Аса қауіпті АИТВ азайып келеді
Өмірге аса қауіпті адамның иммун тапшылығының вирусына шалдыққандар саны өткен жылға қарағанда азайып келеді. Елімізде биылғы 10 айда 3193 адам АИТВ инфекциясымен тіркелген. Өткен жылғы осы кезеңде 3242 жағдай орын алған екен.
Ең көп таралған аймақ – Алматы қаласы, онда 575 жағдай, содан соң Астана қаласында 362, Қарағанды облысында 340 жағдай тіркелген. Ал, біздің облыста биылғы 10 айда 93 жағдайы тіркеліпті.
Облыста ең көп 46 жағдай Тараз қаласында тіркелген. Содан кейін Шу ауданында 10 және Қордай ауданында 7 жағдай.
Бас дәрігердің айтуынша, диспансерлік есепте 1005 науқас тұр. Соның ішінде 8-і 14 жасқа дейінгі балалар. Ал, 237-сі есірткіні инъекциялайтындар, 60-ы бас бостандығынан айырылғандар, біреуі шетелдік болса, 148-і ИЕҚА «Д» есепте тұратындар, оның 55-і келген, 56-сы кеткен, 26 кісі қайтыс болған. Бағлан Жарылқасынұлы биылғы 10 айда анықталған АИТВ-инфекциясының 93 жағдайының 92-сі есепке алынғанын айтты.
Қамар ҚАРАСАЕВА