Мәдениет

Үздік жастар марапатталды

Таразда әртүрлі сала бойынша үздік деп танылған жастарға қала әкімінің «Тараз AWARDS» сыйлығы тапсырылды. Әр саланың мықтылары 15 түрлі номинация бойынша сынға түсті.

Жергілікті атқарушы органдар, кәсіподақ, шығармашыл ұйымдарының және оқу орындарының ұсыныстарымен жасы 35-ке дейінгі жастардың құжаттары қабылданып, жастардың байқауын өткізу жөніндегі комиссияның шешімі бойынша 15 номинацияның жеңімпаздары анықталды.

Ең әуелі қала әкімдігіне қарасты жастар ресурстық орталығының әлеуметтік тапсырысы аясында жарық көрген жас ақындардың «Тараздың жыр маржандары» атты ұжымдық жинағының тұсауы кесілді. Салтанатты рәсімге арнайы келген қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил аталған жинақтың жарық көруімен барша әулиеаталық жас қаламгерлерді шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта әр ақынның жеке жинақтарын шығаруға қолдау көрсететінін тілге тиек етті. Айта кету керек, аталған жыр жинаққа тарихи шаһарда қалыптасып келе жатқан 19 жас ақынның туындылары топтастырылған. Жинақ қаладағы кітапханаларға таратылып, оқырмандарға қолжетімді болмақ.

Марапаттау рәсімінде қала әкімінің орынбасары бұл сыйлықтың мән-маңызы мен шаһардың қоғамдық өміріндегі салмағын екшеп берді.

Қала жастарының азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, білім, ғылым, өнер, мәдени, шығармашылық деңгейінің артуына және өңірдегі жастар саясатындағы өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға жағдай жасай отырып, әртүрлі салада жетістікке жеткен және қоғамдық өмірде белсенді болған жастарды көтермелеу және қолдау мақсатында осымен алтыншы мәрте тапсырылған сыйлыққа 15 жас үміткер атанып, әрқайсына ақшалай сыйақы табысталды. Атап айтқанда, «Үздік жайдарманшы» номинациясымен «Жайдарлы Жастар КВН лигасы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Нұрлан, «Үздік жас баспа журналист» номинациясымен «Jambyl-Taraz» газеті бас редакторының орынбасары Мұратхан Әлімхан, «Үздік жас тележурналист» аталымымен «Taraz24» теле арнасының журналист-редакторы Гүлнар Тайжан, «Жас мемлекеттік қызметкер» аталымымен Жамбыл облысы әкімдігінің дін басқармасының маманы Асылхан Қалмырзаев, «Үздік төтенше жағдайлар қызметінің жас қызметкері» номинациясымен Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Бостанбай Абдуллаев марапатталса, «Жастар ісі жөніндегі үздік қызметкер» номинациясында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Даурен Мамыш, «Қоғамдық қызметтегі үздік жас» номинациясында Облыстық халық шығармашылығының қызметкері Аяна Ким, «Үздік жұмысшы жас» номинациясында Тараз қаласы әкімі аппаратының медиа орталығының директоры Балнұр Бектұрғанова, «Үздік жас волонтер» номинациясында Ш.Мұртаза атындағы ХТИИ студенті Аружан Мухан, «Үздік әлеуметтік қызмет маманы» номинациясында Бақдәулет Тілеухан, «Үздік жас мұғалім» номинациясында «Озат білім компаниясы» ЖШС мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Ерлан Нұрланов, «Үздік мобилограф» номинациясында «Тараз Достары» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшесі Елнұр Серік, «Үздік оқушы» номинациясында Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Арсен Анарбек, «Мәдениет саласының үздік жас маманы» номинациясында Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының қызметкері Ғалия Абылай үздік деп танылып, марапат төрінен көрінді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ