Өтпелі кезеңдегі дағдарысты ырықтандыру қалай өтті?
1992 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасының «Кәсіпкерлік қызметті қолдау және қорғау» туралы Заңы қабылданған болатын. Осының нәтижесінде облысымызда жекеменшік нысан иелері көбейе түсті. Олардың өз өнімдері де шығарыла бастады. 1993 жылдың 23 ақпанындағы мәліметтер бойынша, агроөнеркәсіптік кешеніндегі құлдырау да тежелген.
Әрине, ауыл шаруашылығындағы міндеттің жүзеге асуы негізінен мал қыстатуды табысты өткеріп, колхоздар мен совхоздардың, шаруа қожалықтарының көктемді қандай дайындықтармен қарсы алатындығына көп байланысты. Өйткені, сол жылдары халық шаруашылығының барлық салалары бойынша жағдайдың құлдырап кеткені баршамызға аян. Бірақ, кейіннен облыстағы жергілікті әкімшілік пен халық депутаттары кеңестерінің қолданған шараларының нәтижесінде жаппай құлдырау тежелді. Ал, қаңтар айында облыстық статистика басқармасының мәліметтері бойынша, кейбір жағдайда алға жылжу үрдісі де байқала бастаған. Облыстық статистика және талдау басқармасының «1993 жылдың қаңтар айындағы облыстың әлеуметтік және экономикалық дамуы туралы» баяндамасында 1992 жылғы қаңтар айымен салыстырғанда 1993 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 100,2 пайызға, соның ішінде азық-түлік тауарлары бойынша 50 пайызға артқан. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және оны өткеру көрсеткіші де артып, мәселен, колхоздар мен совхоздарда ет өндіру (сойылатын мал және құс) 19 пайызға дейін өскен. 1992 жылы тұрақты түрде есептеуде тұратын кәсіпорын, ұйым және мекемелердің (колхоздардың, кооперативтердің), жекеменшік, кіші және бірлескен кәсіпорындар мен шаруашылықтардың қызметкерлері 1993 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша небәрі 2 пайызға ғана қысқарып, 316 мың адам өз жұмыс орындарында қалған. Бұл кәсіпорындар мен ұйымдар өздерінің қызметкерлері мен жұмысшыларының қажеттіліктеріне бір жыл ішінде 13337,1 миллион сом ақша жұмсапты, оның 94 пайызы жалақыға, қалғаны әлеуметтік жеңілдіктер мен материалдық көмектерге бөлінген. Төлемдердің сомасы былтырғы көлемнен 6,5 есеге асып түскен. Ал жыл бойғы орташа айлық жалақы 7,8 есеге артты. Желтоқсан айында жалақы көлемі орта есеппен 10592 сом болды. Сөйтіп, ол 1991 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 11 есеге, ал 1992 жылғы қарашамен салыстырғанда 2 есеге жуық өскен. Еңбекке ақы төлеудің орташа деңгейінің желтоқсанда бұлайша күрт артуы жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қосымша ақы төлеуге, сондай-ақ, бюджеттік сала қызметкерлеріне жоғарылатылған қызметтік жалақы беруге мәжбүр етті. Байқасақ, бұл жерде нарық заманына алғаш қадам басқан 90-шы жылдардың бастапқы кезеңінде жаңа экономикалық қарым-қатынастарды еңсерудің оңай тимегені анық көрініп тұр. Шындығында, еліміздің қалыптасу кезеңінде қиын түйткілдер аз болған жоқ. Солардың ішіндегі ең қиыны жоғарыдағы цифрлар көрсетіп тұрғандай, егемендігіміздің алғашқы жылдарында ауыздықтауға шамамыз келмеген инфляция мәселесі болатын. 1992 жылы 2960,8 пайыз, 1993 жылы 2163, ал 1994 жылы 1158,3 пайыздық деңгейге жеткен құнсыздану процесі экономикамызды шатқаяқтатып кеткені тарихтан белгілі. Бірақ, облысымызда қалай болған күнде де фермалар мен агроөнеркәсіп кешені өңдеу өнеркәсібінің еңбеккерлері қант, ет, шұжық, мал майын өндіруді, балық аулау көлемін арттыра түскен. Осы орайда еске сала кететін бір жай, облыстық статистика және талдау жөніндегі басқарманың мәліметтері бойынша 1991 жылы әр жүз саулықтан 89-дан қозы алынса, 1992 жылы бұл көрсеткіш 92-ге жетіпті. Бұл облыс шаруашылықтары Ө.Байгелдиевтің әдісі бойынша қой шаруашылығын жекешелендіру бағытында отар иелеріне жарты миллион бас қойды жекешелендіруге бергеннен кейінгі көрсеткіш.
Мал шаруашылығының басқа салаларында да даму мен өнім өндіруді арттыру тенденциялары айқын байқалады. Колхоздар мен совхоздарда 1992 жылдың қаңтарымен салыстырғанда ет өндіру 568 тоннаға, яғни 19,04 пайызға артқан. Бұл бағытта, әсіресе Меркі, Талас, Шу аудандары елеулі көрсеткіштерге қол жеткізді. Сүт өндіруде Жуалы, Свердлов (қазіргі Байзақ), Шу аудандары көш бастапты. Осының алдындағы (1992 жылғы) желтоқсан айымен салыстырғанда қаңтарда колхоздар мен совхоздардағы сүт сауудың көлемі 57 тоннаға артқан. Сондай-ақ, мал дәрігерлік алдын алу және емдеу жұмыстарын, күтіп-баптау мен азықтандыруды жақсарту нәтижесінде мүйізді ірі қараның өлім-жітімі 32 пайызға, қой мен ешкі 1 пайызға кеміген. Егер бұл көрсеткішті аудандарға бөліп қарасақ, ірі қараның шығыны Жуалы, Талас, Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) аудандарында едәуір қысқарыпты. Ал, қой мен ешкі Мойынқұм, Шу аудандарында шығынға аз ұшыраған. Соның нәтижесінде Сарысу, Талас, Шу аудандарынан келіп түскен мал мен құс еті көбейген. Ал, сүт дайындау қарқыны Шу ауданында 24 пайызға, Қордайда – 7, Свердлов ауданында 5 пайызға артқан. Статистика және талдау жөніндегі облыстық басқарманың мәліметтері бойынша, ақпан айының басында колхоздар мен совхоздарда жемдік бірлікке шаққанда 398 мың тонна мал азығы болған. Бұл әрбір мал басына шаққанда 7,8 центнерден келеді. Мұның өзі қоғамдық мал басын қыстатуды табыспен аяқтауға берік негіз болғандай.
Нарықтық қатынастар мал шаруашылығының құрылымын қайта қарауды талап еткені анық. Сондықтан да, жергілікті жағдайға байланысты мал шаруашылығын тиімді бағыттарға қарай бейімдеу ісі облыстық әкімшілік тарапынан қолдауға ие болып отырды. Өтпелі кезеңдегі тапшылыққа қарамастан қаржы іздестіріліп, алыстағы мал жайылымдары мен қыстауларға, мал төлдейтін көктеулерге жолдар салынды. Сондай-ақ, ауыл еңбеккерлері тұрмыстық газбен, жанар-жағар май материалдарымен қамтамасыз етілді. Өйткені, халық шаруашылығындағы өнім өндірудің төмендеуін тоқтатуда барлық факторлар еске алынуға тиіс еді.
Енді өнеркәсіп саласына көшсек, нарықтық экономиканың өтпелі кезеңінде қиыншылыққа ұрынған кәсіпорындардың бірі – Шу жөндеу-механикалық зауыты еді. Қосалқы бөлшектердің құнының күн сайын арта түсуі жөндеу жөніндегі тапсырыстарды күрт азайтып жіберген болатын. Жұмыс болмаған жерде айлық та аз еді. Зауытта дағдарысқа қарсы мақсаттағы жұмыстың қарымы ұлғайды. Генератор және стартер жөндеу тапсырыстары күрт кеміген электроцехта екі адамдық төсек, үстел және орындық сияқты үй жиһаздары дайындалды. Мұның барлығы дұрыс болғанымен, айналасы атшаптырым, аумағы әжептәуір зауыттың тындырар ісі одан да ұлғая түсуі керек еді. «Қазагрореммаш» концерні жылыту қондырғылары орнатылған балапан өсіретін клеткалар мен инкубатор дайындау жөніндегі «Птицепром» басқармасынан берілген тапсырысты өздеріне міндеттегенде Шу жөндеу-механикалық зауыты екі тапсырыстың соңғысын қалаған еді. Концерн тарапынан 10 миллион сом несие ақша бөлініп, зауыттың цехтарына инкубатор жасайтын жабдықтар орнатылды. Одақ ыдыраанға дейін мұндай инкубаторлар тек қана Пятигорск қаласындағы зауытта шығарылған екен. Қысқа мерзімде қайта жабдықталған Шу жөндеу-механикалық зауыты Қазақстандағы инкубатор дайындайтын жалғыз кәсіпорынға айналды.
Әрине, өңірімізде өтпелі кезеңде әлеуметтік-экономикалық дағдарысты ырықтандыру бағытында басқа да нақты іс-әрекеттер жүзеге асырылды. Облыстық агроөнеркәсіп кешенінде түрлі салалы экономика қалыптастырылып, Президенттің 1993 жылғы 5 наурыздағы №1137 «Агроөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік ауыл шаруашылық, дайындаушы, ұқсатушы және қызмет көрсетуші кәсіпорындардың мүлкін жекешелендіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығын іске асыру барысын жеделдету мақсатында облыс әкімі Ө.Байгелдиевтің «Облыстық агроөнеркәсіп кешенінде меншіктің үлгісін өзгерту барысы туралы» қаулысы жарияланды. Бұдан кейінгі «1994 жылы тапсырылған астық үшін бөлінген қаржы туралы» қаулыда: «Шаруашылықтардың есебінде және басқа да қаржы көздерінде ақшаның болмауына байланысты көктемгі егіс науқанына дайындық пен оны өткізуде қиын жағдай қалыптасып отыр. Мемлекетке өткізілген астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері үшін әлі толық ақы төленбеген, соның салдарынан ауыл шаруашылығы үшін есепшоттар арқылы жанар-жағар май, қосымша бөлшектер, тұқым, минералды тыңайтқыштар және көктемгі егіс науқанына қажетті басқа да материалдар сатып алу мүмкіндігі болмай отыр. Көктемгі егіс науқанын уақтылы аяқтау және қаржы ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында, «Жамбыл-Астық» акционерлік қоғамына 1994 жылы тапсырылған астық үшін республика бюджетінен келіп түскен 90 миллион теңгені төмендегі аудандарға: Қордайға 34419,0 мың теңге, Шуға – 9426,0 мың, Луговойға – 30000,0 мың, Сарысуға – 155,0 мың, Жамбылға – 8000,0 мың, Свердловқа 8000,0 мың теңге бөлінсін», – делінген.
1994 жылдың 14 қаңтарындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес мемлекеттік меншікті жекешелендіру кеңінен өрістеп, облыс өнеркәсібі 326169,0 мың теңгенің тұтыну тауарларын өндірді. Өндірілген тауарлардың жалпы көлемінің үштен екісін (67 пайызын) азық-түлік тауарлары құрады. Дегенмен, сатып алу бағаларының төмен болуына байланысты колхоз-совхоздардың ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға құлықсыздығы өнеркәсіп өндірісінде еттің 15,3 пайызға, шұжық тағамдары – 34,3, сүт өнімдерінің 27,9 пайызға кем өндірілуінің негізгі себептерінің бірі болып табылады.
Әйтсе де, халық шаруашылығы салаларының 1993 жылғы жұмысының алдын-ала қорытындыларын талдау негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша құлдыраудың біршама тоқтатылғанын көрсетеді. Облыста жаңа экономикалық қатынастарға көшу бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасып, экономиканың мемлекеттік емес секторы айтарлықтай нығайды. Мемлекеттік меншікті жекешелендіру, әсіресе, халық тұтынатын тауарлар өндірісі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сауда және қызмет көрсету салаларында кеңінен өрістеді. Жұмыс істеп тұрған қуаттарды қайта бағдарлау және өнімдердің жаңа түрлерін шығару, сондай-ақ, қоршаған ортаны адамдардың денсаулығына зиянды қалдықтардан тазарту ісінде оң ілгерушіліктер болды. Өндіріске шаруашылықты жүргізудің жаңа түрлерін және жетілдірілген шетелдік технологияларды енгізу нәтижесінде дәндік жүгерінің, картоптың түсімі айтарлықтай артты. Сонымен қатар, экономикалық және құрылымдық өзгерістердің жүзеге асырылуы өз кезегінде қиындықтарға ұрындырып, экономикадағы жағдай күрделі күйінде қалып қойды. Өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, құрылыс пен транспорттың көптеген кәсіпорындары жыл ішінде өздерінің өндірістік-қаржы көрсеткіштерін түзеп, өндіріс ырғақтылығына қол жеткізе алмады. Тұтыну нарнығындағы күрделі жағдай сақталып қалды. Тұрғын халықты инфляциялық процестерден әлеуметтік қорғаудың кешенді мәселелерін шешу күрделі проблемаға айналды.
1993 жылдың қаңтар-қарашасында облыс кәсіпорындары мен ұйымдары 98,360 мың теңге кіріс алды. Бұл 1992 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,7 есе көп болатын. Кірістің айтарлықтай артуы негізінен бағалардың өсуі есебінен жүрді. Ол өнеркәсіпте 7,1 есе, құрылыста – 15,3, транспортта – 2,2, байланыс кәсіпорындарында – 3,1, дайындау ұйымдарында 47,5 есе өсті. Алайда, залал шегуші кәсіпорындардың үлесі 1993 жылдың 1 желтоқсанына олардың жалпы санының 19,7 пайызын құрады. Халық шаруашылығының он саласының 43 кәсіпорны мен ұйымы 14,459 мың теңге көлемінде залалға жол берді. Облыста халық шаруашылығының барлық салаларын қамтыған жекешелендіру процесі одан әрі жалғасты. Мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитеттің мәліметтері бойынша облыста 1994 жылдың 1 қаңтарына 639 кәсіпорын мен объект жекешелендірілді. Жекешелендірілген объектілердің бағалау құны 116533,5 мың теңге, сатып алу бағасы (сатылған бағасы) 91313,0 теңге болды. 1993 жылы мемлекет меншігінен алынған кәсіпорындар мен объектілердің 59 пайызын жеке адамдар сатып алды. Акционерлік қоғамдардың үлесіне 27,9 пайыз, ұжымдарға 11,6 пайызы тиді. Жекешелендіру процестері транспорт пен жол шаруашылығында (20,5 пайыз), тұрмыстық қызмет саласында (18,4 пайыз), өнеркәсіпте (15,4 пайыз) едәуір белсенді жүргізілгенін де айта кету керек. Облыс өнеркәсібі 1993 жылы 326169,0 мың теңгенің тұтыну тауарларын өндірді. Бұл оның алдындағы жылғы деңгейден 5,3 пайызға төмен еді. Әр адамға орта есеппен шығарылатын тауар көлемі 5 пайызға кеміді және 312 теңге шамасында болды. Өндірілген тауарлардың жалпы көлемінің үштен екісін (67 пайызын) азық-түлік тауарлары құрады. Көрсетіліп отырған жылда ол 216878,0 мың теңге көлемінде өндірілді. Бұл 1992 жылғы деңгейдің 91,7 пайызын құрады. Дегенмен, негізгі азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі кеміді. Колхоз базарларында ауыл шаруашылық өнімдерін сату көлемі 1993 жыл-дың жел-тоқсан айында 11169,0 мың теңгені құрады. Ал, жаңа қоғамдық қарым-қатынастарға көшу, яғни жекешелендіру үрдісі нәтижесінде, өңірімізде халықты жұмыспен қамту мәселесінің өткірлігі анық сезіліп тұрды.
1994 жылдың 29 шілдесінде өткен облыстық мәслихат депутаттарының кезектен тыс үшінші сессиясында «1994 жылға арналған облыстың бюджеті туралы» баяндама жасаған облыстық қаржы басқармасының бастығы Б.Аманбеков 1994 жылға арналған облыстық бюджеттің анықталған жобасында кіріс көлемі 1449,9 миллион теңге шамасында белгілендігін, яғни ол бекітілген көлемге қарағанда 926,8 миллион теңгеге артық екендігін айтты. Соның ішінде қосымша құнға салынатын салықтар бойынша 1994 жылғы алынатын ішкі өнімді, бағаның өсуі мен өндіріс көлемінің төмендеуін есепке ала отырып анықтағанда, бекітілген көлемге қарағанда ол 182,3 миллион теңгені (облыстық бюджет кірісінің жалпы көлемінің 12,6 пайызын) құрады. 1994 жылға арналған бюджеттің анықталған жобасы бойынша акциздер бекітілген бюджетке қарағанда 27,9 миллион теңгеге артып, 344 миллион теңгеге (23,7 пайыз) жетті. Пайдаға салынатын салық 170,6 миллион теңге көлемінде, яғни 148,2 миллион теңгеге артық алыну көзделінді. Азаматтардан алынатын табыс салығы 43,7 миллион теңгеге артып, 145,3 миллион теңге сомасында анықталды. Мұның өзі 1994 жылдың 1 шілдесінен бастап, ең төменгі жалақы көлемінің 100 теңгеден 150 теңгеге көбеюіне және оның көлемінің аталған жылдың 1 қазанында 200 теңгеге дейін жетуіне сәйкес жасалды.
Халық шаруашылығына арналған шығындар облыстық бюджеттің анықталған жобасы бойынша 224,3 миллион теңгені құрады, яғни ол бекітілген бюджетке қарағанда 163,8 миллион теңгеге артық. Халық шаруашылығы салаларына жасалатын шығындар құрамына электр қуатына бағаның көтерілуі, ең төменгі жалақы деңгейінің өсуі, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларына берілетін жеңілдіктер мен төлем ақыларға жұмсалатын қаржы да кіреді. Мәселен, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге көлік кешенін пайдалануға байланысты берілетін жеңілдіктерге жұмсалатын шығындар облыстық бюджеттің анықталған жобасында 9,7 миллион теңге көлемінде көрсетілген. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне отын алу үшін облыстық бюджет есебінен 142 миллион теңге беру қарастырылды. Халық шаруашылығының негізі болып табылатын агроөнеркәсіп кешені бойынша жобаланған шығындар 6,6 миллион теңгені құрады, яғни ол материалдық ресурстарға, түрлі тыңайтқыштарға және ең төменгі дәрежедегі жалақының өсуіне байланысты 3,6 миллион теңгеге артты. Бір қызығы, «Жамбылкино» компаниясының шығындарын жабуға бекітілген 1,1 миллион теңгенің орнына 1,9 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылыпты. Облыстық бюджет шығыстарының едәуір бөлігін (50,7 пайызын) әлеуметтік-мәдени іс-шараларды қаржыландыруға жұмсалатын шығындар құрапты. Бұл мақсаттарға облыстық бюджеттің жобасында 735,7 миллион теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылып (бұл бекітілген бюджетке қарағанда 491,7 миллион теңгеге көп), соның ішінде халыққа білім беру мен кадрларды кәсіби даярлықтан өткізуге 67,2 миллион теңге, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдарына 1,5 миллион, денсаулық сақтауға 130,3 миллион, жастар саясатын жүргізуге, дене шынықтыруға және спортқа 0,4 миллион, тұрғындарды әлеуметтік жағынан қорғауға 292,4 миллион теңге бөлінуі қаржылық қиыншылық кезеңіндегі әлеуметтік қорғаудың нақты шараларын көрсетіп тұрғандай.
Дегенмен, нарық қыспағына түскен әлеу-меттік сала-ның кілти-пандары көп болғаны анық. Сондықтан да облысымыздың бірқатар білім ордалары қарастырылып отырған жылдары сабақ берудің мазмұнын жаңарту және оның сапасын арттырумен қатар, мектептер мен мектептен тыс мекемелерге бөлінетін бюджеттік қаржыны шаруашылық қызмет есебінен толықтыруға үлкен мүмкіндіктер тудыратын жаңа шаруашылық механизміне көшу бағытында да белсенді жұмыстар жүргізді. Бұл жүйеге барлығы 29 лицей мен гимназия, алты мектептен тыс мекеме көшіріліп, нәтижесінде облыстық жас туристер станциясының іскерлік қызметінен 150 мың сом, балалар мен жастар орталығынан 69 мың, Завод ауданының оқу-өндірістік комбинатынан 36 мың сом қаржы түсті. Жалпы, облыс бойынша өндірістік қызмет пен халыққа қызмет көрсету нәтижесінде сала бойынша 800 мың сом табыс келіпті. Осы жылдар ішінде мектептердің жанындағы қосалқы шаруашылықтардың жұмысы жандана түскен. Мұндай шаруашылықтар мектеп пен интернаттың жанында құрылған. Олардың қарамағында 467 гектар егіндік жер, 64 гектар бау, 22 кіші ферма бар. Сондай-ақ, мұғалімдер мен оқушыларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мақсатында облыс бойынша өткен екі жыл ішінде (1992-1993 ж.ж.) мұғалімдерге бақша, саяжай үшін 675 гектар жер бөлініп, 631 пәтер жекешелендірілді. Бұдан басқа үлгі болар мысалдар аз емес. Мысалы, Жуалы ауданындағы Әуезов атындағы орта мектепкке қант қызылшасын егу үшін жер бөлініп берілген еді. Мектеп ұжымы жаз бойы өздеріне берілген алқапты күтіп-баптап, жиын-терін қорытындысында 15 тонна құмшекер иеленді. Дегенмен, жаңа қаржылық қатынастарға бірден көндігіп кеткен ұжымдардың қатары көп болды дей алмаймыз. Қаржының жетіспеушілігінен туындап отырған мектептердегі парталардың тапшылығы, оқу орындарындағы жиһаз бен құрал-жабдықтардың ескіруі тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінің қиын мәселелеріне айналғаны белгілі. Оның үстіне 1993 жылдың бірінші тоқсанында мектептерді қаржыландыру тек ақы төлеу мен тамақтандыруды ғана көздейтін тараулар бойынша жүзеге асырылды. Ал, басқа қажеттіліктер өз кезегін әлі қаншаға дейін күтетіндігі белгісіз болып қалды. Бағаның ырық бермей бірнеше рет өсіп кеткенін еске ала отырып, бұл түйіннің одан әрі шиеленісе түскенін сезіну қиын емес.
Тәуелсіздік таңы атқаннан кейінгі алғашқы жылдарда мәдениет саласы да нарық қыспағының теперішіне түскен еді. Еске салар болсақ, мәдениет қызметкерлері нарық жағдайында бюджеттік мекемелер арасындағы айлығы ең төмені болғандығы белгілі. Олардың орташа айлық жалақысы 900-1000 сом көлемінде болды. Ал, облыстағы 799 клуб пен кітапхананың 569-ы бейімделген үйлерге орналасып, қалаларымыздың ешқайсысында да типтік үлгідегі мәдениет үйі болмады. Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі де мардымсыз еді. Музыкалық және күшейткіш құралдар тапшы болды. Салаға жиһаз аз бөлінді. Автомобиль және оған қажетті бензин мен қосалқы бөлшектер бұрынғыдан он есе кем берілді. Алайда, бұл тәрізді келеңсіздіктер мәдениет қызметкерлерінің көпшілігін тоқырауға ұшыратты деп айта алмаймыз. Жалпы, әлеуметтік-мәдени сала қызметкерлері тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінде өздері көрсететін қызметтерді ұштау үстінде болғандығы анық.
Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры,
«Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.