Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
«Балалық шақ – патшаның тағы» демекші, адам өміріндегі ең ғажап уақыт балдәурен кезең. Өмірдің ойынына батып, алаңсыз тірлік кешкен ғажап уақытқа не жетсін, шіркін! Ал, сол тәтті шақтың қызықтары туралы әдебиетте Бердібек Соқпақбаевтан артық жазған қаламгер жоқ. Автордың күллі қазаққа белгілі «Менің атым Қожа» шығармасына кино түсірілсе, бүгінде елдегі театр сахналарында тамаша қойылымдар көрсетіліп жатыр. Облыстық А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театры биылғы 89-маусымындағы алғашқы премьерасы «Менің атым Қожа» спектаклін сахналады.
Адамның ой-өрісі мен танымын ұшқыр қиялға жетелейтін, кейіпкерлерін ізгі қасиеттерге тәрбиелейтін қойылымды жергілікті жұртшылық жылы қабылдады.
«Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін...» деп басталатын шығарманы аға ұрпақ кезінде жата-жастана оқығаны мәлім. Қазақ балалар әдебиетіндегі шоқтығы биік туындының желісі бойынша сахналанған қойылымда Қожаның басынан өткізген оқиғалары, сондай-ақ достық пен мейірімділік сынды киелі ұғымдар дәріптеледі. Спектакль жасөспірім баланың мысалында ата-ана, мектеп және қоршаған орта арасындағы қарым- қатынасты ашып көрсетіп, отбасылық институттың маңыздылығын таныта түседі. «Әжем мен анама өмірдің бар бақытын көрсетсем деймін», деп армандайтын жасөспірімнің ара- тұра сыртқа шығып кететін тентек мінезі көпке ұнамағанымен, Қожадан айналасындағылар үлкен үміт күтеді. Осындай сәтте қазақтың тентекті тыйып, тезге салатын тәрбие мектебі бар емес пе... Бала Қожаны мектеп, сыныптастары, анасы мен әжесі болып ізгілікке шақырады.
Қожаның қоғамда өз орнын табуына, азаматтық тұрғыдан жетілуіне көп адам ықпал етті. Олар – үйіндегі анасы мен әжесі, ұстазы Майқанова, ең арысы – досы Сұлтан және сыныптастары. Драма соңындағы анасының баласына деген сенімі жасөспірімнің ойын 180 градусқа өзгертіп, оның ішкі жан дүниесінде болып жатқан құбылыстарды жағымды жаққа бұрып жіберді. «Мен мына байтақ даланың Қожасымын» деп арқалануы да дархан даладағы еркін қазақ халқының мінезін танытады. Осы арқылы жазушы Бердібек Соқпақбаев қазақ – өзі жайлап отырған мемлекеттің қожасы екенін осы жолдармен-ақ бейнелеп жазып кеткендей...
Жалпы, жазушының ғасырлық мерейтойына орайластырылып қойылған қойылымның құрамы да дені жастардан құралған. Мұнда басты рөлдегі Нұрасыл Шегатай, Жанар рөліндегі Аяна Өмірбек, Жантасты бейнелейтін Елдос Ақылов, Сұлтанды ойнаған Серікбай Малбағаров сынды жас актерлердің сахнадағы талпыныстары көпшілікті тәнті етті. Сондай-ақ, Миллат рөлін Мәдениет саласының үздігі Жадыра Құлтаева, Рахманов ағайды Жандос Ильясбеков, Майқанованы Индира Мұстафаева жоғары деңгейде сомдап шықты. Қойылымның қоюшы-режиссері Саламат Мырзатаев, қоюшы суретшісі – Әйгерім Амангелді сахналық ойындар арқылы сахна атмосферасын неғұрлым көрерменге етене жақын еткісі келгендігін аңғаруға болады. Достық пен адалдықты, мейірімділік пен махаббатты ту еткен туынды жас көрерменнің көңілінен шығып, ыстық ықыласқа бөленді.
Нұрболат АМАНБЕК