Жаңалықтар

«Желтоқсан-86» орталығының жайы қалай?

Желтоқсан айы жақындаған сайын есімізге желтоқсан оқиғасы еріксіз түседі. Әрине, ол – заңдылық. Жүріп өткен жолымызды, тарихымызды естен шығаруға болмайды. Қазақ халқының рухы асқақ болғанын тарихтан жақсы білеміз. Ал, осы 1986 жылдың ызғарлы күндерінде де ұлтымыздың намысы мен жігері, айбары ерекше мәнге ие болып, атойлап көрінді.

2018 жылдың күзінде сол кездегі облыс әкімінің бастамасымен облыс аумағы мен Тараз қаласында бірнеше құрылыс нысандары жүргізілді. Солардың бірі – облыс орталығындағы Төле би көшесінің бойындағы «Желтоқсан-86» ғимараты. Бұл ғимарат ашылған кезде әулиеаталық көзі ашық, отаншылдық сезімі бар тұрғындардың барлығы да қуанды. Сол кезде Халық Қаһарманы, желтоқсан оқиғасының батыры Қайрат Рысқұлбековтың ескерткіші де жаңарып, басқаша сипат алды. Оның барлығы да жұртқа жақсы әсер сыйлады. «Желтоқсан-86» ғимаратының ашылуы өтіп, одан кейін де желтоқсаншылар мен тарихшылар аталған орталыққа бас сұғатын болды. Сол уақыттарда ғимараттың бөлмелерімен таныстыратып гид маман да белгіленді. Ол кезде бұл ғимарат облыстық тарихи-өлкетану музейінің қарамағына уақытша берілген екен.

Ал, екі-үш жыл бұрын «Желтоқсан-86» ғимараты жайлы мәселе өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының бетінен түспей келеді. Соңғы уақытта оның ешқандай мекеменің теңгеріміне алынбай, «ауада» тұрғаны анықталған. Міне, осы мәселе желтоқсаншылардың да басты мәселесіне айналған. Бұл ретте «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Кеншінбеков бірқатар БАҚ өкілдерін жинап, жиын өткізді. Біздің жиын барысынан түсінгеніміз Талғат Дүкенбайұлының ұғына алмай жүрген, шешіміне жете алмай жүрген бірқатар мәселесі бар екен.

Біз желтоқсаншыларға қатысты басқа қоғамдық бірлестік төрағаларын да сөзге тарттық. Мұрат Бердалиев «Бізге «Желтоқсан-86» ғимаратынан бұрыш берілді. Соны игеріп алсақ та жақсы. Тараз қалалық ішкі саясат бөлімі көмектесеміз деп отыр», – десе, Санат Қонарбаев: «Бұл ғимаратқа соңғы жылдары көңіл бөлінбей кеткен. Қазіргі таңда Қайрат Рысқұлбековке қатысты біраз жәдігер облыстық тарихи-өлкетану музейіне өтіп кетіп отыр. Ал, бізге бөлінген бұрышты жөндеу ойымызда бар. Өзге қоғамдық бірлестіктермен бірге жұмыла жұмыс істеуге дайынбыз», – деді.

Осы ретте біз Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бағлан Әбілдаевпен де сөйлестік. «Желтоқсаншы ағалардың ұсыныстары орынды. Қала әкімі де назарында ұстап отыр. Қазіргі таңда аталған «Жастар ресурстық орталығының» бір бөлімі сол ғимартқа көшірілді. Енді кең залына үстел алу, орындықтар қою жақын арада шешімін табады. Желтоқсаншыларға қатысты және патриоттық іс-шаралар сол жерде өтетін болады», – деді. Ал, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ілиястың да өз айтары бар екен. «Әуелі салынған кезінде «Желтоқсан-86» ғимараты уақытша біздің қарамағымызда болды. Біз ол жерге арнайы маман қойып, жұмыс жүргіздік. Жұмыс ол кезде жақсы жүрді. Ал, маған аталған жәдігерлерді Қайрат Рысқұлбековтың туған әпкесі өзі ескерткіш жәдігер ретінде сеніп тапсырды. «Осы облыстық музейде тұрсын» деді. Біз заңдылығымен тіркеп, қабылдап алдық. Енді ол зат осы музейдің мүлкі. Оны еш жаққа бере алмаймыз. Лозунг іздегендер бұрын қайда қалды? Енді бәрі кеш. Ол заттар біздің музейде желтоқсан оқиғасына арналған бұрышта тұр. Ешқашан жоғалмайды, сақталады. Меніңше, «Желтоқсан-86» ғимараты музей емес, орталық ретінде жұмыс істегендері жөн. Іс-шара өткізсін. Зерттеу жүргізсін. Ал, музей бағытындағы жұмыстар жүйесімен жүріп жатыр», – деді ол.

Енді мына дүниеге назар аударайық. Арада 38 жыл өткенде Құттыбек Әшірхан деген азамат М.Х.Дулати атындағы Тараз университетін бітіріп, дипломдық жұмысын «Желтоқсан көтерілісі – жазылмаған ақиқат» тақырыбымен алып жатыр екен. Алайда, оған жетекші болудан біраз оқытушылар бас тартыпты. Құттыбек сонда да алған бетінен қайтпаған. Қазірдің өзінде бұрын айтылмай келген көптеген ақпараттарды тауыпты. Енді Алматыға барып ізденіп, дипломдық жұмысты жазып шықпақшы. «Мені осы ізденісім үшін айыптағандар, соңыма түскендер болды. Кейде желтоқсаншы Сәкен Мырзабеков ағайдың үйіне барып жазған кездерім де бар. Міндет оңай болып тұрған жоқ. Бірақ, мен соңына дейін баруға бел будым. Егер зерттеуім сәтті аяқталса, 1986 жылғы жағдай «Желтоқсан оқиғасы» емес, «Желтоқсан көтерілісі» болып та анықталып қалуы мүмкін», – деді ол.

Түйін:

Желтоқсан оқиғасы тарихтың бір бөлшегі. Сол ызғарлы күндер туралы «Желтоқсан желі» әні шықты. Бұл әннің авторы Әбиірбек Тінәлі де, сөзін жазған Әбдірахман Асылбеков. Енді «Желтоқсан-86» ғимараты желтоқсаншылар мен патриот жастардың бас қосатын орталығы болғаны дұрыс. Шынымен, тек 16-желтоқсан күндері ғана емес, жылдың барлық айы мен күнінде бұл орталықта жұмыс қызып жатуы керек деп ойлаймыз.

 

Есет ДОСАЛЫ