Су саясаты сараланған саммит
3 желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды. Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Араб түбегінде орналасқан мемлекетке One Water саммитіне қатысу үшін келген. Халықаралық форум Қазақстан мен Францияның төрағалығымен, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банк тобының қолдауымен өтті. Саммиттің мақсаты – БҰҰ-ның 2026 жылы өтетін су жөніндегі келесі конференциясына дайындық кезеңі аясында шешімдер инкубаторы ретінде әрекет ету. Сонымен қатар, Президент Эр-Рияд қаласында бірқатар кездесу өткізді.
Судың да сұрауы бар...
Эр-Рияд қаласында өткен One Water саммитінде су тапшылығы мен құрғақшылық тақырыбы талқыланды. Жиында тағы қандай мәселелер көтерілді, өңірдегі тіршілік көзінің қазіргі жағдайы қандай десек, негізі саммитте төрт мәселеге басымдық берілді. Мәселен, кейінгі жылдары ысырапшылдық пен немқұрайлықтың кесірі күллі адамзатқа тие бастағаны белгілі. Ең сорақысы, сарапшылар мұны үлкен апаттың басы ғана деп отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сенсек, 2030 жылы су тапшылығы 40 пайызға жетеді. Ал, Қазақстанда бұл көрсеткіш 15 пайыздан асуы мүмкін. Мәселе ушықпай тұрып, тіршілік нәрін тең бөліп, тиімді пайдалануды шешу керек. Саммит тұғырында Қазақстанның тұрғаны осыдан.
Француз даму агенттігі сумен жабдықтау және санитария бөлімінің басшысы Лионель Гужонның айтуынша, бұл саммиттің мақсаты – су ресурстарын басқаруды жоғары саяси деңгейге шығару.
Бұл секторға саясат көп араласпайды, ұзақ уақыт бойы БҰҰ деңгейінде пікірталас болған жоқ. Сол үшін мемлекет басшылары деңгейінде келіссөздер керек.
Тіршілік көзін тұтынушылар көбейсе, тапшылық ушығатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ, біздің өңірде су үшін келіспеушілік қазірден бар. БҰҰ Қазақстанның су тапшылығын сезініп отырғанын және 2040 жылға қарай тапшылық ағымдағы тұтынудың 50 пайызына жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның үстіне шаруалар пайдаланатын судың 40 пайызы трансшекаралық өзенге тиесілі. Саммитте бұл мәселе де көтерілді, нақты шешімдер де ұсынылды.
Расында да, тіршілік нәрінің қауіпсіздігі – күллі әлемге ортақ сынақ. Мәселен, ресми ақпаратқа сүйенсек, әлемде 2030 жылға дейін 300 мың шақырым өзен мен 350 миллион гектар жердегі сулы батпақты жерлерді қалпына келтіру көзделіп отыр. Қазақстан да су дипломатиясына ерекше мән береді және осы мақсаттарға жетуге өз үлесін қосуға дайын. Еліміз үшін басты бағыттың бірі – Арал теңізі мен Балқаш көлін қалпына келтіру жұмыстары. Айта кетсек, саммит аясында Балқаш көлін сақтау үшін Франциямен бірлесіп 2 келісімге қол қойылды. Жалпы, Сауд Арабиясында өткен саммит саладағы серіктестікке серпін бермек. Бұл жиын 2026 жылы өтетін Су жөніндегі конференцияға дайындық. Жиында трансшекаралық сулар және тұщы су экожүйелері бойынша ынтымақтастық, саладағы техникалық шешімдер талқыланды. Сондай-ақ, су және санитария секторларында қаржыландыру мен судың өндірістегі рөлі қаралды.
Қазақстан судың қадірін анық сезінеді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев One Water саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, бірнеше мәселе көтерді. Мемлекет басшысы мұздықтарды қорғау мен зерттеуге арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынып, су қауіпсіздігі орнықты дамудың, экономикалық өрлеудің және қоршаған ортаны қорғаудың негізі болып саналатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған шараларды бірлесіп қабылдауға шақырды.
Мемлекет басшысының пікірінше, су көздерін өнеркәсіптік, химиялық, ауылшаруашылық және тұрмыстық ластанудан қорғау ісінде технологиялық инновациялар мен реттеу тетіктерін қолдану қажет. Судан таршылық көрмеудің маңызды аспектілерінің бірі – су қоймаларының әлеуетін арттыру, мұздықтарды сақтау, суарудың инновациялық жүйесін енгізу. Қасым-Жомарт Тоқаев мұздықтарды қорғау мен зерттеуге арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев суға байланысты туындайтын табиғат апаттарының алдын алу су қауіпсіздігінің маңызды бөлігі саналатынына назар аударды. Жыл сайын су тасқыны мен қуаңшылықтан әлемде 1,5 миллиардтан астам адам зардап шегеді. Әсіресе, бұл шағын аралдар мен жағалауда тұратын халықтың әлсіз топтарына қатты әсер етеді. Президент азаматтарды қорғау және қауіп-қатерді азайту мақсатында ерте сақтандыру жүйесін жетілдіру өте өзекті деп санайды.
Мемлекет басшысы су тапшылығы азық-түлік және энергетика қауіпсіздігіне, өнеркәсіп өсіміне қауіп төндіретінін айтты. Президенттің пікірінше, ауыл шаруашылығындағы су үнемдеуге және энергияның жаңартылатын көздерін дамытуға салған стратегиялық инвестициялар экономика тұрақтылығын арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға қысымды төмендетеді.
Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы жаһандық басымдықтардың бірі су ресурстары екенін еске салды.
Саммитте Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Сауд, Франция Президенті Эмманюэль Макрон, Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Банга, Су ресурстары экономикасы жөніндегі жаһандық комиссияның тең төрағасы (GCEW) Йохан Рокстрем, сондай-ақ басқа да елдердің басшылары, халықаралық ұйымдардың, қауымдастықтар мен компаниялардың жетекшілері сөз сөйледі.
Саммит аясындағы келелі кездесулер
Дүниежүзілік банк көлік жолдарының орнықтылығы мен байланысын жетілдіру бағдарламасы шеңберінде қазақстандық жобаға 650 миллион АҚШ долларын бөледі. Қаржы институты өзге де ірі жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Бұл туралы Сауд Арабиясында өткен One Water саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Банга мәлімдеді.
Басқосуда еліміздің Дүниежүзілік банкпен стратегиялық серіктестігінің мәнін ерекше атап өткен Мемлекет басшысы Орта дәлізді дамытуға, атап айтқанда, Жезқазған – Қарағанды автомагистралінің құрылысына салынатын инвестицияның маңызына назар аударып, банктің шешімін құптады. Ал, Аджай Банга Дүниежүзілік банктің Қазақстанмен арадағы ықпалдастық деңгейіне жоғары баға беріп, өзара тиімді байланысты бекітуге дайын екенін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жұмыстың ұзақмерзімді перспективасын айқындау үшін Аджай Банганы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Айта кетейік, бүгінде елімізде қаржы институтымен бірлесе су ресурстары, көлік және білім беру салаларында жалпы құны 3,5 миллиард доллар болатын бес ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.
Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудпен кездескен Мемлекет басшысы Қазақстан мен Францияның төрағалығымен өтіп жатқан саммит әлемдегі экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан мен Сауд Арабиясының арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, осы кезеңде екі ел арасында сенімді саяси диалог жолға қойылып, берік құқықтық база қалыптасты. Сондай-ақ, бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асты. Кездесу барысында энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Қазақстанды Сауд Арабиясының Орталық Азиядағы маңызды серіктесі деп атады. Премьер-министрдің пікірінше, екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын қарқынды түрде дамытуға мол мүмкіндік бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев Рияд қаласында өтіп жатқан One Water саммиті аясында Франция Президенті Эмманюэль Макронмен кездесті. Мемлекет басшысы қазақ-француз қарым-қатынастарын берік стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткізу үшін Парижде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті.
Эмманюэль Макрон Қазақстан мен Франция арасындағы ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және «жасыл» экономиканы дамыту секторларында күш біріктірудің мәні зор екенін жеткізді. Тараптар энергия тиімділігі, таза технологиялар, су ресурстарын басқару, инновациялар, деректер алмасу және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру перспективаларын талқылады.
Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев бірер күн бұрын Ақордада Президент кеңесшісі – Халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкіл Зүлфия Сүлейменованы қабылдаған болатын. Өткен және алдағы халықаралық шараларды талқылаған қабылдауда Мемлекет басшысына 3 желтоқсан күні Эр-Рияд қаласында өтетін One Water Summit халықаралық іс-шарасына әзірлік барысы баяндалып, Президент Зүлфия Сүлейменоваға Қазақстанның экология, су ресурстары әрі биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы бастамаларын сапалы іске асыруды тапсырды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП