Әлеумет

Мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет қамқорлығында

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастырып, тұрақты жұмыспен қамтып, жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттің басты бағыттарының бірі саналады. Бұл бағытта өңірімізде де бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте әлеуметтік қолдау шараларының атқарылуы жайында жұмыстар сарапқа салынды.

Жиында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жайын сөз етті. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінге облыс көлемінде 45 571 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде I топта – 4 586 адам, II топ – 16 534, III топ – 17 629 адам болса, 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны – 6 822 адамды құрап отыр.

Сонымен қатар, мүгедектігі бар балаларға арналған 9 орталықта 415 мүмкіндігі шектеулі балалар арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылғанын атап өткен басқарма басшысы техникалық оңалту құралдарының жекеленген түрлері бойынша облыстық көрсеткіштен төмен көрсеткіштер санаторлы-курорттық емделумен және протез-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету бағыттарында кездесетіндігін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай көрсеткіштер Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу және Шу аудандарында орын алған. Сонымен қатар, кеңесте Еркін Келесов мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында үкіметтік емес ұйымдардың да бірқатар жұмыстар атқарып отырғандығын алға тартып, мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту шараларына тоқталды. Бұдан өзге жиында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлішер Әзімбай мүгедектігі бар балаларды оқыту, оларға жағдай жасау бағытындағы жұмыстарға тоқталып өтті.

Жиын соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып бейімделуі тиіс нысандардағы жұмыстардың қатаң қадағалауда болу қажеттігіне баса мән беріп өтті.

Сондай-ақ, облыс әкімі Тараз қаласындағы 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар бала санының артуына орай №3 психологиялық-медициналық -педагогикалық консультациясын ашу қажеттілігі туындап отырғандығын атап өтіп, нысанның құрылысына қажетті жер телімін қарастыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Нұрболат АМАНБЕК