Әдебиет

Ұлықтауға лайық ұлы қайраткер

Тұрар Рысқұлов Мәскеуде Кремльде отырып қызмет еткен ұлт өкілдерінің ішінен шыққан тұңғыш қазақ. Ол осы жоғары лауазымды қызметте РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасының орынбасары болып 1926-1937 жылдары аралығында тапжылмай он бір жыл қызмет етті. Т.Рысқұлов Орта Азия мен Қазақстан халықтарының арасынан, кедей отбасынан шыққан, күреспен саяси билікке жастайынан ерте араласқан нағыз қайраткер. Ол кешегі қанау мен ауыр езгіде болған халықтардың мұң-мұқтажын, арман-мүддесін жастайынан сезініп, көкірегіне шер қатып өсті. Т.Рысқұлов 1920 жылы ТурЦИК-тің төрағасы болып небәрі 25 жасында сайланды. Жергілікті халықтың саяси билікке атсалысуы үшін Мұсылман бюросын құрды.

ТурЦИК-тің төрағасы Т.Рысқұлов «Түрік компартиясы», «Түрік республикасын» құру жөніндегі Түркістан республикасында қабылданған шешімді Лениннің алдына қойып, қолдауды батыл түрде талап етті. Лениннің Т.Рысқұловтың бұл ұсынысы қабылданбасын дегені мәлім. Оның себебі айтылмады. Лениннің бұл сөзі кейін Т.Рысқұловқа саяси қате, саяси айып ретінде таңылғаны белгілі, бірақ Т.Рысқұлов өз идеясынан ешуақытта бас тартып, қайтқан емес. Сөйтіп Т.Рысқұлов алғаш рет 1920 жылы Орталық тарапынан саяси тұрғыдан айыпталған болса, екінші рет 1923 жылы М.Сұлтан-Ғалиевтің жеке ісіне қатысты РКП(б) Орталық Комитетінің ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерімен өткізген төртінші кеңесінде алғаш рет Сталинмен қайшылыққа келді. Кеңес РСФСР өкіметінің мүшесі, Ұлт істері жөніндегі Халық Комиссарының орынбасары М.Х.Сұлтан-Ғалиевтің «ісі» дегенді қарады.

Орталық Комитет М.Х.Сұлтан- Ғалиевтің ұлттық республикалардың егемендікке ұмтылуын қолдауынан қылмыстық белгі «тапты», кеңес осы «мәселені» талқылады. Сталин Т.Рысқұловты да бұл «іске» қатысы бар деп айыптады, Т.Рысқұлов ұлт мәселесі бойынша пікірін бүкпесіз, ашық айтатын, «М.Х.Сұлтан-Ғалиевтің ісі» бойынша Т.Рысқұлов үш рет жарыссөзге шығып сөйлеп, М.Х.Сұлтан- Ғалиевті қорғады, Сталинге өз пікірін батыл түрде тайсақтамай ашық айтты. Т.Рысқұлов: «Мен бұл мәселеге өз көзқарасым барлығын мәлімдеймін. Еш уақытта Сұлтан-Ғалиев көзқарасының ырқында болған емеспін. Олай дейтінім, мен өз ойымды, өз көзқарасымды жасырмаймын. Сталин жолдастың жасаған мәлімдемесі де дұрыс емес, Сталин қателеседі», – деді.

М.Х.Сұлтан-Ғалиевтің ауыр тағдыры Т.Рысқұловтың да басына түсуі әбден мүмкін еді. М.Х.Сұлтан-Ғалиев алдымен абақтыға жабылып, кейін атылды. Бұл Кеңес Одағындағы репрессияның басы еді. Сөйтіп Т.Рысқұловқа екінші рет 1923 жылы Сталин тарапынан айып таңылды.

1922 жылы Түркістан Республикасындағы жағдай тым қиындап кеткен кезде Ташкентте жүрген СредАзбюроның мүшесі С.Ордженикидзеге 1922 жылғы 14 мамырда жолдаған телеграммасында Сталин Т. Рысқұловқа қатысты ұсынысын бүкпесіз, ашық түрде: «Түркістан коммунистерін еркінсітудің жөні жоқ, олар бұлай етуге тұрмайды, соңғы екі жыл олардың бәрі жиылып, Рысқұловқа татымайтынын көрсетіп отыр, сондықтан оның қайта (Түркістанға – М.Қ.) оралуына қарсы емеспін», – деп бүкіл Түркістандағы коммунистердің бір Рысқұловқа тұрмайтынына тоқталуы – оның ерекше қабілеті мен іскерлігін, билік жұмысын шебер игергенін амалсыз мойындап, бағалағанын көреміз. Т.Рысқұлов С.Ордженикидземен жақсы достық қарым-қатынаста болған. Саяси Бюро Түркістандағы жағдайды жақсарту, қалпына келтіру үшін Т.Рысқұловты Түркістанға Халком Кеңесі төрағалығына тағайындайды. Сөйтіп көп ұзамай Т.Рысқұлов Түркістан Республикасында екінші рет жоғары лауазымды қызметте 1924 жылға дейін істейді. 1924 жылы Орта Азияда ұлттық мемлекеттік межелеу жұмыстары басталады, Орталық Т.Рысқұловтан қауіптеніп, кезекті сайлауда оны қызметсіз қалдырады...

Т.Рысқұлов 1924 жылы Монғолияға Коминтерннің өкілі қызметіне жіберіледі, ол елде тоғыз айдай белсенді қызмет атқарады, Монғолияның тұңғыш конституциясын, Монғол халық партиясының бағдарламасын тікелей жасауға атсалысты. Монғолияның астанасының аты да Т.Рысқұловтың ұсынысымен Улан Батор аталады.

Монғолиядан оралғаннан кейін Қазақ өлкелік партия комитетінде баспасөз бөлімінің меңгерушісі, «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы болып тағайындалады. Қысқа уақыт аралығында қыруар жұмыстар атқарды. Сол жылдары болашақ жазушы Ғ.Мұстафин газетте курьер болып істейді, газетке кілең қоғамдағы кемшіліктерді көрсетіп, сынап мақала жазып тұрады. Бірде Т.Рысқұлов Ғабиденді шақырып:

– Біз жаңа қоғамды орнату жолында күрес жүргізіп жатырмыз. Халыққа қоғамда жүзеге асып жатқан жаңа істерді, жаңалықтарды жазып насихаттағын, сары бала, – деп кеңес береді. Т.Рысқұловтың ақыл- кеңесін тыңдаған Ғ.Мұстафин кейін өзінің мемуарлық «Көз көрген» атты шығармасында бейнеленген Сары бала Т.Рысқұлов айтқандай өзінің бейнесі болатын.

1926 жылғы мамыр айында Т.Рысқұлов РСФСР Халком Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне БК(б)П ОК ұсынысымен тағайындалады. Бұл қызметте 1937 жылы мамыр айында Кисловодск шипажайында дем алып жатқан кезінде «халық жауы» болып ұсталғанға дейін жемісті еңбек етеді. Т.Рысқұлов – Мәскеуде Кремльде қызмет атқарған жылдары бірнеше халық шаруашылығы салаларының жұмысына басшылық жасағаны мәлім. С онымен қатар, ол ғылыми творчестволық жұмыспен айналысып көптеген мақалалар мен кітаптар жазды.

Т.Рысқұлов 1920 жылдан бастап Орталыққа танымал болған талантты басшылардың бірі болды. Оны В.Ленин де, И.Сталин де, Саяси Бюроның барлық мүшелері, ірі саяси мемлекет қайраткерлері де біліп қана қоймай, іскер тұлға ретінде мойындаған. Т.Рысқұлов өз идеясын іске асыру жолында В.Ленинмен де, И.Сталинмен де ашық саяси пікірталасқа түскен қайтпас, батыл, табанды қайраткер еді.

БК(б) П Орталық Комитетінің Саяси Бюросы 1926 жылы 3 шілдеде «РСФСР-дің, РСФСР құрамындағы ұлттық республикалар мен облыстық органдардың құрылысы» мәселесі жөнінде комиссияны құрды. Комиссияның төрағасы болып КСРО ОАК төрағасы М.И.Калинин бекітіледі, комиссия құрамына 33 адам енді, соның ішінде Ф.Голощекин, Т.Рысқұлов та бар болатын.

Мәскеуде жаңадан барған Т.Рысқұлов Калинин басшылық ететін комиссияның жұмысына материалдар беру мақсатында М.Калининмен келісіп, 1926 жылы 12-14 қарашада Мәскеуде партияның ХV конференциясы мен оның артынша РСФСР БОАК-тың сессиясының жұмысына келген барлық ұлттық республикалар мен облыстардан өкілдері шақырылған кеңес өткізді.

Т. Рысқұлов өткізген кеңес «Бүкілроссиялық Орталық Атқару комитеті Төралқасы жанындағы Ұлттар бөлімі және РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Рысқұлов жолдастың инициативасы бойынша шақырылған ұлт өкілдерінің – БОАК пен ССР Одағы Орталық Атқару Комитеті мүшелері және ұлттық шет аймақтардың басқа да өкілдерінің жеке кеңесі» деген атпен құпия сақталып келді.

Т.Рысқұлов өткізген кеңес рет саны бойынша 1923 жылы өткізілген IV кеңестен кейінгі одақтық дәрежедегі ұлт мәселесіне арналған бейресми V кеңес болды. Кеңесте Сталиннің ұлт мәселесіне байланысты жүргізіп отырған саясаты автономиялық республикалары басшылары тарапынан қатты сынға алынды. Әрине бұл Орталыққа, Сталинге ұнамады, автономиялық республикаларда: Қазақстанда, Татарстанда Т.Рысқұлов өткізген кеңес талқыланып, онда көтерілген өткір мәселелер жоққа шығарылды, кеңеске қатысушылар айыпталды, олар кейін қуғын-сүргінге ұшырады. Әсіресе, Ф.Голощекин Т.Рысқұлов өткізген кеңеске барынша шүйлікті, республикадағы басшы қызметтегі қазақтарды Т.Рысқұлов өткізген кеңесті жамандап, онда көтерілген мәселелерді теріске шығаруға жұмылдырды. Ф.Голощекин қазақтарды Т.Рысқұловқа қарсы айдап салды. Мұндай саяси ауыр жағдай Т.Рысқұловтың сағын сындыра алмады. Т.Рысқұлов өткізген кеңес ұлтшылдық кеңес ретінде саяси тұрғыда да айыпталды.

1920 жылдан кейінгі, 1923 жылғы IV кеңесте Т.Рысқұловқа айып тағылса, 1926 жылғы кеңес ұлтшылдық сипат берілген кеңес ретінде ерекше құпия деген графпен бүкіл құжаттары архивке жіберілді.

Т.Рысқұлов еш уақытта өзіне таңылған саяси айыптаулар мен қаралау науқандарын қабылдаған емес, өзіне жасалып жатқан қиянаттарды мойындаған да емес, ол қандай жағдайда да өз ісінің әділдігіне сенді, тарих түбінде әділдікке табан тірейтінін білді. Тарих Т.Рысқұловтың 1920 жылы Түркістан республикасының дербестігі жөніндегі идеясының дұрыстығын, В.Лениннің шешімінің қате екенін көрсетіп берді. Т.Рысқұловтың ұсынысын Ленин қолдаған болса, тарих доңғалағы мүлде басқаша дөңгелер еді.

Т. Рысқұлов Одақтағы Ұлт мәселесінің ірі теоретигі саналды, оның ұлттардың өзін-өзі билеуі принципін іске асыру жолындағы табанды күресі – ұлттардың дербестігі, тәуелсіздігі идеясы да өміршең еді. Ұлт мәселесінен саяси қылмыстық белгі іздеу – қоғамды демократияландыру жолында үлкен кедергі болды.

Т.Рысқұлов өткізген 1926 жылғы Жеке кеңестің тарихи маңызы өте жоғары кеңес болды. Бұдан кейін Саяси Бюро ұлт мәселесіне арналған бірде-бір кеңес өткізбегені белгілі.

Т.Рысқұловтың өмір жолы мен қызметі үнемі күрес үстінде өткені мәлім. Бұл тұрғыда Т.Рысқұлов нағыз қайтпас, қайсар, шарболаттай шымыр күрескер тұлға. Ол жазықсыз жала жабылып, «халық жауы» ретінде ұсталып өмірден озды. Көзінің тірісінде соңғы рет сол 1937 жылы қараланды. Аса ірі мемлекет қайраткері 1918- 1920 жылдары Түркістан АССР-нда 1 миллион астам аштыққа ұшыраған адамдарды аман алып қалса, 1932-1933 жылдары жаппай ашаршылық жайлап, қазақ халқын баудай түсіріп жатқан нәубетте миллиондаған қазақтарды ашаршылық құрсауынан аман алып қалу жолында жанталаса күрескен ұлт жанашыры еді. Езгіде, отаршылықта болып, тоз-тозы шыққан қазақ халқының маңдайына біткен елім деп өткен ұлы тұлға болды.

А.Асқаров Т.Рысқұлов өмірінің кезеңдерін зерттеп-зерделеген ғалым еді. Әсіресе ,Т.Рысқұлов көтерген Түрік республикасы, Түрік компартиясы идеяларын «пантюркист» деген айып тағылғанын жақсы білетін. 1926 жылы Мәскеуде өткізген кеңес материалдарымен де Мәскеуде Жоғары партия мектебінде оқыған жылдары таныс болған еді.

Т.Рысқұловтың тарихымыздағы орнын бағалауда ағамыз көп жұмыс атқарды, көпшілік оны біле де бермеуі мүмкін. Алматы облысы Обкомының бірінші хатшысы болып тұрған жылдары Рысқұловтың туған жерінде Т.Рысқұлов колхозын ұйымдастырды. Бұл шаруашылық кезінде миллионер колхоз атанды.

1960 жылы 19 қазанда «Социалистік Қазақстан» газетінде Рахмалы Байжарасовтың «Тұрар Рысқұлов» деген көлемді мақаласы жарияланды. Міне осы мақала Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюросында қаралып, арнайы қаулы қабылданды: онда Түркістанда және РСФСР-да жоғары қызмет атқара жүріп Т.Рысқұлов ұзақ уақыт бойы Компартияның саясатына қарсы болып келді, ол реакцияшыл пантюркистік идеяны насихаттады. «Түрік компартиясы», «Түрік республикасын» құруға күш салды, іс жүзінде бұл шығыстағы ұлттық республикаларды Совет одағынан бөліп алу болатын.

Орталықтың Түркістандағы Түркістан комиссиясына қарсы күрес жүргізді, Т.Рысқұлов татардың ұлтшыл-уклонисі Сұлтан-Ғалиевпен идеялық байланыста болды, оның көзқарасының шынайы еместігі 1923 жылғы ұлт республикалары жауапты өкілдерімен өткізілген РКП (б) ОК IV кеңесінде атап көрсетілді делінген қаулыда. Т.Рысқұловты ірі революционер, қазақ халқының ұлт батыры етіп көрсетуге дейін барған, мұның өзі тарихи шындықты өрескел бұрмалаушылық болып табылады. Газет республика жұртшылығын жаңылыстырып, партия ұйымдарының идеологиялық жұмысына, еңбекшілерді коммунистік, интернационалдық тәрбие беру ісіне үлкен нұқсан келтірген. Газет редакторы Шәріпов принципсіздік танытып, саяси көрсоқырлық көрсеткен. Сөйтіп бюро қаулысымен Қ.Шәріпов қызметінен босатылды. Осылайша Қазақстан КПОК бюросының қаулысымен Т.Рысқұлов төртінші рет дүниеден өтіп кеткеннен кейін қараланды. Бюро қаулысында кезінде Т.Рысқұловқа жапсырылған қаралаулар мен айыптаулар тізбектеліп, үйіп төгілген. Республиканың бас газеті «Социалистік Қазақстанға» байланысты Орталық Комитеттің бюросының қаулысынан кейін республика партия органдарының газет-журналдарында Т.Рысқұловқа байланысты бірде- бір материал жарияланбады, себебі қорықты.

Т.Рысқұловқа қатысты Орталық Комитет бюросының әділетсіз қаулысы – Тұрартануда адам айтқысыз кедергі болғанын айту қажет. Ұлттық сананы басып-жаншуға бағытталған бюро қаулысын қайта қарап, оның күшін жоюды Алматы обкомының бірінші хатшысы А.Асқаров батыл түрде қолға алды, бұл мәселені Республиканың басшысы Д. Қонаевтың алдына қойды, сөйтіп Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия төрағасы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы С.Ниязбеков, мүшелері Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы С.Имашев, Алматы обкомының хатшысы А.Асқаров. А.Асқаровтың тікелей қолға алуымен комиссия зор жұмыс атқарды. Комиссия 10-15 беттік анықтама емес, 54 беттік «Справка о жизни и деятельности Турара Рыскулова» деген құжат дайындады, мұның өзі шағын бір кітапша дерлік материал. Анықтамада Т.Рысқұловтың бүкіл қызметі жан-жақты баяндалды, сол кездегі жағдайға байланысты жіберген делінген қателері де көрсетілді. Комиссия қорытындысында 1960 жылғы 12 қарашада Қазақстан Компартиясы ОК бюросының шешімін қайта қарауды қажет делінді. Комиссия құжаты С.Ниязбековтың қолы қойылып, 1972 жылғы 26 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Д.Қонаевқа жолданды.

Республика газет-журналдарының Т.Рысқұлов туралы он екі жыл бойы мақала, зерттеу материалдарын жарияламауының саяси тарихы осылай. 1937 жылы ұсталып, Т.Рысқұлов 1956 жылы ақталғанға дейінгі кезеңде, яғни жиырма жылдан астам уақыт аралығында Т.Рысқұловтың есімі мүлдем айтылмады, сол жылдары дүниеге келген ұрпақтар ірі қайраткер жөнінде бейхабар болып өсті. Т.Рысқұлов есімін азаматтық тарихымызда отыз жылдан астам уақыт бойы айтуға тыйым салыныпты, оған цензура жол бермеді. Т.Рысқұловтың ісінде қылмыстық құрам болмағандықтан ақталғанымен, ұзақ жылдар бойы саяси тұрғыдан ақталмай келгенін де айту қажет. Себебі, көптеген адамдар саяси көзқарасы үшін абақтыға жабылғаны мәлім. Т.Рысқұловтың өмірі мен қызметін зерделеп, зерттеген А.Асқаров ағамыз Т.Рысқұлов дүниеден әлдеқашан өтіп кеткеніне қарамай, оған әлі күнге дейін жөн-жосықсыз сын, жала жабу қалмай келе жатқанына көз жеткізді. Міне сондықтан да 1960 жылы Т.Рысқұловты қаралаған Орталық Комитеттің бюросының қаулысын қайта қаратып, күшін жоюды іске асыруы – азаматтық ерлік еді. А.Асқаров болмаса Т.Рысқұловты ақтап алу үшін әлі де талай жыл күтуге тура келер еді. 1988 жылы Орталық Комитет Шәкәрім Құдайбердіұлын ақтау жөнінде шешім шығарды. Т.Рысқұловты ақтауға байланысты мәселе де осы кезге дейін созылып кетуі мүмкін еді. А.Асқаров ағамыз кез келген мәселені егжей- тегжейлі, жан-жақты зерттеп барып шешімді пікірін айтатын қайраткер.

1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, Мәскеудің архивтерінде «аса құпия» деп белгі соғылған тарихи құжаттарды алуға жол ашылды. Т.Рысқұловтың 1926 жылы 12-14 қарашада Мәскеуде өткізген ұлт мәселесіне арналған Кеңесінің барлық құжаттарын тұрартанушы Мәскеулік ірі ғалым, профессор, Тарих және архив институтының проректоры В.Устиновтың көмегімен алдым, осы құжаттардың әр бетінің екінші жағына «рассекречено» – «құпиясыздандырылған» деген штамп соғылған еді. Бұл аса құнды материалдармен танысып, оқып шықтым, сонан кейін болашақ кітапқа пайдалану формасын ойластыра бастадым.

1923 жылғы IV кеңестің, 1926 жылғы Т.Рысқұлов өткізген кеңестің, содан кейін Президенттік архивтен (партия тарихы архиві) алынған Голощекиннің Қызылордада Т.Рысқұловқа қарсы өткізген кеңесінің құжаттары негізінде, бұл кеңестердің материалдарын Т.Рысқұлов позициясы тұрғысынан берген – оңтайлы форма болмақ деген тұжырымға келдім. Бүкіл архив материалдарын алып, Асанбай ағамыздың ақыл-кеңесін алу үшін хабарластық. А.Асқаров ағамыз біз алып барған архив материалдарымен Мәскеуде Жоғарғы партия мектебінде оқып жүрген жылдары таныс екен.

Ол кісі бірден:

– Осы үш кеңестің материалдарын Т.Рысқұловтың позициясы тұрғысынан бергенің әбден дұрыс, оны құптаймын. Өйткені 1923 жылғы кеңесте Т.Рысқұлов батыл сөйлеп, өзіне төніп тұрған қауіптен басын арашалап алды. Әйтпесе Сұлтан-Ғалиевтің кейпін киюі әбден мүмкін еді.

Тұрар керемет саясаткер, көп мәселені алдын ала болжап отыратын қайраткер, көптеген кітаптардың авторы, ғалым, публицист те, жазған материалдарында сөйлемі төгіліп тұрады, ойын қалай орамды тұжырымдайды. Саяси сауаттылығы өте жоғары, көп оқып, үнемі ізденіс үстінде болған тұлға, – деп біраз тарихи жағдайларды баяндап, терең білімімен тәнті еткен-ді.

Тұрар Рысқұлов туралы «Құпия кеңестер» деген кітапты Мәскеудің Ломоносов атындағы университетінің аспирантурасында оқып, кандидаттық диссертациясын мезгілінде қорғаған тарих ғылымының кандидаты Ғаппар Маймақов екеуіміз қысқа уақытта жазып, өзім Бас редакторлық қызмет атқарып отырған республикалық «Санат» баспасынан басып шығардық. Кітаптың жаршы данасын Асанбай ағамызға, үйіне алып барып бердім, ол кісі кітапты парақтап ашып, мазмұнына көз жүгіртіп шықты.

– Кітап әдемі шыққан екен, құтты болсын, – деп қолымды қысты.

1972 жылы Т.Рысқұловқа байланысты мемлекеттік комиссияның шешімінен кейін қаламгерлерге, зерттеушілерге жол ашылды. Көрнекі мемлекет қайраткері туралы алғашқы шағын қалтаға салып жүретін форматта С.Көлбаев пен С.Бейсембаевтың 1974 жылы «Борцы за Советскую власть» сериясымен «Турар Рыскулов» деген кітапшасы жарық көрді. Бұл көп жылдан бері оқырман күткен алғашқы еңбек болатын. Содан кейін Темірғали Нұртазиннің «Тұрардың анты» атты деректі романы жарық көрді. Көрнекті жазушы Ш.Мұртаза Тұрарға арналған бес томдық эпопеясын жазды. 1984 жылы В.Устиновтың «Служение народу», «Зампред Совнаркома Российской Федерации» (1988), «Турар Рыскулов» (1996) деген зерттеулері жарыққа шықты. О.Қоңыратбаевтың, М.Әбілтайұлының, О.Сәбденнің. К.Адырбекұлының еңбектері жарық көрді. Қазақстанда тұрартану ғылымы белгілі дәрежеде үлкен арналы салаға айналды деуге болады. Т.Рысқұловтың бүкіл шығармалар жинағы, ол қол қойған құжаттар, жүргізген жиналыстарының стенограммалары, Ресей, Монғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан республикалары архивінде сақталған. Т.Рысқұловқа қатысты құжаттарды, РСФСР Халком кеңесінде істеген жылдардағы,материалдарды, құжаттарды жинақтаған жағдайда 30 томдық еңбекті құрайды, бұл үлкен ұжым – бір институт атқаратын жұмыс. Тұрартануға байланысты стратегиялық жоспар ғалымдарды қатты қызықтырары мәлім.

– Партиялық жұмыс көп нәрсемен айналысуға мұрша бермеді, әйтпесе ғылыммен айналысқан болсам, тарихтың гөй-гөйін шығарар едім. Әттең біздің тарихшылар диссертациялық тақырыбынан ұзап шыға бермейді, кең саланы қамтып жазатын тарихшылар бізде аз, академик Ә.Марғұлан сияқты ғұлама ғалымдарымыз көп болса, тарихқа төңкеріс жасамаймыз ба? – деген сөзі көкейден кетпейді ойшыл ағаның.

Отыз жылдан астам уақыт бойы аты айтылмай келген аса ірі мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың есімін елімізге қайта оралтуда теңдессіз еңбек еткен мемлекет қайраткері, ғалым, жазушы, ақын Асанбай Асқаров болды. А.Асқаров Тұрартану ғылымының бастауында тұрған тарихи тұлға да болып табылады. Т.Рысқұловты мәңгілік есте қалдыру бағытындағы мемлекеттік іс- шараларды да іске асырып, қыруар іс атқарып кеткен ағамыздың ұрпақ үлгі алар қызметі ұшан-теңіз еді.

Асанбай Асқаров республика, облыс басшыларының ішінде ерекше іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған әрі мойындалған мемлекет қайраткері. Бірде-бір облыс басшысы А.Асқаровқа теңесе алмады, себебі бұл кісі халқының, ұлтының қамын жеген, еліне жаны ашитын нағыз ұлт жанды қайраткер еді, халқының жақсы тұруы үшін барынша қызмет етті. «Халқымның күйзелісі – менің күйзелісім. Жалғыз менің жақсы тұрғанымнан кімге пайда, кімге рахат халқым нашап тұрса?» деп жазды ойшыл тұлға. Бұл бүгінде ұран етіп қолданатын қанатты сөз. Т.Рысқұлов іскерлік, мемлекетті басқару қабілеті тұрғысынан шын мәніндегі реформатор, жаңа тұрпатты басшы болды. Тұрар Рысқұловтың бойына алған идеясынан қайтпайтын қайсарлық, кең масштабта ой толғап, шешім шығаратын қасиет тән еді. Т.Рысқұловтың Түрік халықтарының біртұстығы жолындағы күресі текке кеткен жоқ, бүгінде қайраткердің көксеген ұлы арманы біртіндеп іске асып келеді. Түркістан түрік халықтарының мәдени, тарихи, рухани орталығы мәртебесіне ие. Міне осы киелі шаһарда аса көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, публицист, жаппай жайлаған ашаршылықтан ұлтымыздың генефонын аман алып қалу жолында жанұшыра аянбай күрескен халқымыздың адал перзенті Т. Рысқұловтың еңселі ескерткіші орнатылса,сонымен қатар ол кісінің есімі жаңадан ашылып жатқан мектептерге, көшелерге берілетін болса, болшақ ұрпақ үшін идеологиялық та, тарихи да маңызы аса зор игілікті шара болмақ.

 

Мұхтар ҚАЗЫБЕК,

жазушы, тұрартанушы.