Шерлі жылдардың шежіресін сақтаған шаңырақ
Осыдан бес жыл бұрын «Жеңіс» саябағындағы «Ерлік» кешенінде Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерейтойы қарсаңында майдангерлерге арналған «Даңқ» залы ашылды. Аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын нысанның бірінші қабаты 1418 күнге созылған тарихтағы ең апатты Ұлы Отан соғысына арналады.
ҰОС-на Қазақстаннан 1 миллион 366 мың сарбаз, оның ішінде Жамбыл облысынан 106 мың сарбаз аттанған. Экспозицияда жамбылдық Совет Одағының Батырлары мен майдангерлердің жеке құжаттары, қарулары, соғыста пайдаланған жеке заттары, майдан хаттары, медальдары мен ордендері, тыл еңбеккерлері туралы мәліметтер және сол кезеңнің құрал-саймандары орын алған. Соғыстың шежіресін айғақтайтын 1,5 миллионнан астам майдан даласында түсірілген суреттер мен тарихи құжаттар «Даңқ» залының қабырғаларында айшықталған.
«Даңқ» залында Ұлы Отан соғысы тарихын баяндайтын 702 жәдігер бар.
Ғимараттың екінші қабатында Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшыларының бірі, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметін зерттеумен айналысатын «Бауыржантану» ғылыми зерттеу орталығы қызмет атқарады. Орталықта 3 жұмыс кабинеті, 1 қор бөлмесі және конференция залы бар. Сондай-ақ, орталықта Бауыржан Момышұлының кітаптары шоғырланған шағын кітапхана орын алған. Сонымен қатар, «Даңқ» залында бағалы жәдігердің бірі – Бауыржан Момышұлының жеке қаруы, яғни маузері мен кобурасы қойылса, соғыс жылдарындағы тарихи сәт, ол Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа жеңіс туын тігу барельефі орын алған.
Қаһарман Қошқарбаевтың осынау ерлігін алғаш болып әлемге әйгілеген мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаев болатын. Ол Бауыржан Момышұлының тапсырмасы бойынша Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі лайықты бағасын алуы үшін көп еңбектеніп, көп ізденді. Қазақ жауынгерінің дәл сол сәттегі әрекетін дәлелдейтін жүзден астам құжатты тауып, көтеріп, шетелдік басылымдарда жариялануына түрткі болды.
Биыл Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай арнайы экскурсиялар мен танымдық сағаттар өткізілуде.
Жалпы, жыл басынан бері 2700-ге жуық келушіге экскурсия жүргізілді. Қазіргі уақытта «Даңқ» залында Ұлы Отан соғысына байланысты әртүрлі форматтағы іс-шаралар және экскурсиялар жалғасуда.
Сондай-ақ, келер 2025 жылы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өту мақсатында іс-шаралар жоспары жасақталып, дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Еркебұлан ҚҰРМАНБЕКОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залының ғылыми қызметкері.