Әлеумет

Әскери-патриоттық тәрбие қашанда қажет

Бүгінде жас азаматтарымыздың арасында патриотизмді қалыптастыру мәселелерін дамытуға стратегиялық басымдық берілуде. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдың 24 қарашасында ел Үкіметінің қаулысымен «Жастарды 2030 жылға дейін әскери-патриоттық тәрбиелеу» тұжырымдамасы бекітілді.

Онда жұмыстың түрлері мен әдістерін жетілдіру, осы саладағы ұйымдастырушылар мен мамандардың кәсіби даярлық деңгейін арттыру, әскери-патриоттық тәрбиеде материалдық базаны және ақпараттық қамтамасыз етуді дамыту жөніндегі шаралар айқындалған.

Қазіргі таңда елімізде 8 мыңнан астам әскери-патриоттық клуб, «Жас сарбаз» сыныптары, сондай-ақ «Смарт сарбаз» үйірмелері жұмыс істейді. Оларға әскери-патриоттық қозғалыстың 280 мыңнан астам тәрбиеленушісі жұмылдырылған. Бұл – жалпы білім беру мекемелеріндегі барлық оқушылардың шамамен 7,2 пайызын құрайды. Шын мәнінде, әскери тәрбие мен құқықтық сауаттылыққа баулуды бала кезден бастаған дұрыс. Осы бағытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жастарға Отан қорғау жауапкершілігін, әскери тәртіп пен патриоттық тәрбиені сіңіруде батыл қадамдарға баруда.

Айталық, жуырда Жамбыл ауданының шекара басқармасында «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының оқушылары салтанатты түрде ант қабылдады. Бұл рәсім – жас ұрпақтың Отанға, оның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне деген адалдығын білдіретін маңызды сәт. Нәтижесінде Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарының орта оқу орындарының 124 оқушысы «Жас шекарашы» әскери-патриоттық ұйымының мүшелігіне салтанатты түрде қабылданып, оларға куәліктер мен төсбелгілер табысталды.

Есен ӨТЕУЛІ