Аймақ

Бюджетті нақтылау жобасы қаралды

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс он тоғызыншы сессиясын облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, жүргізіп отырды.

Алдымен облыстық мәслихаттың «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» 2023 жылғы 14 желтоқсандағы №10- 3 және «2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын бекіту туралы» 2021 жылғы 19 қаңтардағы №2-2 шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева хабарлама жасады. Баяндамашы облыстық бюджеттің шығыстары үнемделген бюджет қаражаты есебінен келесі бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жоспарланғанын айтты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына «Басым дақылдардың өндірісін дамытуды субсидиялау» бюджеттік бағдарламасы бойынша қант қызылшасын дамытуды субсидиялауға 3 миллиард теңге, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданған азаматтардың еңбекақысын төлеуге 500 миллион теңге, дене шынықтыру және спорт басқармасына әртүрлі спорт түрлері бойынша облыстың құрама командаларының мүшелерін дайындау және республикалық және халықаралық спорт жарыстарына қатысуға, 36 спортшының спорттық жетістіктері бойынша еңбекақысына үстемақы төлеуге және волейбол ойын түрі бойынша жоғары кәсіби дәрежедегі ойыншылармен жаттықтырушылардың жалақы қорына, жалпы 51818,0 мың теңге шығыстар қолдау тапты. Облыстың қаржы басқармасына «Жергілікті атқарушы органның жоғары тұрған бюджет алдындағы борышын өтеу» бюджеттік бағдарламасы бойынша 846043,0 мың теңге қарастырылса, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына Мойынқұм ауданы, Ұланбел ауылындағы Бегенов, Төле би, Қазақстан көшелерін орта жөндеу жұмыстарын аяқтауға 82743,0 мың теңге, құрылыс басқармасына Т.Рысқұлов ауданында бір адамға тұрғын үй сертификатын тағайындауға 794,0 мың теңге шығыстар қолдау тапты.

Облыстың бір топ депутаттарынан мәслихаттың «Бірлік» депутаттық тобын құру туралы ұсыныс түсіп, аталған жоба сессияда қаралды. «Бірлік» депутаттық тобының негізгі міндеттері этносаралық қарым- қатынас тілі және шоғырландырушы негіз ретінде мемлекеттік тілді ілгерілету, Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтауға және насихаттауға жәрдемдесу, облыс мәслихаты депутаттарының облыстың Қазақстан халқы ассамблеясымен, мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен этносаралық қатынастарды үйлестіру саласында тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету болып табылады.

Сессияда облыстық мәслихаттың әр жылдардағы «Жамбыл облысы әкімдігінің жанындағы облыстық терроризмге қарсы комиссиясының құрамы туралы», «Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының құрамын бекіту туралы», «Жамбыл облысының басқару схемасы туралы», «Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссия құрамын бекіту туралы» шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, облыстық мәслихаттың «Бірлік» депутаттық тобын құру және оның ережесін бекіту туралы шешімдер қабылданды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП