Құндылығы мол Құлан, Өнеге тұнған Өрнек...
Ежелгілерден қалған естелік – болашаққа бағыт ұсынып, белгі береді. Тарихты тану арқылы тағылым аламыз. Облысымыздағы Құлан, Өрнек қалашықтары бүгінде зерттеліп, кешегілердің ізін танып, білуге үлкен үлес қосуда. Тарихтың құндылығы өз өңіріміздегі Құлан, Өрнек қалашықтарының ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік «Мәдени Мұра» тізіміне енгенінен де аңғарылады.
Ортағасырлық Құлан қалашығы – ауыл территориясында және оның маңында шоғырланған әртүрлі кезең ескерткіштерінің кешені. Қаланы археологиялық тұрғыдан зерттеу XIX ғасырдың соңында Василий Бартольдтан басталады. Шығыстанушы ғалым Василий Бартольд экспедициясына қатысқан суретші Дудин Тарты (қазіргі Луговой ауылы) арқылы өтіп бара жатып көргенінен жазба қалдырыпты. Ол жазбасында «...Жолды бірнеше қиғаш кесіп өтіп, екі қабатты үлкен төбеге тірелетін онша биік емес ұзын үйінді жалды байқамау мүмкін емес. Төбе элипс тұрпатты және онша терең емес ормен қоршалған. Елді мекеннен және үйінді жалдан шығысқа қарай шақырым жерде бір-біріне параллельді созылған екінші үйінді жалдың іздері кездеседі», – деген. Сонымен қатар, ол көне құрылыстардың қалдығы деп болжанған төбешіктер туралы да жазып кеткен екен.
Музей қызметкерінің айтуынша, сарайдың 7 бөлмесі болған. Бір бөлменің жобасы 5,7/2,8 метр тікбұрыш өлшемдерімен анықталған. Бөлме күмбездің сәкілеріне дейін жоғары қарай санағанда сарай өмірінің екінші кезеңіндегі еденнің деңгейіне 1,4 метр тереңдікте қазба салынған. Бір бөлменің солтүстік қабырғасында 2-ші және 3-ші бөлмеге өтетін үлкен есік орындары сақталған. Сарайдың қорап күмбезді қалған бөлмелеріне қарағанда бұл бөлме дөңгелек күмбезбен жабылған. Күмбез дарбазаға саты пішінді, бұрыштық төрт тірекке (тромптарға) орнатылған. Күмбездің диаметрі оның астында тұрған бөлменің төбесінен үлкен. Сондықтан, қабырғаларының бел ағаштарынан күмбез тіректерінің (тромптарының) түп деңгейінде сегмент тәріздес кішкене жабық беттер пайда болған.
Өрнек те ортағасырлық көне қала. VIII-XII ғасырлардағы Өрнек қалажұрты Алтынсу өзенінің жағалауында, Сұлутөр шатқалында орналасқан. 2011 жылы ғалымдар арнайы құралмен жоспарын түсіріп, координаттарын алған. Ескерткішті 1985- 1986 жылдары Жамбыл облысы тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы мен Ш.Уәлиханов атындағы ТАЭИ-ның тарихи-мәдени ескерткіштер жинағы археологиялық экспедициясы зерттеген. 1992-93 жылдары қалада К.Байпақов бастаған ОҚКЭ-ның жасағы жұмыс жүргізді.
Орта ғасырдан бүгінге жеткен ежелгі қалашық орындары өткеннен дерек берер құнды жәдігер ғана емес, қайта қалпына келтіріліп, абаттандырылса, туризмді дамытуға да үлкен үлес қосары анық. Бай тарихымен танымал облысымыздағы бұл ескі қалашықтар құндылығын жоймайтын мәңгілік мұра.
Қамар ҚАРАСАЕВА