Жол сапасына немқұрайлы қараған бірқатар басшылар анықталды
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті жанындағы әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында белгілі болды.
Айта кетейік, аталған агенттіктің хаты негізінде бірқатар ауылдық округ әкімдері мен Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына қатысты тәртіптік іс қозғалған.
Хатқа сәйкес, автомобиль жолдарының сапасына қатысты талдау жұмыстары жүргізіліп, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілген. Мәселен, заңнамада облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және елді мекендердің көшелерін салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезінде «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуін ұйымдастыру мәселесі көзделген. Сәйкесінше, жөндеуден өткен автомобиль жолдарын пайдалануға қабылдау барысында аталған ұлттық орталықтың оң қорытындысы бар сынақ хаттамалары болуы қажет.
Осыған қарамастан, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, сондай- ақ, Меркі ауданының Жаңатоған және Ойтал ауылдық округтері, Қордай ауданының Степное, Жуалы ауданының Қызыларық, Шу ауданының Ақтөбе, Жамбыл ауданының Ақбастау ауылдық округтері әкімдері тарапынан тиісті сынақ хаттамаларында көрсетілген бекітілген нормаға сәйкес келмейтін кемшіліктер жойылмай, автомобиль жолдары пайдалануға қабылданған. Сонымен қатар, Степное (Қордай), Қызыларық (Жуалы) және Ақтөбе (Шу) ауылдық округтерінің әкімдері тиісті сынақ хаттамаларының қорытындысы шықпай тұрып, автомобиль жолдарын пайдалануға қабылдау туралы шешім қабылдаған.
Кеңесте мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасау фактілері бойынша жоғарыда аталған ауылдық округ әкімдері мен Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына қатысты жүргізілген қызметтік тергеп-тексерудің қорытындылары қаралып, нәтижесінде оларға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаларды қолдану ұсынылды.