Қоғам дерті - құмар ойын
Жуырда құмар ойынның құрығына түскен бір жас жігіттің өзекті өртеген өкініші жөніндегі әңгімесін көзіміз шалды. Шағын әңгімеде әлгі жігіт құмар ойнаудан ешкімге дес бермеген атақты бір құмарпаздың барын естіп, арнайы іздеп барады. Сонда жас жігітке егде тартқан әлгі кісі: «Балам-ау, сені мұнша құмарпаз болуға итермелеп тұрған не нәрсе? Байығың келеді ме? Егер сол арқылы баюға болатын болса, мен бай болар едім. Мен шынында да елдің айтқанындай құмарлықтың шегіне шыққан адаммын. Бірақ, қазіргі халімді қара. Сол құмардың кесірінен бала-шағамнан безіп, бар дәулетімнен айырылып тындым. Қартайған шағымда қурайдай қу басым ғана қалды. Сол кездегі істеген істерімнің жазасын енді тартып отырмын. Маған қара да, ғибрат ал», – деп жауап береді. Иә, санасы бар адамға ой саларлық оқиға. Алайда, осы бір ауыз сөз құмар ойын ойнайтындардың санасында жатталар ма екен...
30 миллиард теңге айналымда жүр
Атап өтерлігі, құмар ойын бизнесімен айналысатындар салық төлемдері арқылы бюджетті де қаржыландырып отырғаны ақиқат. Айта кетейік, біздің елде Көкшетау мен алып шаһар Алматыдан 70 шақырым қашықтықта орналасқан Д.Қонаев (бұрынғы Қапшағай) қаласында ғана ресми түрде жұмыс атқаруға рұқсат берілген. Бірақ, заңсыз бағытта құмар ойынның өзге де түрлерін таратып, қалтаға түсіп қана қоймай, келушілердің өмірін өкінішке айналдырғандар қаншама?!
Жалпы, Қазақстанда букмекерлер және тотализаторлар ұйымының құрамына 30-дай букмекерлік кеңсе тіркелген. Кейбір деректер бойынша елімізде бұл бизнес саласында шамамен 30 миллиард теңге айналымда жүрген көрінеді. Негізі, букмекерлік кеңсе қызметіне біздің елде рұқсат етілген. Оны ашу үшін керекті құжаттарды жинап, жауапты министрлікке тапсыру керек. Сондай-ақ, лицензия алу құнын төлесеңіз жеткілікті. Тіпті, бұл орталықтарға қолжетімділік арта түскені соншалық, ұялы телефон арқылы да ұтыс тігуге мүмкіндік бар. Ал, бұл ойын аппараттары мен орталықтар қаншалықты бақылауда? Мұны ешкім де дөп басып айта алмайды.
Құмар ойыннан құтылу мүмкін бе?
Лудомания ауруы адамның тәнінен гөрі жанына кері әсерін едәуір көп тигізеді. Дәрігерлердің айтуынша, ойын кезіндегі толқулар адреналин және басқа стресс гармондарының, ал жеңіске жеткен кезде дофамин мен серотониннің бөлінуін тудырады. Осы екі күйдің адамдарда өзгеруі толқу, стресс және ләззат алу күйін кештіреді. Ендеше, қоғамда көп толғандыратын сұрақтардың бірі – құмар ойынға тәуелділікті қалай емдеуге болады? Егер ауыр жағдайдағы құмар ойынға диагноз қойылса, тәуелділікті емдеу міндетті түрде дәрі-дәрмектерді қамтиды. Серотонин мен норепинефринді қайта қабылдау ингибиторларын, опиоидты рецепторлардың антагонистері мен көңіл-күйді реттейтін литий тұздарын қолдануға мәжбүр болады. Ал, бастапқы құмар ойынға диагноз қойылса, антидепрессанттарсыз және басқа да ауыр медициналық «артиллериямен» тәуелділікті психотерапияның көмегімен емделеді. Дегенмен, бұл психологиялық дерт болғандықтан тәуелділіктен тиімді арылту үшін емдеу жан-жақты болуы керек. Емдеу процесі ұзаққа созылатындығын психотерапевтің ғана емес, пациенттен де толық жауапкершілікті талап етілетінін ескеру қажет. Сонымен қатар, емдеу тәуелді науқастан бөлек, оның әйелі, күйеуі, туыстары үшін де жүргізіледі.
5 мың адам өз-өзіне қол жұмсаған
Мамандар ойынқұмарлықтың нашақорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиян екенін алға тартады. Себебі, құмар ойынға салынған адам жеңілген сайын депрессияға ұшырап, жүйкесі жұқара бастайды. Тіпті, есінен адасатындар да кездеседі екен. Ал, құмар ойынға салынған адамды одан арашалап алу оңай емес екені белгілі. Өйткені, осы дерттен айығу үшін қыруар қаржы керек. Лудомандарды емдейтін психологтар әкесінің құнын сұрайды. Ең сорақысы, құмар ойынға салынушылар арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар да жыл санап арта түсуде. Мәселен, статистика бойынша, жыл сайын Қазақстанда 5 мыңнан аса адам өз-өзіне қол жұмсаса, олардың басым бөлігі – құмар ойынның құрбаны болғандар екен.
Иә, дамыған елдерде құмар ойындарға деген құштарлықты психологиялық ауру ретінде қарастыруда. Ол тіпті аурулар мен денсаулыққа байланысты мәселелердің халықаралық статистикалық жіктемесі тізімінде де бар. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ойынқұмарлықтың қауіпті екенін ескере отырып, «лудомания» деген арнайы медициналық диагноз енгізді. Осы арқылы жаһандық ұйым құмар ойындар мен компьютер ойындарына тәуелділер нашақорлар мен маскүнемдер сияқты эмоционалды жандар екенін мойындады. Мәселен, АҚШ-тың құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастықтың зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6 пайыз болса, маскүнемге айналуы 34 пайыз, нашақорлыққа салынуы 32 пайызды көрсеткен. Өкінішке қарай, ойынқұмар болуы 48 пайызға жетеді екен. Қорқыныштысы, бұл көрсеткіш жылдан- жылға өсіп барады.
Бес жылда 42 дерек анықталған
Абырой болғанда, бірнеше жыл бұрын облыс орталығындағы «Фортуна», «Олимп», «Зенит» секілді букмекерлік кеңселер жабылып тынды. Алайда, осынау ойынханалардың кесірінен талай отбасының тас-талқаны шығып, жамбылдықтар қаншама қаражатынан қағылды. Оңай олжа іздегендердің құмар ойынға жіпсіз байланып, барынан айырылғанын көз көрді. Ал, бүгінде ұялы телефон арқылы логинмен ойнайтындардың бар екені жасырын емес. Онлайн ойынның жетегінде жүргендерге қайтсек тосқауыл бола аламыз? Жалпы, өңірімізде заңсыз ойын бизнесімен күрес қай деңгейде жүргізіліп жатыр? Қай аудандарда заңды белден басқандар көп?
Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметіне сүйенсек, Тараз және Шу қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректері анықталған. Бүгінгі таңда осы дерекке қатысты еліміздің Қылмыстық Кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, 1 іс сотқа жолданған. «5 жыл ішінде департамент қызметкерлері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 42 дерегін анықтады. Нəтижесінде 38 қылмыстық іс сотқа жолданды. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша Тараз қаласы көш бастаған. Облыс орталығында 18 дерек тіркелген. Сондай-ақ, Шу ауданында 10, Қордай ауданында 6 дерек анықталды», – делінген ақпаратта.
Пайдаға кенелемін деп батпаққа батасың?
Иә, құмар ойынға бір бас сұққан жан букмекерлік кеңсеге қайта-қайта барғысы келіп тұратын психологиялық дертке ұшырайтыны белгілі. Алдымен қолындағы барын берсе, уақыт өте өз үйіндегі бағалы заттарға қол салады. Ал, мұндай ойындардың кез келген смартфонда жарнамасы жарқырап жүруі жығылған үстіне жұдырық. Сондай ойындардың ішіне кірсең «карта нөміріңді жаз» деп тұрады. Кейінгісі белгілі ғой. Алдымен 5-10 мың, кейін есепшотыңдағы қаражатыңның қайда кеткенін білмей қаласың. Нәтижесінде пайдаға кенелемін деп батпаққа батасың.
Мұхаммед Пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде: «...Мұсылманның алданып, ермек еткен бос ойындарының барлығы бекершілік. Тек садақ атып, атқа мінуді үйрену және әйелімен қалжыңдасудан басқа», – деген. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде құмар ойындар жайлы: «Ей иман келтіргендер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және пал ашу оқтары лас, шайтанның амалдары. Одан аулақ болыңдар, бәлкім құтыларсыңдар», – деп бұйрық етеді. Ал, келесі аятта: «Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық пен кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ендеше, тыйылмайсыңдар ма?», – делінген.
Алайда, көзді ашып-жұмғанша өте шығар қысқа ғана ғұмырында осындай ойындарға ілігіп, өздерінің күнәлі істер жасап жатқанын ойламайтындардың көптігі өкінішті, әрине. Қысқа өмірдің қадір-қасиетін жете түсінетіндер болғанымен, азаматтардың басым бөлігі мұны шын бағамдай білмейді. Олар арақтың арбауына түскендер мен құмар ойынының құрсауында қалған жандар. Ең сорақысы, мұндайлар құмарға қалай құмартып қалғандарын өздері де аңғармай қалады.
«Құмарланып, шаттанба, ойнап босқа күлуге...»
Сөздері сан ұрпаққа сабақ болған Абай Құнанбаевтың терең мағыналы шығармалары әлі күнге дейін қазақ қоғамында құнын жоймай келе жатқаны анық. Бүгінгі мақаламызға хакімнің «Құмарланып, шаттанба, Ойнап босқа күлуге» деген өлең жолдары дөп келетіндей. Расында, ұлы Абай айтқан құмарлық бүгінде қоғамға қауіп төндіріп отыр. Адам болғысы келетін кейбір адамдар талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақым секілді бес асыл іске ұмтылудың орнына бес дұшпанын шебер меңгеріп алды. Өсек пен өтірікті мейлінше айтып, мақтаншақтыққа бой алдырған олар еріншектіктің кесірінен мал шашудан да алдарына жан салар емес.
Иә, көпшілігіміз құмар ойынның орны толмас қайғы-қасіретке әкелетінін білеміз. Бүгінде ондай жағдайларды көзбен көріп, құлақпен естіп те жүрміз. Сондықтан, сіз бен біз өзіміздің туыстарымыздың немесе достарымыздың үнемі құмар ойын ойнап жүргенін, оған көп уақыт пен ақша жұмсайтынын байқасақ, дереу дабыл қағуымыз керек. Өйткені, дер кезінде бұл дерттің алдын алсақ, емделу жолы да жеңіл өтеді. Бастысы, құмар ойынға тәуелді болған адам қоғамнан шеттетіліп, өзгелерден қысым көрмеуі қажет. Себебі, бұл оның жағымсыз реакциясын тудыруы әбден мүмкін. Тіпті, мұндай жөнсіз әрекет қателескен жанның өз-өзіне қол жұмсауына әкеліп соғады. Ал, адам баласы өмірге екі келмесі белгілі. Осы ретте «адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайта тапқан соң» деген тәмсілін ұмытпағанымыз абзал.
Есен ӨТЕУЛІ