Жаңалықтар

Ескі су қоймалары тапшылық мәселесін шешіп, тасқынға тосқын бола ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажеттігін ескертті.

«Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет. Сондықтан қарғын суды жинап, дихандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет. Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет» деді Президент Жолдауында.

Қазіргі таңда егістік суару кезеңі аяқталып, ағын су өзен-көлдерге бұрынғы арнасымен қайта түсіп, су қоймаларына су жинау жұмыстары басталып кетті. «Қазсушар» РМК облыстық филиал директорының орынбасары Ғалия Зарубаеваның айтуынша, бүгінгі күні филиалы теңгерімінде барлығы 20 су шаруашылығы нысандары бар. Олардың 7-і су қоймасы, 2-і бөгет, 11-і су торап.

Сонымен басқарма тарапынан атқарылған жұмыстардың барысында республикалық бюджеттен биыл су тасқынының алдын алу және нысандардың техникалық жағдайын жақсарту жұмыстарына 9 гидротехникалық құрылымға 299,4 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 95,7 миллион теңгеге Жиембет, Ойық, Талас, Темірбек су тораптары мен Қақпатас су қоймасында жұмыстар толығымен аяқталған. Қалған 4 нысандағы жұмыстарды жоспарға сәйкес осы жылдың 15 желтоқсанында аяқтау көзделген.

Сондай-ақ, биыл филиал теңгеріміндегі 7 нысанға көп факторлы зерделеу жұмыстарын жүргізуге 193,8 миллион теңге бөлініп, мердігерлер анықталып, жұмыстар жүргізілуде. Зерделеу жұмыстарының аяқталу мерзімі жоспарға сәйкес осы жылдың 10 желтоқсанына қойылған. Бүгінгі күнге барлық су қоймалардың толуы 50 пайызды құраған. Тасөткел су қоймасындағы су көлемі 73 пайыздан асуына байланысты транзиттік режимге көшірілген. Басқа су қоймалардың көлемдері 70 пайыздан асқан жағдайда транзиттік режимге өтеді.

Дегенмен, су саласында шешімін күткен мәселелер жоқ емес. Мәселен, бүгінгі күні сақтық жағдайлары жан-жақты қарастырылып, апатты жағдайдағы су бұру картасы әзірленген. Мәселен, Талас өзені арқылы секундына 100-150 текше метр су тасталған жағдайда елді мекендерді су басудан сақтау үшін «Қазсушар» РМК облыстық филиалы «Талас» су торабынан бастау алатын «Сол жағалау айналма» каналы арқылы бассейнаралық «Талас-Аса» каналымен секундына 8 текше метр су көлемін Аса өзеніне және Талас ауданы «Жиембет» су торабынан төмен орналасқан бассейнаралық «Бөрібай» каналы арқылы секундына 3 текше метр су көлемін Аса өзеніне тастау жұмыстарын атқаратын болады. Ал, Тасөткел су қоймасындағы судың көлемі 73 пайызға жетуіне байланысты транзиттік режимде Шу өзені арнасымен секундына 110 текше метр су тасталуда.

Жауын-шашын мөлшері көбейген жағдайда қойманың көлемін тұрақтандыру мақсатында өзен арқылы су тасталынатын судың көлемі секундына 140 текше метрге дейін ұлғаюы күтілуде. Сондықтан Шу және Мойынқұм ауданының елді мекендеріне қауіп төнуі мүмкін. Шу өзеніне көп су келген жағдайда Шу ауданында орналасқан «ТМК» арнасы арқылы секундына 5 текше метр және ЛМК арнасы арқылы секундына 5 текше метр су қабылдай алады. Алайда, қабылданған су шаруалармен келісіліп егіс алқаптарына жеткізілуі қажет. Сондай-ақ, алдағы жылы өңірде су тасқынының алдын алу мақсатында инертті материалдарға қаржы қарастырылған. Барлық инертті материалдар қаңтар айында мемлекеттік сатып алу порталына жүктеліп, жоспарға сәйкес алынады.

Биыл ауа райы шаруаларға қолайлы, ағын судан тапшылық көрмегенін шаруа қожалық жетекшілері де айтуда.

Жалпы, осыдан бір-екі жыл бұрын Байзақ ауданында Талас өзені бойындағы Ақмола су қоймасын салу жоспарланған. Бұл нысан әлі салынған жоқ. Ол Талас ауданы мен Байзақ ауданының шекарасында орналасқан. Бірақ, Үкіметтің бақылауында тұрған нысан болғандықтан оған тиісті жобалық- сметалық құжаттамасы жасалып, республикалық бюджетке өтінім берілген болатын. Талас өзені бойындағы бұл ара су қоймасына лайықты арна. Оның аумағы 258 гектар алқапты алып жатыр. Судың сыйымдылығы 12 миллион текшеметрді құрайды. Нысанды 2026 жылы пайдалануға беру көзделген. Егер жоба іске асса, Талас ауданындағы 6,5 мың гектар алқапқа су жеткелі тұр.

Қорыта айтқанда, ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Облыстағы су шаруашылығы нысандары әбден тозығы жеткен. Осы жағдайды ескере келіп Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қойма салынады деп айтқан болатын. Соның ішінде Қырғыз Республикасынан суармалы суға деген тәуелділікті жою үшін Жамбыл облысында 3 жаңа су қойма салу жоспарланған. Дегенмен, бұл жобалар жоба күйінде қалып қоймай жүзеге асырылады деген сенімдеміз.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ