жерде 94,9 пайызды құраған. Аймақта бүгінгі күні таза ауыз сумен қамтамасыз етілмеген Тараз, Шу қалалары бойынша 9 тұрғын алап және 54 ауылдық елді мекен қалып отыр, оның ішінде 34 елді мекенге құрылыс жұмыстары және 20 елді мекенге кешенді блок-модульді орнату жұмыстары жоспарланған.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, қала және ауылдық елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында кейбір құрылысы жүріп жатқан нысандарда мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысына байланысты сот процестерінің жүруі, құрылыс нормаларының бұзылуы, жұмыстардың өндірістік кестеден кешігуі орын алған. Бұл олқылық өз кезегінде нысандардың жоспарланған мерзімде тапсырылмауы мен құрылыс нысанының сапасына кері есерін тигізген.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұл жиынға онлайн байланыс арқылы қатысып отырған Қордай ауданы әкімінің бірінші орынбасары Бақыт Сахатовқа күн тәртібіндегі мәселе бойынша сұрақ қойды.

Бақыт Оңласынұлының айтуынша, биыл бюджеттен 5,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, 6 елді мекен бойынша ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Үш елді мекеннің жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланса, Күнбатыс-2, Шарбақты елді мекендеріндегі жұмыстар келесі жылға өтпелі. Сарыбұлақ ауылындағы жұмыс осы айдың соңында аяқталмақ. Одан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес межені орындау үшін 12 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, бюджеттік өтінім облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жолданған. Оның ішінде бірқатары бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ал, Жібек жолы көшесіндегі орын алған су құбырындағы ақау бүгінде жөнделіп, мәселе шешімін тауыпты.

Бұдан кейін Байзақ, Шу, Талас пен Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласы бойынша таза ауыз су құрылыс жұмыстары туралы аудан және қала әкімдерінің бұл тапсырманы қалай орындап жатқандығы тыңдалды.

Жиын барысында өзге де тиісті қала және аудан әкімдерінен, басқарма басшыларынан жауап алған Ербол Шырақпайұлы инфрақұрылым жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу, проблемалық нысандар мәселесін уақыт оздырмай шешу, әрбір нысанның уақытылы әрі сапалы тапсырылуына күш салу секілді бірқатар тапсырмалар мен міндеттер жүктеді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ