Адал еңбекті ту еткен арда азамат
Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруымыз керек. «Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды», – деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда нақты, ашық, айқын айтты. Расында, адалдық деген не?
«Ол адам бойындағы шыншылдық, әділдік, айнымастық, ар-ождан, жан тазалығы сияқты асыл қасиеттер жиынтығы болып саналады», – деп ой қорытты Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Осындай шыншылдық, әділдік, айнымастық, ар-ождандылық, қарапайымдылық, адалдық, саналылық сияқты жағымды қасиеттердің барлығы тұла бойынан табылатын адал азаматтар бар. Олардың қатарына кезінде адал еңбек еткен, білгір басшы, экономика ғылымдарының кандидаты, 1964 жылдан бастап, 1996 жылға дейін ауданымызға қарасты «Трудовой пахарь» колхозының басқарма бастығы болған Александр Нахманович биылғы жылдың қараша айында 100 жасқа толады. Ол Белоруссияның Копыль ауданының Пузово селосында дүниеге келген. 1942 жылдың қарашасында әскерге шақырылып, 1942-1944 жылдары сұрапыл соғысқа қатысады.
1945 жылы 2-дәрежелі мүгедек болып елге оралысымен еңбек жолында Жамбыл облысы, Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданына қарасты Жамбыл қызылша кеңшарында есепші болып, кейін бөлімше басқарған. Өзінің айрықша ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 1958 жылы Жамбыл ауданындағы ХХІІ партсъезд атындағы ұжымшардың төрағасы қызметін атқарды. 1964 жылы Свердлов ауданына қарасты «Трудовой пахарь» ұжымшарының басқарма бастығы қызметіне келді.
Ол кезде аудан көлемінде сан сала ең төменгі көрсеткішке түсіп, колхоздың экономикасы, шаруашылық шатқаяқтап қалған еді. 1963 жылдан 1964 жылға қарай колхоздың экономикасы бірден көтеріліп, шаруашылықтың барлық саласы, адал еңбектердің нәтижесінде жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді. Әсіресе, қант қызылшасын өсіруде іргелі табыстарға қол жетті. Қызылшаның әр гектарынан 350-400 центнерден өнім ала бастады, егіс көлемі ұлғайды. Александр Львович кәсіпкерлік, жекеменшік тәсілді қолға алды. Сөйтіп, «Трудовой пахарь» колхозы озат тәжірибені тарататын орталыққа айналды.
1963- 1965 жылдар аралығы колхоз табыстарының өрлеу жылдары болды. Осы жылдары еңбек ететін колхозшылардың жалпы саны 1000-ға жетті. Колхозшылардың жалақысы ай сайын беріліп, жағдайлары жасалып тұрды.
Орталықта наубайхана күндіз-түні жұмыс істеді. Мәдениет үйі, тұрмыс қажетін өтейтін комбинат үйі салынды. Кітапхана, дәріхана, аурухана жұмыс істеді. Байланыс торабы, балабақшалар жұмысы жанданды. Нан колхозшылардың үйлеріне ат арбамен жеткізіліп отырды. Балалар балабақшаға ішіне кілем төселген, жақсы жабдықталған ат арбамен тасымалданды.
А.Нахманович жыл сайын колхозшылардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларын арттыруға ерекше көңіл бөлді. Колхоз орталығына екі қабатты үйлерді заман талабына сай салдыра бастады. Колхозшылар жаңа жобадағы сәулетті үйлерде тұрды. Қойшылар, егіншілер, қызылшашылар, сушылар, еселі еңбек еткен, адал табыс тапқан еңбек ардагерлеріне екі қабатты үйлер, ішінде кілем, теледидар, кір жуғыш, тағы басқа жиһаз заттары тегін берілді. Қазіргі уақытта заманында колхозда, сушы, егінші, краншы, кызылшашы болып жұмыс істегендердің балалары, немерелері үйді тегін пайдаланып отыр. Сонымен қатар, мұғалімдерге, дәрігерлерге арнап, екі қабатты үйлер салынды. Қазіргі орталықтағы Қонаев көшесінің бойында колхозшыларға арналған екі қабатты үйлер де сол жылдардан қалған. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын», – дейді атам қазақ. Осы даналық сөз А.Нахмановичке арнап айтылғандай. Ол еңбек еткен адамдарды ерекше сыйлайтын. Оның адамгершілік қасиеттері жоғары еді. Жетім-жесірлерге, кембағалдарға көп қарайласатын. Қайтыс болған колхозшылардың отбасыларына өзі барып, көңіл айтып, «не жетіспейді, ашық айт» дейтін.
Александр Нахмановичті 1981 жылдан бастап танимын әрі көрші болдым. Есімде қалған бір жақсы, игілікті ісін айтайын. 1983 жылдың жаз айларының бірі еді. Бір машина есіктің алдына келіп тоқтады.
Колхоздың бас есепшісінің жүргізушісі келіп, маған «Сізді колхоздың бастығы шақырып жатыр», – деді. Мен аң-таңмын. Неге шақырды ?
Сонымен, кеңсеге бардым. Барсам, жалғыз өзі газет оқып отыр екен. Сәлем бердім. «Отыр», – деді баяу үнмен.
– Сен (весовщик) таразышы боласың Көделіге, – деді.
– Мен тек қана таразышы ғана емес, қырман меңгерушісі де бола аламын, – дедім.
– Онда сен ертеңгі колхоздың жиналысына қатыс, – деді колхоз бастығы.
Айтылған уақытында жиналысқа қатыстым.
Жиналыста қырманда жұмыс істейтіндерді қабылдап, аты-жөндерін айтып, Көделі, Ақшолақ, Темірбек, орталық қырманға меңгеруші, есепшілер бекітілді. Бірауыздан колхоз бастығының ұсынысымен мен Көделіге әрі есепші, әрі қырман меңгерушісі болып жұмысқа орналастым.
1963-1980 жылдары колхоз бастығы, аты аңызға айналған Александр Нахмановичтің есімі аудан, облыс, республика, әрісі Одаққа әйгілі болған кезі болатын. Әділдікті жақтаған, адал еңбектің иесі, қарапайым, елінің, халқының мүддесін ойлаған, қоғам қайраткері, КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының 1965 жылғы 13 желтоқсандағы Жарлығымен А.Нахмановичке Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Адал еңбегінің арқасында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне 4 рет депутат болып сайланды. СОКП XXV съезіне делегат болып қатысты. «Соғыстағы ерлігі үшін», «Қызыл жұлдыз» және 2 дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталды. Ол кейінгі, бейбіт өмірде адал еңбегінің арқасында адал табыс тауып, адал адам атағына ие болған қоғам қайраткері. Александр Львович «Халықтар достығы», Ленин орденімен, «Алтын жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Қазан революциясы» ордендерімен марапатталды.
Елдің сүйіспеншілігіне бөленген, халықтың ардақты да, арлы, әділетті, аяулы азаматы Александр Нахманович 1996 жылы 14 мамырда науқастан қайтыс болды.
Александр Львович атындағы үлкен көше Түймекент ауылындағы сәулеті мен дәулеті жарасқан көшелердің бірі саналады.
Түймекент ауылында А.Львович атындағы бұрылыс бар. Ол осы бұрылыстағы үйде тұрған. Арнайы ескерткіш тақта орнатылған.
Осындай ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өзі басқарған колхозды облыс, республика, тіпті одаққа дейін танытқан Александр Нахмановичтің 100 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтсек деген ұсыныс айтқым келеді. Олай дейтінім, айтулы азаматтың бүкіл өмір жолы, елге сіңірген ерен еңбегі жастардың тағылым алар қазынасына айналуы тиіс. Ол өзінің дарынды талантымен кеңінен танымал, беделді, аграрлық жүйенің ірі тұлғасы болды. Сондықтан, оған қандай құрмет көрсетілсе де артық болмайды деп ойлаймын.
Ниязхан БЕЙСЕНОВ,
Түймекент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің мүшесі,
Байзақ ауданының құрметті ардагері.