Шетелде діни білім алу қауіпті ме?
Шетелге діни білім алуға кеткен әрбір азамат тек өзін ғана емес, өз елінің де басын қауіпке тігетінін түсіне бермейді. Ақырында өзгенің діни танымын, діни тәжірибесін, діни санасын елге алып келіп, өзіміздің мәдени құндылығымызды, тарихымыз бен дүниетанымымызға қайшы мінез-құлықта келеді. Сонысымен өзге азаматтарды да шатастырады. Исламдағы уақ құбылысына негізделген кез келген орталықтың арнайы білім беру стандарттары мен тәжірибесі университет стандарттарынан бөлек. Бұл діни тәжірибе салты әрі әлеуметтік психологиялық қалыптасуының орталығы екендігі жасырын емес.
Шетелде білім алғандар дінді ғылыми тұрғыдан ой елегінен өткізбей, дін мен дәстүр, Конституция мен шариғат, зайырлылық пен діншілдіктің арасын шатастырып жібереді. Осыдан қауіп туындайтыны рас. Қазіргі заман адамдары білімнің діни және дүниелік деп екі тармаққа бөлінетінін біледі. Осы екі білімнің алатын өз орындары бар және олар бірінің орындарын бірі алмастыра алмайды. Екеуі де адамның толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік беретін қажетті білімдер екені анық. Бұл білімдерді діннің білімі, дүниенің білімі деп бір-біріне қарсы қою немесе бірін таңдап, біріне немқұрайлы қарау дұрыс емес екендігін ұғыну қажет.
Тәуелсіздікке қол жеткізген тоқсаныншы жылдары сенім-наным бостандығы берілген кезде жастар білім аламыз деп Түркия мен Араб елдеріне ағылды. Басында бұл жақсы болып көрінгенімен, көп ұзамай «сәләфи», «хизбутшы», «сопы», «таблиғшы», «құранит» деген түсініктер жете басады. Сан тарауға бөлініс басталды. Олардың көбі киімі мен түр әлпетіне өзгеріс жасап, дін мен тіл, тарих пен мәдениет, ұлттық құндылықтарымызға қарсы шыға бастады. Бұл үлкен қасірет әрі қауіп. Сондықтан діни салаға бет бұрған азаматтар алдымен өз елінің тарихын, мәдениетін, тұрмыс-салтын жетік меңгергені, яғни ұлттық құнылықты бойына сіңіргені жөн.
Ислам діні – асыл дін. Асыл дінімізді бағалау, түсіну, ұғыну – баршамызға парыз. Сонымен қатар, қазақ екенімізді де ұмытпаған жөн. Қазақтың дәстүрін, болмысын, термесі мен халық әнін, салт дәстүрі мен тағылымын көңілге түю аса өзекті. Қазақы болмысты бойына сіңірген әрбір азаматтың таңдауы басқа болып, ұлттық болмыстан аулақ кете алмайды. Бұл – шындық.
Баршаға белгілі, елімізде азаматтардың діни білімді шетелдерден алуға жалпы қарсы емес. Осы орайда мамандар діни білім алам деушілер дін саласындағы білімді өз елімізде қалыптастырып, одан кейінгі магистратура, докторантура деңгейіндегі білімді шетелдік теологиялық оқу орындарынан алса дейміз. Оның өзінде санаулы білім ошақтары ғана аталады. Мысалы, Мысырдың Каир қаласындағы – «Әл-Азхар» университеті, Түркия Республикасы, Стамбул қаласындағы Стамбул университеті, Мармара университеті, Хасеки институты, Анкара қаласындағы Анкара университеті, Кония қаласындағы – Селжук университеті, Малайзиядағы – Малайзия Халықаралық ислам университеті, Ресей Федерациясындағы Мәскеу ислам университеті, Ресей Ислам институты және Өзбекстан Республикасындағы Ташкент ислам университеті. Христиандық бағыттағы діни білім алушылар үшін Ресей Федерациясындағы Мәскеу рухани академиясы, Санк-Петербург рухани академиясы, Украина Республикасындағы – Киев рухани академиясы, Беларусь Республикасындағы Минск рухани академиясы және АҚШ, Канада, Сингапур секілді мемлекеттердегі діни-рухани, теологиялық оқу орындары ұсынылады. Аталған оқу орындарына қызығушылық білдірушілер мәліметтерді Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің ресми сайтынан алса болады.
Дейтұрғанымен, шетелдік теологиялық оқу орындары қауіпсіз емес. Жұмыс барысында облыс көлемінде тұрғындар мен жастар арасында діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстары барысында көптеп қойылатын сұрақтарға жауап десек те болады. Өйткені, қазіргі ақпарат заманында ғаламтор беттерінде діни материалдар өте көп таралуда. Оның ішінде дін туралы білмей жатып сөз қозғайтындар қаншама. Өздерін шейх-ғалым ретінде таныстырып көптеген адамдарды адастарып жатқандар жетіп артылады. Бұл да қауіптің бір ұшы. Мәселен, осындай сан салаға бөліну, діни білімнің таяздығы үлкен қақтығыстарға да әкеліп отырғанын күнделікті ақпарат арналарынан көріп отырмыз. Бір ғана мысал, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстар орын алып, экстремистік, террористік ұйымдардың үдей түсуі ел іргелерінің сөгілуіне әкелуде. Осындай болмас үшін барымызды бағамдап, қауіптің алдын алған жөн. Бұл жерде ескертетін жайт, жастар діни білім аламын және сол салада еліміз үшін қызмет қыламын десе Отанымызда-ақ оқуға болады. Діни білім алу үшін Қазақстанның да мүмкіндіктері қазір жоғары деңгейде. Мәселен, «Нұр-Мүбарак» ислам мәдениеті университеті елдің белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Қазір онда жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушылар маман даярлаумен айналысады. Сондай-ақ, 2021 жылдан бастап Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Теология» факультеті ашылып, онда теология және дінтану саласында мықты мамандар оқытылуда.
Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті дінтанушы мамандар әзірлеуде.
Бүгінгі күні Қазақстанда бір ислам университеті мен 9 медресе-колледж, бұдан өзге православие мен католиктік діни семинариялары жұмыс істейтінін біреу білсе, біреу білмес.
Жалпы жоғарыдағыларды қорыта келе айтарымыз, шет елде діни білім беретін оқу орындарында ҚМДБ және мемлекетаралық келісім негізінде ғана магистрлік және докторанттық дәрежеде оқуға болады. Бакалаврлық базалық білімді өз еліміздегі оқу орындарынан алғаныңыз абзал. Исламтану, дінтану және теологиялық білім аламын деушілерге тағы да қайталағамыз келеді – Отанымызда кәсіби діни білім алуға толық жағдай жасалған. Алысқа барып адаспайын десеңіз, өзімізде білім алғаныңыз жөн.
Тоты ЕСҚҰЛОВА,
облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының Қордай ауданы бойынша арнайы бөлімінің басшысы.