Аймақтағы алып зауыттың іргетасы қаланды
Шу ауданында орналасқан «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында ондаған жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған. Бүгінгі күні бірнеше жоба қолға алынса, кейбірінің құрылыс жұмыстары жалғасын тауып келеді. Енді, міне, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен қытайлық SANY Renewable Energy компаниясының бірлескен жобасы аясында бұл аймақта жел электр стансасының құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салынғалы тұр. Жобаның жалпы құны 53,6 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың қарашасында бастап, нысанның бірінші кезеңінің құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарлануда. Жоба аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда. Жалпы, бөлінген жер аумағы 24 гектарды құрайды.
Бүгінде елімізде табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, жасыл экономикаға бетбұрыс мемлекеттік қолдау тауып, өз нәтижесін бере бастады. Жамбыл облысында күн, жел және су электр стансаларын орнатуға бар жағдай жасалған, бұл инвесторлар үшін де тиімді. Жалпы, елімізде бүгінгі таңда барлығы 2525 мегават қуатты құрайтын 132 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеуде. Ал, өңірде жалпы қуаты 571 мегаватты құрайтын 22 нысан жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 175,65 мегаваттық 9 жел, 251,25 мегеваттық 6 күн электр станалары бар. Бұл жағынан облысымыз республикада жаңартылатын энергия көздерін өндіріп, пайдалану тұрғысынан алдыңғы қатарда.
Ал, енді кеше «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында SANY Renewable Energy компаниясының Жамбыл облысындағы зияткерлік өндіріс базасы жобасының ашылу рәсімі өтті.
Жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, сөз сөйледі.
Ал, SANY Renewable Energy компаниясының атқарушы президенті Чжоу Фугүй өз сөзінде жел өнеркәсібі жабдықтары өндірістік базасы Орта Азиядағы ірі жоба болатынын, басқа өңірлерде жел электр стансасын салу үшін жабдықтар шығарылатынын айтып, қазақстандықтармен бірлесе, ынтымақта жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.
«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов бұл жобаның еліміз үшін маңызды жоба болғалы тұрғанын айтты. «Екі компания бірлескен жоба Орта Азияда алғашқы қолға алынып отырған зауыт. Алда осы арада 2 гегаватты құрайтын жел электр стансаларынан турбиналары мен құрал-жабдықтарын шығарып, ел көлеміндегі жел электр құрылысына пайдаланылатын болады. Жоба жүзеге асырылған сәтте 300-ге жуық жұмыс орны құрылады», – дейді ол.
Осыдан кейін Орта Азиядағы алғашқы жел өнеркәсібі құрал жабдықтарын шығаратын зауыттың іргетасын қалау рәсімі өтті.
Марат ҚҰЛИБАЕВ