Денсаулық

Дәрі тапшылығының алдын алу маңызды

Елімізде келесі жылы 90-шы жылдардан бері болмаған күрделі дәрі тапшылығы болуы мүмкіндігін ескерткен сарапшылар мен дәріхана желілерінің қызметкерлері дабыл қағуда. Оның себебі көптеген дәрі-дәрмектер Еуразиялық одақтың ережелеріне сай еместігінде болып тұр. Еліміздегі 6 926 дәрінің бар болғаны 736-сы ғана Еуразиялық экономикалық одақтың талабына сай, қалғандарына алдағы жылдың соңына қарай тыйым салынбақшы.

Қазіргі уақытта-ақ ауылдық аймақтар түгілі үлкен қалалардағы ірі дәріхана желілерінің өзінде бірнеше дәрілер таптырмайтыны байқалған. ЕАЭО талабының салдарынан келесі жылы елдегі әрбір он дәрінің тек біреуі ғана қалуы мүмкін дейді сарапшылар.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Сенатқа жазған хатында осы проблеманы қозғаған.

Еуразиялық одақ құрылғанға дейін Қазақстан өзінде тіркелген кез келген дәріні шетелден емін-еркін әкеле беретін. Одақ құрылғаннан кейін Мәскеу ЕАЭО құрамына кіретін елдердің бұл саласын да қатаң бақылауына алуға күш салған. Нақтырақ айтқанда, 2014 жылғы 23 желтоқсандағы «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімнің» 20-бабында талап етілгендей, бұдан былай Қазақстан төл ұлттық заңнамасына сәйкес берілген тіркеу куәліктерін тегіс ЕАЭО талаптарына сәйкестендіруі тиіс. Олай етпейінше Қазақстан аумағында дәрілік заттарға ұлттық заңнамасымен берілген тіркеу куәліктері жарамсыз болып қалады. Фармацевтика саласы мамандарының айтуынша, егер Қазақстан қысқа мерзімде тіркеу куәліктерін толығымен ЕАЭО талаптарына сәйкестендірмесе, халқымыз дәрісіз қалуы әбден мүмкін.

Елімізде кейінгі жылдары дәрілік препараттардың күрт азайып кеткені анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген талдау нәтижелері көрсеткендей, республикада бұрын тіркелген 6 926 дәрілік заттың ішінен бүгінде нарығымызда тек 4 476 дәрілік зат қана айналымда қалыпты.

Соңғы 3 жылда тіркелген дәрілік заттардың ішінен Қазақстанға жыл сайын 2 450-ге жуық аталымы енді әкелінбейді. Сонда нарықтық айналымда қалғанының арасында 1 019 дәрілік зат отандық, тағы 3 457 дәрілік зат шетелдік өнім. Одақ талабының кесірінен қазақстандықтар шетелдік түгілі, қазақстандық дәрі-дәрмектердің басым көпшілігінен айырылып қалуы мүмкін.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА