Қоғам

Барлық мәселе тұрақты бақылауда

Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Асқар Абдуалы модераторлық еткен мәжіліске Amanat партиясы облыстық филиалының басшылығы, «Miras» аймақтық кеңесінің мүшелері, облыс әкімдігінің басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында облыстағы ұлтаралық келісімді нығайту және азаматтық қоғамды дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың, сонымен қатар «Жол картасы» аясында мәдени нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және тарихи мұраны, археологиялық ескерткіштерді, архитектураны, мәдениет нысандарын сақтауға бағытталған ғылыми, археологиялық жұмыстардың барысы туралы мәселелер қаралды. Осыған байланысты ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мен мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының есебі тыңдалды.

Облыс бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Аймақта этносаралық тұрақтылық салтанат құрған. Ассамблея жанынан құрылған облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңестері, ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топ, облыстық Аналар кеңесі, Медиаторлар кабинеті, Журналистер клубы, Шеберлер клубы, «Ассамблея жастары», «Жомарт жан» орталығы сияқты 8 қоғамдық құрылым өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып келеді. Көпмәдениетті ортаны дамыту мақсатында «Достық» театры құрылып, құрамына дүнген, өзбек, қарашай-балқар, орыс, неміс, түрік этностарының жастары тартылған. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясының шешімдерін іске асыру аясында ҚХА Хатшылығы Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарымен бірлесе өңірде «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасын іске асыруда.

Азаматтық қоғамды дамыту бойынша да облыс көлемінде атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес. Әртүрлі бағыттағы 1439 коммерциялық емес ұйым бар, оның 1116-сы іс жүзінде жұмыс істейді, 75-і этномәдени бірлестік, 7-еуі саяси партия және 11-конфессиядан тұратын 41-діни бірлестік. Белсенді үкіметтік емес ұйымдар саны – 200-ге жуық. Үкіметтік емес ұйымдар халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық диалогтың қалыптасуына ықпал етеді.

«Өңірдегі партиялық қызметке мемлекеттік органдар тарапынан үнемі ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау көрсетіледі. Саяси партиялармен әкімдіктер тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарады», – деді Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Өскембекова.

Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әбірхан Жанқұлов басқарма тарапынан жоспарланған шаралар мен көзделген мақсатты индикаторларға қол жеткізіліп, салада бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Бүгінгі таңда облыста орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны 3480-ді құрайды. Оның ішінде 30-ы республикалық дәрежедегі, соның Ақыртас кешені, Қостөбе, Өрнек, Құлан, Ақтөбе қалашықтары секілді 5 нысаны ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік халықаралық дәрежедегі тізіміне енгізілген.

Облыс көлемінде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйін, сақталу деңгейін және құжаттарының толықтығын анықтау мақсатында жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 784 ескерткіштің тұрақты жер пайдалану мемлекеттік АКТ-сі бар екендігі, ал, 2696-сында мемлекеттік АКТ-сі жоқ екендігі анықталған. Тараз қаласы мен аудандар бойынша жергілікті маңызы бар 698 ескерткіштің қорғау міндеттемелері толтырылып, меншік иелеріне таратылған.

Жарыссөзге шығушылар мен талқылауға қатысушылардың ұсыныс, ой-пікірлерінен соң, кеңес жұмысын қорытындылаған партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов жоғарыда аталған мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар күн тәртібінен түспейтінін, партияның үнемі назарында, тұрақты бақылауында болатынын айтты.

 

Үміт БИТЕНОВА