Баспасөзі мықты елдің болашағы жарқын
Жаңа инновациялық технологиялар қарыштап дамып, адамзат баласы төртінші индустриялық кезеңге қадам басқанымен, ақпарат айдынында тұтынушылардың тұрақтылыққа деген сеніміне селкеу түсе қойған жоқ. Сондықтан болар, әлемнің жетекші елдері әлі де медиа кеңістікте баспасөздің басты құрал екендігіне баса назар аударады. Мәселен, Жапонияда жүргізілген соңғы сауалнамаларға сүйенсек, күншығыс елі тұрғындарының 70 пайыздан астамы газет бетіндегі ақпараттың анағұрлым шынайы екендігіне сенетіндігін көрсеткен. Тиісінше, елдегі үздік басылымдардың күнделікті таралымы 10 миллионнан астам көрсеткішке ие болған. Ал, АҚШ-та бұл меже 60 миллионға жеткен. Осыған қарап-ақ, атақты қолбасшы Наполеон Бонапарттың «Төрт дивизияң болғанша, төрт газетің болсын» деген сөзінің өміршең екендігін көруге болады.
Бүгінде «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне облыстық «Aq jol», «Знамя труда» және «Ar-ai» жастар газеті қарайды. Аталған басылымдардың бәрі де хал-қадерінше облыс оқырмандарының рухани игілігі үшін қызмет етіп келеді.
Халықты күнделікті жаңалықтардан құлағдар етіп, билік пен бұқара арасын жалғап, мәртебелі міндетті арқалағандардың алдыңғы шебінде облыстық «Aq jol» газеті де бар. Өңір өміріндегі өзгерістерді үздіксіз жариялап, оқырманның ыстық ықыласына бөленген басылымдар талайғы жылдардың таңбалы шежіресін қалыптастырып келеді. Қаламға серт еткен талай марғасқалар мен жампоздар қызмет еткен облыстың бас үнпарағы бүгінде мемлекеттік саясат пен облыстың тыныс-тіршілігінен хабар беретін танымды да тағылымды материалдарды үздіксіз жариялауда. Тұрғындардың қаперінде жүрген түйткілді мәселелер де тілшілердің назарынан тыс қалмай, басылымның әр санында жарық көруде. Замана көшінен ілесіп, жаңа медиа талаптарына бейімделген газет ақпараттық сайты арқылы да конвергенцияның үздік үлгісін көрсетіп жүр. Сол сияқты, облыстық «Знамя труда», «Ar-ai» газеттерінің де оқырмандарға берері мол. Заман талабына сай басылымдар баспасөздің жарқын болашағына қызмет ету үстінде.
Бүгінде аймақтың үш бірдей басылымын бір ортаға тоғыстырған «Aulieata-Media» серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы бастаған құрам облыс аудандарын аралап, келер жылға жазылым жайын насихаттауда. Жұмыс сапары барысында журналистер жергілікті тұрғындардың пошта қызметіне байланысты талап-тілегін ескеріп, алдағы уақытта өзекті мәселер мен өткір сындар арқылы түйткілді түйіндерді негізгі нысаны ретінде қарастыратындығын жеткізді. Шу, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ, Сарысу және Талас аудандарының тұрғындары да жергілікті БАҚ басшыларына көкейдегі сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды.
Нұрболат АМАНБЕК