Әлеумет

Ең асыл жол –ізгілік жолы

Қазіргі таңда елімізде имандылықтың дұрыс бағытта таралуына нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Бір кездегідей теріс ағымды үгіттейтіндер де, өзге ағымдардың жетегіне еріп кететіндер де азайған. Қазір бұрынғыдай екі-үш айлық курстан өткендер емес, мешіттерге бас имамдыққа «Нұр-Мүбарак» ислам университетін, имамдар дайындайтын үш жылдық арнайы медресені бітірген мамандар тағайындалуда. Бұл имандылық ұясы саналатын мешіттердегі жұмыстың күшейгенін, кадрларды таңдау дұрыс жолмен жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Қоғамда әрбір адамның мешітпен байланысы бар. Мейлі ата-әжесіне Құран оқытса да, мейлі жайсыз түс көрсе де, жолы болмай кетсе де мешітке бас сұғады. Бұл күн сайын бес уақыт құлшылығы жоқ кісілердің де Жаратушыға деген сенімі. Мешіт имамдары өздерін іздеп барған кез келген кісіні жылы қабылдап, оларға жақсы сөйлеп, өтініштерін орындап жатады. Тіпті, мешітке келген қадамдарына қанша сауап жазылатынын айтып, сәждеге бас қоя алмай жүргендерге ой салып, қатайған жүректерді жібітуге ұмтылады. Яғни, мешіт қызметкері қатардағы тұрғындарды қабылдаған кезде даналық танытады. Олардың қарапайым адамдардан айырмашылығы да міне осы тұста болса керек. Келген әр кісінің мешіт жұмысына, имамдарға деген көзқарастары оң болып қайтса, онда жұмыстың жеміс бергені.

Күнделікті өмірде адамдар қарбаласпен жүргенімен, қиналған шағында мешітті іздейді. Өмірде тұрғындардың рухани мәселесі өте көп. Біреу отбасымен түсінісе алмайды, біреу ағайындарымен араз. Түрлі сырқатқа ұшыраған кісілерді де төрт құбыласы түгел жандар деп айту қиын. Сондықтан имандылық ордасы саналған мешіттерде сауатты кісілердің имам болғаны өте маңызды.

Ұзақ жыл ислам дініне қызмет етіп келе жатқан Жуалы ауданындағы «Жуалы» мешітінің бас имамы Сейітқазы Медетбек:

Біз де көпшілік кейде ауыл имамдарын жұма намаз өткізетін және әр үйге кіріп Құран бағыштайтын кісі ретінде ғана қабылдайды. Бір қараған кісіге ауыл молдалары солай көрінетіні де рас. Бірақ ауыл тұрғындарына діни тұрғыдан тәрбие беретіндер де, елді мекендерге жақсылықтың дәнін тарататындар да – имамдар. Оны естен шығармаған жөн. Жақында өзім туып-өскен ауылдағы жұма намазға қатысып қалдым. Сонда байқағаным, жамағаттың жартысы бұрын мешітпен байланысқан, жұма намаздан қалмаған кісілердің ұлдары мен немерелері. Бұл нені көрсетеді? «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, отбасы мен әулетте болған тәрбие қанша жылдар өткеннен кейін болса да жемісін береді. Осыны баршамызға түсінетін мезгіл жетті. Бүгінгі жастар арасындағы қатыгездік пен бұзақылықтың себептері де осы жас ұрпақ тәрбиесіне өз деңгейінде мән бермеуімізде жатқан сияқты. Ал ең асыл жол – ізгілік жолы.

 

Есет ДОСАЛЫ