Аймақ

Шырағдандар шаһары

Ортағасырда қос өркениеттің қақтығысын бастан өткеріп, аймақта алғаш Ислам дінінің орталығы болған Тараз қараханидтер дәуірінде астаналық кезеңіне қадам басып, даңқы дүркірей түсті. Дәл осы тұста төрт қақпалы шаһар тарихшылар мен құсни хат иелерінің жазбаларында «Көпестер қаласы» атанып, күміс кен орындары, теңге шығарушы орталықтар мен монша, кәріз су жүйелері, базарлар мен медреселері дамыған шаһар болды. Дін мен ділдің бір ортаға тоғысуы Таразды шырағдандар шаһарына да айналдырған еді.

Шығыстық дүниетанымда шырағдандар ілім мен білімнің символикасына баланып, ақиқат жолды нұсқаушы элемент ретінде кеңінен танылған. Мұны әйгілі «Мың бір түн» хикаяларынан, араб халықтарының ертегілерінен көптеп кездестіруге болады. Ислам дінінің орнығуымен қалыптасқан қолөнер стилі арқылы жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне дендеп енген бұйымның ежелгі қала орнынан табылған қола және қыштан жас алған түрлері бүгінгі күнге жеткен. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған мұндай жәдігерлердің пішіні, өрнектері әртүрлі болып келеді. Сол дәуірдегі авторлар қолтаңбасына зер салып, қолөнершілер қандай да бір бұйымды жасау үшін оған өзіндік болмысын, табиғатын ерекшелеп беруге тырысқанын байқауға болады.

Маманның айтуынша, орта ғасырларға дейін саз балшықтан жасалып келген шырағдандар уақыт өте қоладан жасала бастаған.

Табаны тегіс болып келген бұл шырағдандарда оттың ұзақ уақыт бойы жануының салдарынан тұмсық ұштарында қара ыстың ізі сақталған. Тұмсықтарының екі қапталы және тұмсықтарының арасы орта тұсқа дейін сыртқа шығыңқы етіліп пішімделген және сызықтар түсірілген. Жоғарғы бөлігіндегі арнайы жасалынған қақпақ арқылы шырағданның ішіне ауа кіріп, тұмсықтары арқылы сыртқа шығуын қамтамасыз ету мақсатында қақпақтың жоғарғы бөлігіне бірнеше тесіктер жасалынған. Қақпақтағы тесіктер арқылы шырағдан ішінде ауа айналымы жақсарып, оттың біркелкі жанып тұруын қамтамасыз еткен.

Жалпы айтқанда, Х-ХІІІ ғасырларда жас а лған қола шырағдандарды тек ақсүйек, бақуатты отбасылар ғана пайдаланған. Себебі, жасалу техникасына қарай бағасы да қымбат болған деген болжам бар. Сондай-ақ, тұғырлы қола шырақтар діни салттар мен күнделікті тұрмыста қолданылған. Мәселен, кейбір шырақтардың биіктігі бір метрге дейін жетеді. Аталған шырақт ардың барлық бөліктері безендіріліп, өрнектермен және араб әріптерімен әшекейленген. Бұл дүниелер сол дәуірлерде өңірде сәулет өнерімен қатар, жазу мәдениетінің де қалыптасқанын айшықтай түседі.

 

Нұрболат АМАНБЕК