Қоғам

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!

Бүгінде психологтар мен әлеуметтік педагогтердің қатысуынсыз көптеген қоғамдық мәселелерді шешу мүмкін емес. Бұл тұжырымды барша ғылым, адамзат мойындап отыр. Соңғы жылдары психология мен әлеуметтануда жаңа тенденциялар белең алып, осы бағытта көптеген жаңашылдықтар еніп келеді. Соған байланысты аталған салаларға деген сенім мен оның қоғамдағы рөлі артып, тәрбиеге оң әсерін тигізіп жатыр. Әсіресе, мектептегі психолог мамандар мен әлеуметтік педагогтер жұмысының маңызы мен жауапкершілігі жүгі артуда.

Осыған орай, «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Отбасылық тәрбие: психология мен әлеуметтанудағы қазіргі тенденциялар» тақырыбында мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтеріне арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Отбасы құндылықтарын сақтап, суицидальды мінез-құлықтың алдын алудың тиімді стратегиясын құруды мақсат тұтқан конференцияға құзыретті және құқық қорғау органдарының өкілдері, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтер қатысып, жаңа ғылыми-практикалық білім берудің тенденциясына баса назар аударды.

Конференцияның пленарлық отырысында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Әзімбай конференция тақырыбына сәйкес мектеп қабырғасында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып, психологтар мен мен әлеуметік педагогтердің біліктілігін жетілдіру әрдайым күн тәртібінен түспейтінін атап өтті.

Сондай-ақ, жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы Бақыт Әлмұратов әлеуметтік институт ретінде отбасы және неке, бүгінгі отбасы келбетін әлеуметтік талдаулары негізінде сараптамаларын ортаға салды.

Бұдан бөлек, жиында «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысы бойынша филиалының төрайымы Фарида Нақыш, облыс әкімдігі білім беру басқармасы жанындағы облыстық ата-аналар қауымдастығының төрағасы Ринат Нұрақбаев, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Айбек Кадралиев тақырып аясында өз ойларын ортаға салды.

Конференцияның секциялық жұмысы барысында жоғары санатты дәрігер-психотерапевт, есірткіге тәуелділік және суицид бойынша ұлттық сарапшы және тренер Алия Нұргазина «Жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы және оған қауіп төндіретін факторлар» тақырыбы аясында ой бөлісті. Сондай-ақ, екі күнге жалғасқан конференцияның келесі күнінде «Психологтар мен психотерапевтер қауымдастығының» басшысы Зарина Кенжекар «Суицидальды мінез-құлық: себептері, белгілері және оның алдын алудың тиімді стратегиясын құру жолдары», мектептің әлеуметтік педагогтеріне «Қазіргі заманғы отбасы: әлеуметтанулық және «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығы «Мінез-құлықты зерттеу» бөлімінің жетекшісі Құралай Сайлыбаева «Балалар мен жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқы – әлеуметтік девиация мәселесі» тақырыптарында семинар-тренингтер өткізіп, психолог мамандар біліктілігін көтерді.

 

Нұрболат АМАНБЕК