Аймақ

Ауданда атқарылған жұмыс көп

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында соңғы он айдың қорытындысы бойынша Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында есеп берді. Аудан басшысы ең әуелі ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, бөлшек сауда айналысы, өнеркәсіп, құрылыс салалары бойынша жетістіктерді кеңінен айтып өтті.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша құны 584,6 миллион теңгені құрайтын 3 жоба іске асыпты. Мұнан соң Ернар Серікәліұлы әлеуметтік, мәдениет пен руханият салаларының дамуына тоқталды. Білім саласы бойынша Малдыбай ауылында 120 орындық орта мектептің құрылысы аяқталып, Қарақат ауылында №2 орта мектептің спорт залы жаңадан пайдалануға беріліпті. Денсаулық саласында да ілгерілеу байқалады. Қайыңды мен Сәбденов ауылында 15, Қорағаты ауылында 10 келушіге арналған ауылдық фельшерлік пункт пайдалануға берілгені де тұрғындар үшін зор қуаныш. Жаңатұрмыс ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынса, Ақыртөбе, Жаңатұрмыс, Д.Қонаев ауылдық Мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткен.

Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша құны 2,2 миллиард теңгені құрайтын 8, көлік жолдары бойынша 24, «Бизнестің жол картасы» бойынша 1 жоба сәтті жүзеге асқан.

Құлан ауылдық округі бойынша 2024 жылға жалпы 1,3 миллиард теңге қарастырылып, Панфилов көпқабатты үйлерді күрделі жөндеу үшін 185,7 миллион теңге жұмсалған.

Ауыз сумен қамту бойынша 2 жоба жүзеге асып, 1 көшеге шағал тас төсеу, 1 көшені орташа жөндеу және асфальт жабынындағы шұңқырларға жөндеу жұмыстары тиімді шешілген. Құлан ауылындағы 6 көшеге жарық орнатылып, 4 көшенің жолы ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар, 3 футбол алаңы, 2 стрит воркаут, 5 су жүйелерін жөндеу, 6 көшені көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары оң шешімін тапқан.

Құлан ауылында «Арай тұрғын үй» алабынан 160 пәтер салынып, бүгінгі таңда 80 пәтерлі көпқабатты үй толық пайдалануға берілсе, кезектілік тәртібімен 65 отбасы қоныс тойын тойлаған. Қалған 15 пәтердің кілті қараша айының соңына дейін тапсырылады. Одан бөлек, Луговой ауылынан 20 пәтер күрделі жөндеуден өтіп, қызметтік пәтер ретінде табысталды. Сонымен қатар, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында соңғы

3 жылда 29 үй мұқтаж отбасыларға салынып беріліпті. Сонымен қатар, жылумен қамту, тазалық жұмыстары да үнемі назарда.

Брифинг соңында Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, қарапайым тұрғындардың мәселесін тыңдауға және мүмкіндікке қарай шешуге қай кезде де ықыласты екенін айтты.

 

Есет ДОСАЛЫ