Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Кәрентаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барысы және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Аудандағы өнеркәсіп өндірісі биыл он айда 97,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,2 миллиард теңгеге артқан. Мәселен, есепті кезеңде 1670 килограмм алтын, 302 килограмм күміс, 1,4 миллион тонна цемент, 1,2 миллион тонна әктас, 124,8 мың тонна барит рудасы мен концентраты, 92,6 мың шаршыметр қаптау плиталары, 71,8 мың тонна көмір, 900 тонна балық және 33,7 мың текшеметр гранит сияқты өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімдерінің көлемі 5,1 миллиард теңгені, негізгі капиталға салынған инвестициялар 19,1 миллиард теңгені құрады. Ал, құрылыс жұмыстарының көлемі 29,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16 миллиард теңгеге артқан. Бөлшек сауда айналымының көлеміне келсек, ол 3,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 400 миллион теңгеге артты. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 2967 шаршыметрді құрап отыр. Сонымен бірге, тұрғын үй сатып алу бойынша, биыл республикалық бюджеттен бөлінген 159,1 миллион теңге мен аудандық бюджеттен бөлінген 71,1 миллион теңге қаражатқа екі пәтерлі 6 тұрғын үй сатып алынып, аудандағы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілуде. Келесі жылы осындай тұрғын үйлерді сатып алу мақсатында екі пәтерлі 10 тұрғын үйге 383,5 миллион теңге бюджеттік өтінім ұсынылды.
Аудан әкімі өз баяндамасында бүгінгі күнгі ең өзекті мәселелердің бірі – елді мекендерді газдандыру мәселесін де айналып өтпеді.
Аудан басшысының айтуынша, Мойынқұм ауылының іргесіндегі Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысын жүргізу үшін 555,5 миллион теңге қаржы қарастырылып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Қарабөгет ауылына кіре беріс аудандық мәндегі автомобиль жолындағы 432,6 миллион теңгені құрайтын көпір құрылысы жобасы әзірленіп, 2025 жылға қаржыландыруға облыстық салалық басқармаларға ұсынылған. Сондай-ақ, Шу өзенінің түбін тазарту және реттеуші су құрылысы жобасына бюджеттен 855,6 миллион теңге қаржы қаралған болатын. Бүгінгі таңда жоба қайта түзетуге берілгендіктен құрылыс жұмыстары тоқтап тұр.
Баяндамашы ауыз су мәселесіне де жан-жақты тоқталып өтті. Аудандағы 24 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілсе, қазіргі таңда сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 4 елді мекен қалып отыр. Оның ішінде Ақсүйек ауылын сумен жабдықтау және су тарату құрылысы нысанына 2022-2023 жылдарға 1461,3 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары 95 пайызға орындалған. Ал, Хантау ауылын сумен жабдықтауға 533,5 миллион теңге бөлініп, қазір жұмыстар 75 пайызға орындалды. Траншеяларды қазу барысында жердің тасты болуынан орын алып жатқан кедергілер жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтауға мүмкіндік бермей отыр. Ақбақай ауылын сумен жабдықтауға Ұлттық қор мен облыстық бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаралып, жұмыстар басталды. Екі ұңғыма қазу жұмыстары жүргізіліп, 18 километр магистралдық құбырлар тартылуда. Бұл аталған жобалардың барлығы 2025 жылға өтпелі. Сонымен қатар, Бірлік және Биназар ауылдарындағы ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары мемлекеттік сараптамадан өткізілді.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП