Жүрегіне жыр ұялаған жас өрен
Талас аудандық Ұлбике ақын атындағы зәулім мәдениет орталығының кең сахнасына шығып, жалғыз өзі залдағы дүйім жұртты талантына тәнті еткен жирен шашты ақ сары баланың өзі бойшаң болғанымен, ойлы жанары оның кәдімгідей балаңдығын байқатып тұрған.
Иә, көркемсөз номинациясы бойынша халықаралық және республикалық байқаулардың бірнеше мәрте бас жүлдегері, 1-орын жеңімпазы, Есейхан ауылындағы Қаратау орта мектебінің 8-сынып оқушысы Алдияр Сәттұрсын жақында ғана Қаратау қаласында өткен іс-шарада бәріміздің көзімізге ерекше түсті. Менің жаңадан шыққан кітабымның тұсаукесері болып жатқан-тын.
Жүргізушінің хабарлауымен түп-түзу сымдай тартылған сұңғақ бала көпшіліктің алдына шықты да бірден «Өлеңмен күмбез орнаттым» атты элегиялық поэмамды жатқа оқуды бастап кетті. Ашық даусымен мәнерлеп поэманың әрқайсысы кемінде алты-жеті шумақтан тұратын бір бөлімін түгел тоқтамай айта жөнелгенде, тыңдап отырғандарды қайдам, автор ретінде менің жүрегім атқақтап алқымыма тірелді.
Көп болса бір-екі бөлігін ғана жаттаған шығар- ау деп ойлағанмын. Тосыннан беймәлім дертке ұшыраған, диагнозды дұрыс қоймаған әлдебір дәрігерлердің қолынан мезгілсіз қаза табатын аяулы Ананы жоқтап, іш-құста болған перзент зары еді бұл поэма.
Бала мүдірместен келесі бөлімді жалғастырып жатты. Енді мені «Бір жерінен шатасып қалуы мүмкін-ау» деген уайым мазалады. Бір жолын немесе бір шумағының басын ұмытып қалса не істеймін деген әлдебір жауапкершіліктің үрейі бойымды биледі. Қобалжығаннан тынысым тарылғандай сияқтансам да, екінші жағымнан, көркемсөз өнерінің керемет үлгісін көрсетіп, бүкіл тыңдарман аудиторияны сілтідей тындырған Алдиярға деген ризашылық сезімім басым еді.
Жоқ! Алдияр өте салмақты бала екен. Мен секілді «күйген» де жоқ, «жанған» да жоқ.
Поэзиялық шығарма тұрмақ, ойларындағыдай саз ойнап, ән айтылмаса, тыныш отырмайтын, сүйікті әншілері болмаса, тұрып, шығып та кете салатын көрермен көп қой қазір. Қаратаудағы бұл мәдениет үйінің концерттік залы облыс орталығындағы шаһардың «Баласағұнынан» сәл- ақ шағын саналатын, кезінде сегіз жүзден астам орындық адамға есептелген ауқымды зал.
Міне, Алдияр осы жерде тікесінен-тік тұрып, ұзаққа созылған өлеңді аяғына дейін зуылдата оқып, әдетте тым еркін көрерменді осы жолы өзінің еркіне еріксіз матап, байлап, бағындырып алғандай болды. Поэманы дем алмастан түгел айтып бітірген оның өнеріне үлкені бар, кішісі бар, байқауға емес, әдеби-сазды кешке жиылған қауым дүркірете қол соқты.
Автор ретінде маңдайынан сүйіп, өрімдей өреннің өнерлі өміріне сәттілік тіледім.
Қоржынында Абай, Шәкәрім, Мағжан, Мұқағалилардан бастап бірталай классиктердің шығармалары бар, соның бәрін кез келген жерде кідірмей жатқа оқитын, есте сақтау қабілеті ерекше дамыған осынау бала-дарын басқаларға үлгі.
Үміт БИТЕНОВА
Талас ауданы