Білім

Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру мақсатында білім саласына ерекше көңіл бөліп отыр. «Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады» деді Президент.

Міне Президент тапсырмасына сәйкес Тараз қаласында М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті іргесінен Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылып отыр.

Бұл екі университет арасындағы байланыс бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатыр. Ынтымақтастықты арттыру мақсатында бұған дейін ресейлік университеттің өкілдігі ашылып, «Менделеев сыныбы» жобасы жұмысын бастаған болатын. Осының арқасында екі елдің университеттері арасында ғылыми байланыс арта түсті. Ал, кеше облыс орталығында Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылып, оның салтанатты рәсімге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, еліміздің Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Константин Могилевский қатысты. Д.И.Менделеев атындағы РХТУ ректорының міндетін атқарушы Евгений Румянцев, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Евгений Пак та іс- шараға қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Талғат Ешенқұлов ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын жеткізсе, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Евгений Пак аталған жобаның кәсіпорын үшін маңызы зор екенін атап өтті. Мұндай филиал Әулиеата өңірінде ғана ашылғанын сөз еткен ректордың міндетін атқарушы Евгений Румянцев Ресей Федерациясының ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальковтың құттықтауын жеткізді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы