Заң мен заман талабы
Елімізде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның қабылданғанына биыл 12 жылдан асты. Адамның бір мүшелге толар уақытынан бері осы үкімнің аясында жұмыс атқарылып келеді. Дін дегеніміздің өзі адамның тал бесіктен жер бесікке жеткенше өзімен бірге жүретін, жан-дүниесіне әсер ететін әлеуеті мол дүние. Сондықтан қандай да бір зайырлы мемлекет дінге қатысты өзінің ұлттық заңнамасын түпкілікті айқындап алуға міндетті.
Бұл заңның біздің қоғам үшін маңызы орасан зор. Ол азаматтық қоғамды қалыптастыруды ілгері жылжытуда айтарлықтай ықпал ете алды. Соның арқасында талай-талай кесапаттарды заң талабымен ауыздықтап, халыққа тигізер зардабының азаюына жол ашылды.
Бұл бағытта заң әрқашан керек еді. Оны 1992 жылы тәуелсіздік ала салысымен аз уақыттың ішінде «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңның қабылдануынан да аңғарамыз. Өйткені, ол өз саласында қоғамды түрлі қыспақтардан қорғауға әсер етуі тиіс еді. Ол дер кезінде қабылданған құжат болғанмен, кемшіл тұстары да аз болмады. Соны пайдаланған түрлі, дәстүрлі емес діндердің ағымдары, олардың ішінде қоғам дамуына, ұлттық қауіпсіздігімізге, адамдардың денсаулығына кері әсер ететін діни ұйымдар елімізде көбейіп, көңіл алаңдатарлық жағдайға жетті деп айтуға болады.
Мәселен, тәуелсіздік жылдарының басында ел аумағында барлығы 300-ге жуық діни бірлестіктер болса, 2010 жылдарға қарай олардың саны 4500-ге жеткені нені көрсетеді? Солардың кейбірі сол кездегі қолданыстағы заңның әлсіз тұсын пайдаланып, елдің ішінде іріткі салуға әрекет ете бастаған. Әсіресе, тіркелу мәселесінің барынша солқылдақтығы, сырттан келетін миссионерлерге шектеулердің болмауы, олардың әкеліп, таратып жатқан діни әдебиеттерінің мазмұнына ешкімнің назар аудармауы, міне, осының бәрі діни бағыттағы ахуалдың барынша күрделенуіне жол берді. Тіпті, дін саласымен айналысатын уәкілетті мемлекеттік органның да түрлі министрліктерге беріліп келуі бұл істерді реттеуде тұрақты мүмкіншілік тудырмады. Осылардың бәрі, сайып келгенде, жоғарыда айтқан кемшіліктерді туғызды.
Бірақ уақыт өзгермей, алдыға жаңа талаптар қоймай тұра алмайды. Бұл – өмір заңы. Сондықтан осыдан бұрын қабылданған құжатты қайта қарап, толықтырып, өркениетті мемлекеттің заңнамалық нормаларына жақындатып жетілдіру бұл табиғи нәрсе.
Дін туралы жаңа заңды дайындау шаралары 2006-2009 жылдары өте қарқынды, жан-жақты жүргізіліп, 2011 жылдың аяғында қабылданғанға дейін көп уақыт алды.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда қоғамның күтіп отырған басты-басты мәселелері айқындалып, біздің қалыптасқан діни наным-сенімімізге, ата-бабадан қалыптасқан дәстүрімізге, отбасылық ынтымағымызға кедергі келтіріп, түрлі жолдарға итермелейтін зиянды діни ағымдарға тыйым салуға үлкен көмек болды.
Сондықтан, осы мәселелерді реттеуге бағытталған біздің заңымыздың маңызы сонда еді. Құжатқа зиянды ағымдардың жұмысына өркениетті жолмен тосқауыл қоя алатын тетіктер енгізілді деп айта аламын. Ол – діни бірлестіктер мен миссионерлердің қайта тіркелуін талап етіп, реттейтін норманың енгізілуі.
Әрине, бұл құжат төрт құбыласы түгел заңнама ретінде ғасырлар бойы өміршеңдігін жоғалтпайды деуге келмейді. Оның да жетілдіруді қажет ететін тұстары болуы мүмкін.
Өткен жылдың аяғында Қазақстан Республикасының Үкіметі хабарлағандай, депутаттар мен мүдделі мемлекеттік органдар бірлесе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заң жобасын әзірлеуде.
Қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы дін саласында жауапкершілік қатынастардың қалыптасуында өз міндетін орындады. Дегенмен, 2011 жылдан бері дін саласында әлемдік деңгейдегі жағымсыз үрдістер күшейе түсті. Дін саласына қатысты соңғы жылдары әлемде орын алып жатқан құбылыстар қоғамдық қатынастар жүйесі мен мемлекеттік құрылымды түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін екенін көрсетуде. Біздің елімізде қоғамның жағдайы мен оның діни саладағы сұраныстары өзгерді. Діншіл адамдардың үлесі артты, діни аудиторияға шетелден ықпал ету едәуір күшейді. Бұған ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және жаһандану процестері әсер етуде. Сондықтан, дамуымыздың жаңа кезеңінде діни қатынастарды реттеудің құқықтық тетіктерін жетілдіру заман талабына айналып отыр.
Бұл мәселенің қазіргі жағдайдағы өзектілігін ескере отырып, Үкімет діни қызмет саласындағы заңнаманы, атап айтқанда «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарын енгізу; деструктивті діни ағымдарды ұстанушылармен оңалту жұмысын заңнамалық қамтамасыз ету; діни әдебиеттерді, ақпараттық материалдар мен діни мақсаттағы заттарды таратуға мүмкіндік беретін субъектілердің тізбесін әзірлеу; интернет-ресурстар; қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім заттарын киюге шектеулер енгізу және тағы басқаларын жетілдіруді көздеуде.
Бұл өзгерістің де елімізде дін саясатының дұрыс жүруіне, имандылықтың кең қанат жаюына ықпал ететініне сеніміміз мол.
Еркебұлан АҚБАЙ,
облыс әкімдігі дін істері басқармасының бөлім басшысы.