Халық қаһарманына арналған ән
Жуырда Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың құрметіне «Ғазиз аға» әні жарыққа шықты. Шығармашылық туындының сөзін де, әнін де құландық тәртіп сақшысы Гүлжан Ниязқұлова жазған. Автор әнді де өзі орындайды. Бүгінде аталмыш әнге бейнебаян түсіріп те үлгерген. Бейнебаянның сюжетін автор өзі құрастырып, оның мәнді де мағыналы болуына айрықша көңіл бөлген.
Ұрпақтар сабақтастығы көрініс табуы керек деген ойын аудандық М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің жетекшісі Зарипа Дабысоваға жеткізеді. Өз кезегінде музыка маманы да әнді тыңдап көріп, келісімін берген екен.
Халық қаһарманының отбасы да жаңа әнді жылы қабылдаған. Олар осынау туындыны Ішкі істер министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан көріп, тыңдаған. Батырдың кіші ұлы Әділжан ән авторымен бірге Қарағанды қаласында ұйымдастырылған «Қазіргі заманның қаһармандары» атты іс-шараға арнайы қатысты. Халық қаһарманының баласының сөзінше, ән оның анасын да тебірентіп, ерекше әсерге бөлеген. Айта кетейік, Гүлжан Ниязқұлова отбасында төрт ағайынды, үйінің үлкені. Екі қыздың анасы. Қандай істі қолға алса да, тәртіп сақшысы үшін жауапкершілік бірінші орында. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлесінің өмірін әнге арқау еткен ол 2017 жылдан бері Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторы болып қызмет етеді. Нәзік жанды полицейдің шығармашылыққа құмарлығы бала кезден басталған. Өз сөзінде мектеп қабырғасында жүргенде- ақ түрлі ән байқауларына қатысқанын жеткізді.
Еске салсақ, Ғазиз Байтасов 2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласында террорлық акт салдарынан жанқиярлық ерлікпен көз жұмған полиция капитаны. Содан бері оның есімі батырлық пен адалдық үлгісіне айналды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен оған қайтыс болғаннан кейін «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Гүлжанның қолына қалам алып, өлең шығаруына, оның сазын нотаға түсіруіне қанша жыл өтсе де, басын қауіпке тіккен полицейдің жүрек қозғар ерлігі себеп болған екен. Бұл тұрғыдан алғанда оның қаһармандықты тани білетін көкірек көзі, сезіне білген жүрегі бар екені даусыз.
Есен ӨТЕУЛІ